"Славян базарын" дүрліктірген бес октава
жеке
блог

"Славян базарын" дүрліктірген бес октава

2021 жылғы "Славян базары" халықаралық фестивалі де мәреге жетіп, қазақ халқының жеңісімен аяқталды. 22 жастағы Рухия Байдүкенова гран-приге берілетін "Алтын Лира" жүлдесін жеңіп алып, еліміздің атағын аспандатты.

Рухия Байдүкенова — 1998 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап өнер мектебінде вокалмен айналыса бастаған. Тұңғыш халықаралық жүлдесіне 2010 жылы "Ақ көгершін" байқауында қол жеткізіп, екінші орын алды. Кейін "Бозторғай" (2011), "Ғұмырдария" (2012), "Жас қанат" (2014), "Еуразия жұлдыздары" (2015), "Астана даусы" секілді байқауларда да жарқырады.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық Университетінің үшінші курс студенті. Сондай-ақ "Егіз-лебіз" шоуында музыкалық әрлеуші боп та жұмыс істейді. Даусының диапазоны бес октаваға еркін жетеді.

Айтпақшы, бұл фестивальга Димаш Құдайберген құрметті қонақ ретінде шақырылып, қазылар алқасында болды. Өз отандасының жеңіп шыққанына тілектес болғанын да жасырмады.

Рухия — аталмыш додада топ жарған төртінші қазақстандық. Естеріңізде болса, 2014 жылы Димаш, 2019 жылы Әділхан Макин жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ 2015 жылы балалар арасындағы байқауда Луиза Нұрқуатова жеңіп шыққан.

Енді жер-жерлердегі қазақ отбасыларында Рухия атты сәбилер дүниеге келетінін даусыз. 

ТАРИХТАН ТЕБЕРІК

"Славян базарының" әуелгі атауы — "Витебскідегі поляк әндері фестивалі". 1988 жылғы бірінші концерт тіпті жоғары деңгейде болды, сол кездегі КСРО басшысы Михаил Горбачев те жеңімпаздарды арнайы құттықтады. 1990 жылы соңғы рет өткізілді, себебі келесі жылы одақ тарап, экономика қиындап, байқау жайлы ойлауға ешкімнің шамасы келмеді. Есесіне байқау ұйымдастырушылары баға жетпес тәжірибе жинап алды. 

Сол тәжірибенің кейін пайдасы тиді. Витебскінің мәдениет саласындағы қызметкерлер 1992 жылы-ақ "Поляк әндері фестивалін" қайта жандандыруды қолға алды. Байқаудың ауқымын кеңейту үшін енді "Славян базары" деп атауды ұйғарды, ережелері де өзгерді. Нәтижесінде 1992 жылы 18 шілдеде байқау жаңа форматпен бастау алды. Содан бері үзіліссіз өткізіліп келеді.