Цифрландыру жағдайында IT-архивист-құжаттанушы мамандарды даярлау
жеке
блог

Цифрландыру жағдайында IT-архивист-құжаттанушы мамандарды даярлау

      Қазақстандық қоғамды ақпараттандыруға және елдің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын  цифрландыруға және ақпараттық қоғамда қуатты серпіліс жасауға бағытталған «Ақпараттық Қазақстан - 2020», «Цифрлы Қазақстан», «Архив-2025» мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылданды.

      Цифрландыру  мемлекеттің стратегиялық даму басымдығы болып табылады. Қазіргі таңда республикада цифрландыру жүйесін қарқынды жүзеге асырып, енгізуде. Соның ішінде білім беру саласын цифрландыру алдыңғы қатарда жүргізіліп жатырған шаралардың бірі болып отыр. Білім беру саласын цифрландыру дегеніміз білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру. Цифрлық технологиялар дегеніміз ақпараттарды жылдам тарату, қоғамды қажетті құжаттармен қамтамасыз етуде  қолжетімділік мәселелерін шешудегі  заманауи құрал. Қазір бұл үрдіс архив және іс жүргізу салаларында өзінің оң шешімін табуда. Яғни, цифрландыру  - архив құжаттарын  көшірмелеу, қағаз түріндегі құжаттарды электрондық түрге біртіндеп ауыстыру, осы бағытта құжаттарды тездетіп өңдеуде оларды құру, енгізу,  сонымен қатар сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бірыңғай электронды архив құжаттары» атты ақпараттық жүйесін қалыптастыру да қолға алынды. Соңғы жылдары цифрландыруға байланысты болып жатқан өзгерістер білім беру бағдарламаларында көрініс табуда. 2019 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде магистратура бөлімінде жұмысберушілермен бірлесе отырып «IT Архивтану және құжаттану» атты жаңа білім беру бағдарламасы іске асырылады. Білім беру бағдарламаның негізгі мақсаты- құжаттану және архивтану саласында  IT-ны қолданудың терең дағдыларын меңгерген, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын ескеретін, жоғары әлеуметтік құндылықтарға бейінділік танытатын, басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, электрондық құжат айналымы, инновациялық технологиялар негізінде архив құжаттарын жинақтау, жүйелеу, сараптау және есепке алу, сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыруға қабілетті ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау.

     Қазіргі уақытта Ресей мемлекеттік гуманитарлық  университетімен қос дипломдық оқу бағдарламасы іске қосылуда.  2016  жылы екі университет арасында «Басқармалардағы және архивтердегі электронды құжаттармен жұмыс істеудің теориясы мен тәжірибесі» атты  бірлескен магистрлік бағдарламасының жүргізілуі туралы қосымша келісімге қол қойылды. Осы шартқа сәйкес  мамандықтың магист­ранттары аталмыш жоғары оқу орнында қос дипломды білім алу мүмкіндігіне ие бола алады. Аталған білім беру бағдарламалары білім алушылардың күнделікті және кәсіби қызметте  ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сенімді, тиімді және қауіпсіз таңдау және қолдану қабілеті білімді, шеберлікті, жауапкершілікті үздіксіз игеруге негізделген цифрлық құзыреттіліктерді қалыптастырады. Сондықтан,  архив ісі  және құжаттаманы басқару салаларында, электронды архивтің және құжатайналымының  ішкі құрылымы мен оның құжаттарының мазмұнын,  құрамын толықтай меңгерген цифрландыру үрдісін игере алатын ІТ мамандар қажет. Яғни, жеке тұлғаны дербес, әлеуметтік, кәсіби ұтымды шешімдер қабылдайтын,  бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, кәсіби тұрғыдан машықтандырылған  «IT-Архивист-құжаттанушы» сынды жаңа бағыттағы мамандарды даярлау - заман талабы.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

тарих факультетінің проф.м.а. т.ғ.к.  Алпысбаева Н.К.

Архивтану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды

қамтамасыз ету мамандығының 2 курс магистранты  Сыдықова Г.    




Жұлдызды блогтар