ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАДІРІНЕ ҮҢІЛСЕК...
жеке
блог

ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАДІРІНЕ ҮҢІЛСЕК...

 Абай қазақтың әдебиетінде қайталанбас ерекше стильді қалыптастырған ұлы тұлға. Неге десеңіздер, Абай Құнанбайұлы өз туындыларында шындық пен ақиқаттты басты назарда ұстау арқылы үлкен әлеуметтік әрі өзекті тақырыптарды қазбалап, қоғамындағы ащы шындықтың су бетіне қалқып шығуына себепкер болды. Әсіресе Абай атамыздың қара сөздері жоғарыда айтылған ойымызға дәлелдеуді қажет етпейтін нағыз дәлел болып табылады. Ұлы ақын өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Міне, шығарманың көркемдігін, әдемілігін емес, халыққа пайдасы мен өзектілігін басты ұстанымға алу-оның өзгеден ерекше даралығы.

 

 Абайдың қара сөздері құрғақ сөздерден емес, өмірлік тәжірибеден құралған прозалық шығарма. Бұл туралы Абай атамыздың  қара сөздерінің әлқиссасы саналатын бірінші қара сөзінде: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.», -деп  айта кеткен. Әр қара сөздері  ащы шындыққа, шыншыдыққа, насихатқа  және асыл сөздерге толы.  Мәселен, Абай атамыздың жетінші қара сөзінде біз бен сіз болып елемей жүрген   бос күлкі жайында сөз қозғалды.  Бұл қара сөзі арқылы біздерге күлкі өзі бір мастық екенін ,күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр қалатынын , уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қылу керек екенін ,сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек екенін локгикалық түрде шебер жеткізе алды. Бұл туралы Абай Құнанбайұлы :« Әрбір орынды мінез өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!» ,-деген екен.

 Енді жетінші қара сөздің қадіріне тоқталсақ,  жан мен тәннің құмарлығы жайлы сөз қозғалады. Себебі бұл тақырып қай заманда болсын, өзектілігін жоғалтпаған. Жанның емес тәннің құмарлығын бірінші орынға қоятын адамзаттың қатары көбейіп келе жатыр. Мұндағы жанның құмарлығы дегеніміз-білсем,көрсем,оқысам деген адамдар, ал тәннің құмарлығы дегеніміз- ішсем, жесем, ұйықтасам дейтін адамдар.  Бұл туралы жетінші қара сөзінен үзінді  келтірсек: «Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» - дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.»  Иә, бұл қазіргі қоғамның бейнесі. Құдай тағаланың өзі адамдарды оқысын,білсін дегендей хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан. Бұл адам баласы мен хайуанның басты айырмашылығы. Бұл артықшылықты қолдана алмасақ , құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?  Сондықтан  Абай атамыз айтқандай, тәннің құмарлығына емес, жанның құмарлылығына аса мән беруіміз керек.

 

 

 Адам баласы ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Бұл мәселе де Абай атамыздың  он төртінші қара сөзінің басты тақырыбы ретінде алынды. Иә, расында да кедейшілікке салынып не маскүнемдікке салынған адамдардың бәрі ақылсыздығанан азған жоқ.  Бұл жайында Абай атамыз: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі - пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?» ,- деген екен.

  Абай атамыздың отыз жетінші қара сөзінің орны тіпті бөлек. Себебі бұл қара сөзде ұлы тұлғаның адамзаттың рухани құндылығына айналған нақыл сөздері көрініс тапқан.

1.Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.

2.Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың.

3. Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жа?

4.Бақпен асқан патшадан

Мимен асқан қара артық;

Сақалын сатқан кәріден

Еңбегін сатқан бала артық.

5.Жаман дос - көлеңке:

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың;

Басыңды бұлт алса,

Іздеп таба алмайсың.

 Міне, қара сөздің қадіріне үңіле білсек, қаншама тәлім тәрбие жатыр, қаншама шындық жатыр, қаншама асыл сөздер жатыр. Оның кіршіксіз, таза адами құндылыққа жетелейтін дәл осы қара сөздері көптеген адамның  тұлға болып қалыптасып, өмірге деген көзқарасынын түбегейлі өзгеруіне септігін тигізеді. Ендеше, қара сөздің қадірін білу және Абай атамыздың өшпес мұрасын көзіміздің қарашығындай сақтау- біздің басты парызымыз болғай!