Романтика өлмепті, қыздар! ))

Романтика өлмепті, қыздар! ))
жеке
блог

Бір аптадай болды, біздің подъезден бір жігіт айналсоқтап шықпай жүр. 

Жылы жымиған әдемі қыздың суретін көрсетіп:

-Мына қызды көрмедіңіз бе, осы үйде тұрады дейді ғой,- деп әркімнен бір сұрайды. 

Менен де сұрады:

-Kesh You деген топты білесіз бе, бұл қыз сол топта ән айтады,-деді айфонының бетінде тұрған қыздың жансыз бейнесін сипап өтіп.

-Kesh You-ді білемін, ал бұл қызды... Көрмеген екем...

-Ал бұл жер түнде жарық бола ма?

-Иә, әлбетте.

-Маған көмектесесіз бе? Мен оған тосын сый жасайын деп едім!

-Хм... 

Бұл жігіттің көзсіз ғашықтығынан қауіптеніп, бас тарттым. 

Таңмен ұйқылы-ояу пәтерден шықсам, подъезд құлпырып кетіпті. Қызылды-жасылды шарлар мен  ақ қағаздар толып тұр. Қағазға не жазылған екен? "Періштем, мен сенімен біргемін, үнемі ізіңмен жүрем". Иә, қағазда осы сөздер. Құдды кинодағыдай дерсің.

Құдды ертегідегідей. Төменгі қабаттардың бәрі де осылай көркемделген. Романтика!

Эх... Романтика...

Жұмысқа көтеріңкі көңіл-күймен келдім. Бейне бір әлгі көрініс маған арналғандай... Жоқ, мен ес-түссіз ғашық ете алатын арулар мен махаббат жолына жанын пида етуге даяр мәрт ерлердің бары үшін қуандым. Нағыз ғашықтыққа куә болғаным үшін шаттандым. 

Күні бойы сол энегриямен жүріп, кешке подъезге кірсем, подъезд бұрынғы жұпыны қалпына түскен. Таңертеңгі қызылды-жасылды шарлар да, аппақ қағаздар да қанат байлап беймәлім жаққа ұшып кеткендей...

Құрбымның да көңіл-күйі ерекше. Үйге кірген бойда:

-Таңертең шарларды көрдің бе?-деді.

-Әрине.

-Әдемі иә? 

-Иә, өте әдемі!

-Қалтаға да көп салмақ түсірмейді. 5 теңгенің шарлары мен 5 теңгенің ксерокөшірмесінен өткен қағаздар. Есесіне, қаншама қызға қуаныш сыйлады! Ал біздің Пәленше мұндайдан мақұрым...

Қуанып тұрып, жігітін де бір сыбап өтті.

- )))

Расымен романтика өлмепті... ))