УАҚЫТЫҢДЫ УЫСЫҢДА ҰСТА

УАҚЫТЫҢДЫ УЫСЫҢДА ҰСТА
жеке
блог

     Жер бетінде мәңгі жүретіндей күйде болатынымыз жалған емес. «Уақытымды қалай жұмсап жүрмін?» деген сұрақты өзімізге жиі қоймайтынымыз да рас. Үнемі үлкендердің күрсініп қойып айтатыны да уақыттың зымырап өтіп кететінінен хабар беретін әңгімелер. Сол үлкендерді күрсінтіп қойып, зымырап өтіп бара жатқан уақыттың қадіріне біз, жастар жетіп жүрміз бе? Арайлап таң атады, манаурап күн батады. Ал біз не ойлап жүрміз? Таңның атқаны –  күніне миға келіп кетіп, қайталана беретін жетпіс мың ойдың арпалысына салып қояды. Күннің батқаны – ұйқыны ойлатады. Адам – арпалыс пен ұйқының арасында жүру үшін өмірге келмеген болар. Уақытты үнемдеу, ойды реттеу қазіргі дамыған заманның ең актуалды мәселесіне айналып отыр. Жүйелі уақыт – адамзат жетістігінің бір кілті десек, артық айтпаған болар едік. 

     Өзім пайдаланып жүрген уақытты үнемдеудің алты жолын ұсынамын:

1.     Жүйелі ұйқы. Адам дұрыс демалуға, ұйқысының қанық болуына көңіл бөлмесе, құрып қойған жоспары да бекер болады. Кез келген уақытта ұйқының ығына жығыла салуы мүмкін. Сондықтан ұйқының жүйелі болуын назарда ұстау қажет.

2.     Мақсатты анықтау. Өзінің неге қызығатынын, өзіне не қажет екенін білмейтіндер көп. Не істейтінін, не істеп жүргенін, істегенінен алған сабағын білген адам уақытын дұрыс жүйелей алады.

3.     Артық дүниеге уақытты құртпау. Ақпаратқа толы заманда өмір сүрудеміз. Әлемде не болып жатқанын білу де әп-сәтте. Сол ақпараттың қажеті де, миды шаршататыны да бар. Шектен тыс, қажет емес ақпаратқа жоламаған жөн.

4.     Балансты ұстау. Кез келген нәрсенің шегін білу керек. Ұйқының да, демалудың да, жұмыс жасаудың да, серуендеудің де, қыдырудың да белгілі бір шегі бар. Сол шекараны білсек, балансты сақтасақ, уақытты көп нәрсеге жеткізуге болады.

5.     Пунктуальность. Келісілген кездесуге кешікпей бару, өзгелердің де кешікпеуін өтіну қажет. Өзінің уақытын бағалай алатын адам – ешқашан өзгенің уақытын алмайды. Сабақтан, жұмыстан берілген тапсырмаларды дәл уақытында орындауымыз қажет.

6.     Мінсіздікке ұмтылмау. Адам уақытының ең көп бөлігі бір дүниені мінсіз жасаймын деген ұмтылысымен кетеді. Әлем – мінсіз емес. Ешкім ешқашан мінсіз бола алмайды. Уақытты болымсыз дүниелерге құртпаған абзал.

     Уақыттың қадірін білетін адам – бүкіл адамның қадірін біледі. Бүкіл адамның қадірін білетін адам – өз қадіріне жетеді. Адам өміріндегі ең құнды, қайталанбас дүние уақыт екенін есте ұстауымыз керек. Жоғарыда көрсетілген алты жол өз уақытымды біршама жүйелеуге, босқа өткізбеуге көмектесіп жүр. Уақыт жайлы ой салсын деген ниетпен осы жазбамды ұсындым. Бүгінгі күннің ешқашан қайта келмейтіні әр сәт жадымызда болғай.

                                                                                                    Гүлзамира Даулетияр