DigitADAL: цифрлық партиялар дәуірінің бастауы!

DigitADAL: цифрлық партиялар дәуірінің бастауы!
жеке
блог

Бүгінгі әлем – ғаламат цифрлық экожүйе, оның көмегімен адам өміріне қажетті процестер, яғни жұмыс пен бос уақытты ұйымдастыру, ақпарат пен деректер базаларына қолжетімділік, мемлекеттік қызметтерді алу т.б.шаруалар оңайлатылады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ұялы байланыстың 25,5 млн сим-картасы тіркелген. Демек, елдегі әрбір ересек адамның бір немесе бірнеше мобильді байланыс көзіне, сәйкесінше интернетке қолжетімдігі бар.

Мемлекет және бизнес-қоғамдастығымен қатар ең консервативті қоғамдық институт саналатын саяси партиялар да трансформациялану, нақтырақ айтсақ, цифрландыру үдерісіне аяқ басты. Қазақстанда партиялар арасында «ADAL» – дижиталды алғаш қолға алған партия атанды. Партиялықтар бүгін  түбегейлі жаңа цифрлық өнімдерді таныстырды, бұл өнімдер арнайы мобильді қосымшалар мен IT платформалар арқылы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға негізделген.

Сайлауалды науқанда  «ADAL» партиясы ел тағдырына бей-жай қарамайтын креативті, жас саясаткерлердің қоғамдастығы ретінде танылды, олар электораттың белгілі бір бөлігінің қолдауы мен сүйіспеншілігіне лайықты түрде ие болды. Жас партияның Мәжіліске өтпей қалуына қарастан, адалдықтар жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен.

«Елде сайлау науқандары арасындағы саяси өмірдің тынышталып қалатын кезеңдегі практика енді келмеске кетті. Бүгінде сайлауда тіркелген 6 саяси партия да азды-көпті белсенділік танытып жатыр. Мәжілісте партияаралық кеңес құрылып, жұмыс істеп жатыр, партиялардың бәрі заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына қосылған. Бәріміз бірге алдағы ауыл және ауылдық округтеріне әкімдерді сайлау науқанына белсенді дайындалып жатырмыз.

Сайлау кезеңінде 300 мыңға жуық адам партиямыздың мүшелері мен жақтаушылары болғаны белгілі. Адамдардың сенім білдіруі мен жауапкершілік «жүгі» әрекет етуге қамшылайды. Біз партия жұмысын түбегейлі трансформацияладық. Қазіргі кезде жұмыстың жүйелі тәсілдер мен цифрлық технологияларды қажет ететін кезеңі. Жаңа міндеттер аясында біз білім мен біліктілігі бар адамдарды жұмылдыруды жалғастырудамыз. Маған сеніңіздер, жұмыс барлығына табылады», – деді «ADAL» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Құқықтық статистика комитетінің мәліметтері бойынша 2020 жылы жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдарға мәселелердің 58 санаты бойынша 1,5 млн өтінім жіберген.

«Келіп түскен өтінімдердің 65%-ы: жұмыспен қамтылу, кірісті арттыру, жерге қолжетімділік, мемлекеттік қолдау шаралары, әділ сот, әкімдіктерге шағым түсіру, тозығы жеткен, ескі баспана, мемлекеттік регламенттердің шамадан тыс реттелуі, жемқорлық мәселелеріне қатысты. Өз мәселесінің шешілуіне мұқтаж адамның өтініші назарға алынды ма? Күмәнім бар! Мемлекеттік органдардың жауаптарында керексіз шарттылық басым», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Біз жергілікті атқарушы органдардың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы жұмысы жеткіліксіз деп санаймыз.

«Тұжырымдама азаматтардың барлық құрылымды сұраныстарына жедел әрі тиімді әрекет етуді көздейді. Біз осы бағытта «AdalAzamat» цифрлық өнімін ұсынуға дайынбыз, бұл жоба көмегімен барлық елді мекендегі әкімдерге тұрғындардың түйткілді мәселелерін тұрақты түрде жеткізіп отыруға болады, жоба барлық деңгейдегі бюджетті тиімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, жоба аясында белсенділік танытқан азаматтарды ынталандыру жүйесі ойластырылған, олар әр жарияланған мәселе үшін бонус, лайк алады. Жиналған ұпайларды партия атрибуттарына айырбастауға болады. Неғұрлым белсенді азаматтарды қолдаудың басқа да шаралары қарастырылған. Егер мемлекеттік органдар мәселені шешуге атсалысса, халықпен айтарлықай жедел жұмыс атқару үшін оларды  «back end» бөлігімен қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл жерде өзара мүдделілік танылуы тиіс», – деп санайды Эльдар Жұмағазиев.

 «ADAL»  партиясының цифрлық экожүйесі тізбегінде жаңа 6 өнім бар (қолданыстағымен 9):   «Adal Azamat», «Adal Live» іске қосылған, «Adal Qamqor», «Adal Sauat». «Adal Market» және «Adal Info»  әзірлену үстінде. Әр өнімнің өзіндік бірегейлігі бар, барлығы бірге құндылықтардың жүйесін түзеді, келешекте осы цифрлық шешімдер көптеген мұқтаж адамдарға өздерін және отбасыларын «лайықты» асырауға мүмкіндік беретін қажетті дағдыларды қалыптастыруға жол ашады. Қазіргі таңда елімізде түрақты кірісі жоқ 4 млн-нан астам адам бар.

 Ең аз дегенде 2 млн адам тұтынушылық несиелер бойынша 90 күннен асқан мерзімі өткен қарызы бар. Осы бағытта азаматтарға қаржы негіздері, құқықтық сауаттылықты оқытатын арнайы жоба «Adal Sauat» платформасы әзірлену үстінде.

«Сонымен қатар біз («ADAL» партиясы) кәсіпкерлерге жеңілдікті несиелер кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы курс аяқтаған соң берілетін «Еңбек» бағдарламасына ұқсас норманы енгізу бойынша ұсыныс дайындап жатырмыз. Демек жекелеген санаттағы азаматтарға қаржы сауаттылығы курстарын оқымаса, жеңілдікпен несиелер берілмеуін сұраймыз. Бұл мәжбүрлі шара екені түсінікті», – дейді Эльдар Жұмағазиев. 

Ал «Adal Qamqor» жобасы мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың мақсатты тобын қамтиды.

«Өмірден алынған мысал – көпбалалы ана 7 бала тәрбиелеп отыр, оның 2-уі церебралды сал аруына шалдыққан. Отбасы ай сайын 90 мың теңгені құрайтын жәрдемақы алады. Міне, отағасы тастап кеткен отбасының бар табысы осы. Демек, өзгелердің көмегінсіз, отбасы, ең болмағанда, толыққанды тамақтана алмайтыны түсінікті. Біз «Adal Qamqor» жобасы арқылы осы отбасы мен ұқсас проблемалары бар отбасыларды күнделікті минималды азық-түлік пакетімен қамтамасыз еткіміз келеді. Олар ара-тұра емес, күн сайынғы қолдауға мұқтаж. Пилоттық жобаны Нұр-Сұлтан қаласынан бастаймыз, елордада осындай 160 отбасы бар, ары қарай жоба аясында бүкіл елді қамту көзделген», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Тұрғындар мәселелер туралы айтады, кері байланысқа шығады, ал қосымша мемлекеттік органдардың назарын аударатын құралға айналады. Ал азаматтардың «Adal Azamat» платформасында дауыс беруі – мәселелердің шешілуінде басымдықтарды белгілеп, әкімдіктерге бюджетті неғұрлым тиімді қалыптастыру және бөлуде бағыт береді.