Қазақстан құрамасы: "қыркүйек синдромынан" арылдық па?
жеке
блог

Қазақстан құрамасы: "қыркүйек синдромынан" арылдық па?

Қазақстан футбол құрамасы қыркүйек басталғалы үш ойын өткізді. Екеуінде азулы қарсыластарымен тең ойнады. 1 қыркүйекте Украинамен ойнап, 90+6 минутта жеңілістен құтылып кетті. 8 қыркүйекте де осы жағдай қайталанды. Босния және Герцеговинамен ойында 1:2 есебімен ұтылып тұрып, 90+5 минутта гол соқты. 

Сіздер білесіздер ме, жоқ па, біздің құрамада "қыркүйек синдромы" деген ауру бар-тұғын. Ол сонааау 2004 жылы қыркүйекте басталған-ды. 2004 жылы 8 қыркүйекте қазақстандықтар УЕФА туы астындағы тұңғыш ресми матчын Алматыда Украинаға қарсы өткізді. Стадионда ине шаншар орын болмады. Жанкүйерлердің ессіз қолдауы құлшыныстарын арттырды ма, футболшыларымыз Украинадан зәредей де кем түспеді. 90-минутта есеп 1:1 боп тұрған-ды. "Еуропадағы тұңғыш ұпайымыз алақанға түскелі тұр" деп сене бастаған шақта, қонақтар гол соғып кетіп, тұңғыш ұпай ол күні бұйырмады. 

Арада тура бір жыл өткен соң Қазақстан құрамасы осы іріктеу циклында Грекия құрамасын қабылдап, 53-минутта Нұрбол Жұмасқалиевтің соққысынан соң есеп ашты. 78-минутта қонақтар сапынан Стелиос Яннакопулос есепті теңестірді. 86-минутта Карпович алаңнан қуылды да, қалған минуттарды Қазақстан қорғаныста өткізді. Онысы пайда бермеді, 90+3 минутта Никос Либеропулостың голы гректерге жеңіс әперді.

Бұдан соң да қыркүйек айларында Қазақстан құрамасы бірнеше кездесуде соңғы минуттарда ұпайдан айрылып жатты.

2009 жыл. 14 қыркүйек. ӘЧ-2010 іріктеуі. "Астана Аренадағы" тұңғыш ресми ойын. Хорватияны қабылдап, 90+3 минутта гол жіберіп алдық, 1:2

2010 жыл. 7 қыркүйек. ЕУРО-2012 іріктеуі. Зальцбург қаласында Қазақстан құрамасы Аустриямен ойнады. 90-минутта есеп 0:0 боп тұрған-ды. Бірақ төреші қосқан уақытта Аустрия екі гол соғып кетті.

2011 жыл. 3 қыркүйек. ЕУРО-2012 іріктеуі. Қазақстан құрамасы сырт алаңда Түркиямен кездесіп, 90-минутта есеп 1:1 боп тұрған-ды. Бірақ төреші қосқан жетінші (!) минутта Арда Тұран гол соғып кетті, 1:2.

2012 жыл. 7 қыркүйек. ӘЧ-2014 іріктеуі. Қазақстан құрамасы "Астана Аренада" Ирландияны қабылдап, 90-минутта 1:0 есебімен алда тұрды. Бірақ төрешінің соңғы ысқырығына дейін екі гол жіберіп алды.

2015 жыл. 3 қыркүйек. ЕУРО-2016 іріктеуі. Қазақстан футболшылары сырт алаңда Чехиямен ойнады. Ойыннан 87-минутында есеп 1:1 боп тұрған-ды. Осы минутта чехиялық Дочкал біздің қақпаны дәл көздеп, Қазақстан маңызды бір ұпайдан айрылды.

2018 жылы 10 қыркүйекте сырт алаңда Андоррамен ойнап, 86-минутта гол жіберіп алды (1:1).

2019 жыл. 9 қыркүйек. ЕУРО-2020 іріктеуі. Сырт алаңда Ресеймен кездесіп, 90-минутта есеп 0:0 боп тұрды. Бірақ ресейліктердің бразилиялық легионері Марио Фернандес гол соғып кетті.

2020 жыл, 7 қыркүйек. Қазақстан - Беларусь. Ұлттар лигасы. Ғафуржан Сүйімбаев 87-минутта қақпашыға доп лақтырды, бірақ қақпашыға жетпей Лисакович іліп әкетіп, гол соқты. Қазақстан ұтылып қалды — 1:2.

2021 жылдың қыркүйегі ерекше болды. Тағдыр бізге қарызын қайтарғысы келді ме, әйтеуір футболшыларымыз соңғы секундтарға дейін айқаса алатындарын бір аптада екі рет дәлелдеді.

Енді қазан айындағы ойындарды үлкен үмітпен күтеміз.