Әбу Насыр әл-Фарабидің этикалық философиясының мәні мен маңызы

Әбу Насыр әл-Фарабидің этикалық философиясының мәні мен маңызы
жеке
блог

Әбу Насыр әл-Фараби - Шығыс перипатетизмінің негізін қалаушылардың бірі. Әл-Фараби «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атап кеткен. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды. Әл-Фараби сонымен бірге әлеуметтік-қоғамдық және этика саласына да қатты көңіл бөлген. Оның философиялық және әлеуметтік-саяси көзқарастары Шығыс және батыс елдерінде философияның қалыптасуы мен дамуына үлкен әсер етті. Оның ұзақ тарихы бар мұрасын зерттеу, ең алдымен, мұсылман парадигмасы аясында жүргізілді. Кейбір мұсылмандық бағыттағы зерттеушілер оның философиялық көзқарастарын толығымен исламдық деп бағалады және оны мұсылман философиясының негізін қалаушы деп санады, ал басқалары (мысалы, Әл-Газзали және оның ізбасарлары) оны өз көзқарастары мен ілімдері бойынша оны дінтанушы деп санады.

Осындай шашыраңқылыққа байланысты Әл-Фараби философиясын бағалауда Әл-Фарабидің көзқарастарын объективті және мұқият зерттеу және оның философиясының жалпы, азаматтық (әлеуметтік), әсіресе шынайы бағытын анықтау қажеттілігі туындайды. Осылайша, зерттеу тақырыбының өзектілігі, ең алдымен, Әбу Насыр Әл-Фарабидің философиялық және қоғамдық-саяси көзқарастарының объективті мағынасын анықтау қажеттілігіне байланысты.

Риза Давари өз кітаптарында Әл-Фарабидің қоғамдық-саяси көзқарастарын зерттеп қана қоймай, оның метафизикасына, логикасы мен этикалық іліміне де көңіл бөлген. Мұның бәрі маңызды өмірбаяндық мәліметтермен расталады. Автор Платон мен Аристотельдің көзқарастарын, олардың көзқарастарының жалпы және керемет сәттерін қарастырады. Сонымен қатар, Риза Давари әл-Фарабидің практикалық философиясының кейінгі мұсылман философтарына әсері туралы да айтады. Әл-Фарабидің еңбектерінде айтылған дінге қатысты жазылған ойлары мен мәселесі де Риза Давари тарапынан зерттелді.

Алайда, Әл-Фарабидің саяси және этикалық көзқарастарын білдіре отырып, аталған автор оларды талдауға аз көңіл бөледі. Сондай-ақ, әл-Фарабидің әлеуметтік-саяси идеяларының кейінгі философтарға әсері туралы айта отырып, Риза Давари әл-Фарабидің қандай идеяларын кейінгі философтар алған, қолданған және дамытқанын көрсетпестен, осы аспектіні жалпылама түрде түсіндіреді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Риза Давари. Фороби муассиси фалсафаи ислами. Тегеран, 1983.

2.Зебехулла Сафа. Хаким Фороби. Гуфтор дар бораи Абу Насри Фороби. Тегеран, 1353х.

3.Назирзаде Ф. Услуб ва мабадии фалсафаи сиесии Фороби. Тегеран,1386х.(на пер. яз.)

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Сейткерім А.Б.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, философия ғылымдарының кандидаты

Жанатаев Д.Ж.