Дударай әнінің шығу тарихы

Дударай әнінің шығу тарихы
жеке
блог

Тақырыпқа арқау болған осы бір әнді көбіміз жақсы білеміз. Бірақ, бұл ән қалай шықты? Оның авторы кім? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік. Жалпы, «Дудар-айдың» үлкен махаббаттан, ғашықтықтан туған ән екені белгілі. Ол көптеген өнер зерттеушілерінің назарына іліккен туынды.

1920 жылы Затаевич ел аузынан «Дудар-ай» әнінің бірнеше нұсқасын жазып алған. Тіпті, бір нұсқасын Ғани Мұратбаев беріпті. Енді біреуін Әміре Қашаубаевтан алған. «Дудар-айдың» фор­масы, жасалу жолы мен тәсілі халық әндеріне ұқсайды деп жатады мамандар.
Ән орташа екпінмен «Мәриям Жагор деген орыс қызы» деп асықпай басталады. Сөз қадірін білген адам бұл жолды Дударға ғашық болған Мәриям емес, үшінші жақтан басқа бір автордың баяндап тұрғанын бірден ұғады. Содан кейін келетін: «Он алты-он жетіге келген кезі» деген екінші жолында да қыз жөнінде ақпар беріліп, алдыңғы ойымызды нақтылай түседі. «Дудар-айым дудым, бір сен үшін тудым, шіркін-ай, Дудар-айым дудым-ай» деп келетін шумақта қазақ жігітіне ғашық қыздың сезімі бейнеленіп, ішкі сыры көрініс табады. Әсіресе, «қор болып, бір жаманға кетке­німше, алдымнан қазулы көр табылсайшы» деген жолдардан Мәриямның сезімі шынайы екенін көруге болады.


Кеңестік кезеңде бұл әнді кейіпкерінің өзі шығарды деп жүрді. Сезімге толы эпос пен лиризм астасып жатқан «Дудар-айды» шынымен Мәриям шығарған ба? Жарайды, ғашық болды, сезімін өлеңмен өрбітіп әнмен жеткізді дегеннің өзінде қазақтың халық әніне тән иірімдерді бойға сіңірген мынадай туындыны 16-17-ге енді келген орыс қызы шығарды дегенге көпшіліктің көңілі сене бермейді екен. Тіпті, әннің шығу тарихына ғылыми баға берген, «Дудар-ай» операсын жазған атақты композитор Евгений Бру­силовскийдің өзі осы пікірде болған. Ол «Дүйім дүлдүлдер» деген хикаясында «Бұл ән талассыз Арқа композиторларының біреуінің әні екеніне сенемін, өйткені, ән табиғаты кең ты­нысқа, шалқар диапазонға құ­рыл­ғаны өз-өзінен көрініп тұр.


Бұрын «Дудар-айды» Рыкина Мария Егоровна шығарды деп айтылса, енді оның нағыз авторы белгілі болды. Ол әншілік, серілік өнерімен аты шыққан Үлебай Әнетов екен. Бұл жайында Қазақ энциклопедиясында айтылады. Сонымен қатар, республикалық «Айқын» газетінде Төреғали Тәшеновтің «Осы жұрт Үлебайды біле ме екен?» атты мақаласы басылып шыққан екен. Сол уақытта басылым жан ақтан хат келген. Арасында Өркен­деу ауылынан хат жазған Рақым­берген Қозыбағардың деген кісі болған. Оның айтуынша «Үлебай ақын 1966 жылы өмірден өткен. Оқымаған, хат танымаған жан болыпты. Ал, Ас­тана қаласының Көктал тұр­ғын алабының Жаңақоныс көше­сінде тұратын жасы сексеннен асқан Сағындық Байұзақұлы деген ақсақал да Үлебайды білетінін жазған. Әннің тарихын білетіндердің айтуынша, Дүйсен деген әнші, домбырашы дударбас жігіт екеуі дос болған. Әндегі Дудар-ай осы Дүйсен. Екі дос сол аймақтағы ойын-сауықтың ажарын ашып, көркін қыздырған. Бір күні екеуін Садырбай деген жерге алтыбақанға шақырып, Ұялы ауылынан төтелей өтіп бара жатқанда, алдарынан шық­қан 15-16 жастағы орыс қызына кез болады. Бұл Мәриям еді. Қызға екі замандастың да көңілі ауады. Екеуі ақылдаса келе қыз қайсысын таңдаса, соған келіс­пекші болады. Сөйтіп, қызға сөз салғанда ол Дүйсенді таң­дайды. Дүйсен үйленейін десе, ағайындары қарсы болады. Бі­рақ, табандылық танытқан Дүй­сен Мәриямға үйленеді. Көп ұзамай, Дүйсенді ағайындары ұрып-соғып алып кетеді. Осы арада екеуінің арасында хат тасушы Үлебай болған көрінеді. Ол екеуінің хатын да өлеңмен өріп жеткізеді. Міне, «Дудар-ай» әні осы кезде туады. Үлебай ол әнді ағайындары Дүйсенді екінші қайтара алып кеткенде Мәриямның атынан шығарған. Бұл әннің бар шындығы осы. «Дудар-ай» – Үлебайдың туындысы. Бұған енді ешкімнің таласы бола қоймас.