Болашақ келіннің болжамы

Болашақ келіннің болжамы
жеке
блог

«Шымкент жақтың келіні болудан сақта, Құдай!»
Оралдың қызы

Болашақ келіннің болжамы
(немесе Оралдың қызына)

Ата салтын ұстайтын жан ем берік,
Тек келіндер ұғатын әлемге еніп,
Біз де бір күн жүрерміз босағада
Жаулық тағып үлкенге сәлем беріп.

Мен де өзгедей жаманды жанап өтем,
Ал жақсыны бағыма балап өтем.
Қай серінің басына бақ боп қонып,
Қай өңірге келін боп барар екем?

Өмірімнің өкпе артпайм жолдарына,
Әкетсе де Талдының қорғанына
Жетісудің келіні болсам нетті?
Өз елімнен аспасам болғаны да...

Өмірдің қиыны көп, жеңілі жоқ,
Бұл қаланың ертеңгі сенімі көп.
Алматыда қалсам да арманым жоқ
Алатаудың сүйікті келіні боп.

Тереземді торыса тағы да мұң,
Жарымды таппай текке жаңыламын.
Сүйген ерім жүр десе, толтырамын
Тарих тұнған Тараздың шаңырағын.

Арудың болды емес пе жанса бағы,
Көңілім әлдеқандай ән салады.
Арыстың ағынымен оралсам да,
Оңтүстігім қуанып қарсы алады!


Жанымды ластады әбден жұғынды мұң,
Шын ұғып түсінеді сырымды кім?..
"Ағашы жоқ" өңірге сая болам
Қызылордадан тігілсе шымылдығым.

Ханзадам келер бәлкім бақ жебеген,
Ақ бозат болмаса да ақ кемемен.
Аллаға ақ тілегім ақтарылар,
Ақ жаулығым бұйырса Ақтөбеден.

Көңілдері бекерге босамасын,
Қарындасы қалдырса қос ағасын.
Табылдының әнімен өсер ұлым,
Атыраудың аттасам босағасын.

Кетсем егер сезімге сенімі көп,
Ақтауда туған ұлдың серігі боп.
Жүре берем мұңайлар мұңайтпаса,
Кәрі Каспий жерінің келіні боп.

Қазір көктем, алдыда тосады күз,

Уақыттың алдында адам осалымыз.

Қос қанаты бақыттың түгелденер,

Қостанайға әкетсе қосағымыз ,

Айтпас едім «Нем бар деп ерте кетіп?»
Есілдей ерім болса желкен етіп,
Нұрекеңнің еркесі болған қала
Мені де жүрер бәлкім еркелетіп.

Жар болмаса жүректе жара сыздар,
Ертең мені ұзатып саласыздар.
Оқжетпестен ойып бір орын алсам,
Көкшетауға құда боп барасыздар!

 Ұзатса туғандарды жинар халқым,
Сыңсуда наз бар және күй бар жарқын.
Ұзаққа ұзап ұшып қанат қақсам,
Қызылжар қызындай қып сыйлар, бәлкім.

 Көңілімде тұр әлі қара құлып,
Жүрегімде жатқан жоқ нала жібіп.
Сүйсем шын, кетер ем жүр десе егер
Қарағанды жақтан кеп қара жігіт.

 Көңілімді көтерер лезде менің,
Қиялым - ойымдағы кезбелерім.
Аяулы сіңілдерім, таң қалмаңдар:
Жезқазғаннан болса егер жезделерің!

 Өмірді бұзбаса егер сүреңсіздер,
Болашақтың боларын білерсіздер.
Павлодардың ұлына жолдас болсам,
"Керекулік келін", - деп жүрерсіздер.

 Өңірім сағынса, егер, ән жолдасын,
«Алысқа кетпе!» деген заң болмасын.
Болса да суық кетем Өскеменге,
Суымаса болғаны жан жолдасым.

Мен кейде ойға батып отырамын,
"Семейдің ассам ба?.." деп атырабын.
Бақыт қой бала-шағам басып өтсе,
Абай жатқан өңірдің топырағын.

Болашақтан жасалған сонау кемем,
Орал жаққа әкетсе «Орал!» демен.
Жыр бар жақтан қалайша жырақтайын,
Ақындардың өлкесі Орал деген.


Осыменен доғардым жоруымды,
Тілі мен иманы сау қоңыр үнді,
Алла, маған нәсіп ет тек әйтеуір
Қазақтың ғана жары болуымды!

14.07.2012. Алматы, 20.35.

"Ау, өзіңді өзі сонша жарнамалағың не?" деп пікір жазудан бұрын жақсылап түсініп алғаныңыз дұрыс сияқты менің айтпағымды. (Алла жарнамасыз-ақ бағымызды жандырар...)))Тек "Шымкентке бармаймыз", "анау-мынау" деп жүрген қазақ қызына алтыннан сырға таққым келген құлақтарына)

Болды...