«Ихсан ілімі» насихатталды

«Ихсан ілімі» насихатталды
жеке
блог

Ағымдағы жылдың 16-қыркүйек күні Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ГМ-172/10 мекемесінде діндар сотталушылар (экстремизм және терроризм баптарымен жазасын өтеушілер) арасында «Ихсан - рухани тәрбие негізі» кітабы таныстырылып, «Ихсан ілімі» ннасихатталды.

Шараға ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Ануар Елжанов пен «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының теолог маманы Азамат Төлепов шақыртылып, мекеменің теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобының инспекторы, әділет лейтенанты Булатбеков Серіктің қатысумен өтті.

Ануар Ізімбайұлы:   «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей атсалысуымен дін мен салт-дәстүр сабақтастығы туралы көкейге қонатын кітаптар көптеп шығып жатыр. Бұл өте құптарлық, қуанарлық жағдай.

Діни басқарманың негізгі міндетінің бірі – мұсылман тәрбиесін беру. Осы ретте айтатыным, мүфтият өз міндетін ойдағыдай атқарып келеді. Оның жарқын мысалының бірі – қолымызға тиген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы. Бұл кітап адам баласын тәрбиелеуге, Хәкім Абай айтқан «Толық адам» концепциясына негізделген» - деп «Ихсан ілімі» жайлы мағлұмат берді.

Азамат Нұғманұлы:«Аллаға шүкір, Тәуелсіздік жылдарында шариғат ілім­дерінің негізі болып саналатын сенім, фиқһ, тарих сынды салалар халқымыздың діни сара жолын нақ көрсете білді. Ендігі жерде бізге қажеттісі – рухани жан дүниеміздің өзегіне айналған тәрбие ілімі. Мұны біз Ихсан ілімі дейміз. Ихсан сөзі жақсылық жасау деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы ма­ғынасы кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау дегенге саяды.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да өз өсиет­терінде адамның ең биік дұшпаны нәпсісі екенін ес­кертіп, бойдағы жағымсыз, жа­ман қасиеттерді тәрбиелеу керектігін көп насихаттаған.

Абай атамыз бір сөзінде: «Егер де есті кісілердің қата­рында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» – деп адам баласын өтіп бара жатқан өз өміріне үңілуді өсиет еткен», – деп лебіз біл­дірді.

Кездесуге қатысқан жазасын өтеуші азаматтар өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, белсенділік танытып, «Ихсан ілімі» жайлы тұщымды жауаптарын алды.