ҚазҰУ - менің мақтанышым

ҚазҰУ - менің мақтанышым
жеке
блог

Әлемге әйгілі философ Әбу Насыр ибн әл-Фарабидың құрметіне қойылған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті еліміздің ішіндегі бірінші қатардағы жоғарғы оқу орны болып есептеледі. Қазір Қазақстан Республикасының ірі білім және ғылыми орталығы болып табылады.

1934 жылы университетіміздің іргесі қаланды. Сол уақыттан бастап әлемдік білім беру жүйесінде өз ұстанымын жақсартып келеді. 1991 жылы университет адамзаттың екінші ұстазы атанған, түркі әлемінің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленді. 2001 жылы еліміздің алғашқы ұлттық университеті мәртебесін алды. Осы кезеңде барлық мамандық халықаралық талаптарға сай «бакалавриат-магистратура» бойынша екі сатылы білім беру жүйесіне көшіріліп, университеттің құрамында ғылыми-зерттеу институттары мен технологиялық паркін құру жөнінде маңызды іс-шара­лар атқарылды. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде ректорлар Мейірхан Әбділдин және Көпжасар Нәрібаевтың қажырлы еңбектерін ерекше атап өткен жөн. 2003 жылы ҚазҰУ Орталық Азия жоғары оқу орындары арасынан алғашқы болып Болонья қаласындағы Университеттер­дің Ұлы Хартиясына қол қою арқылы еуропалық білім беру кеңістігіне кірді. Ал 2006 жылы жоғары білім берудегі сапа саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды. Бірқатар оқу бағдарламаларына халықаралық сертификаттау жүргізілді. Осы кезде ҚазҰУ қалашығын кеңейту мен көркейтудің екінші құрылыс кезеңі басталды. Сол кезде университетті басқарған Төлеген Қожамқұлов пен Бақытжан Жұмағұлов осы шаралардың барлығын жүзеге асыруға үлкен үлес қосты.

Жалпы даму бағыты халықаралық білім беру стандарты бойынша қабылданған.Университет жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі білім, ғылым, рухани-тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. Университет құрамында 14 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, Технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары университетте қызмет атқарады. Университетте көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша 20000 студент білім алуда. ҚазҰУ-де көпсалалы білім беру жүйесі қалыптасқан: жоғары базалық білім (бакалавр дәрежесі), жоғары профессиональды білім (магистр), аспирантура және докторантура. ҚазҰУ мемлекеттік білім беру гранттары және келісім бойынша студенттерді қабылдайды. Университет 180-нен астам мамандықтарды даярлайды.

 

Орындаған: Кырымжанова Еңлік

Жетекшісі: Шарыпқазы Нұртәліп