Заманына қарай «Жайдарманы»
жеке
блог

Заманына қарай «Жайдарманы»

«Жайдарман» – әзілсүйер жастарды шыңдаған орта. Көптеген актер-актрисалардың, кинорежиссер, сценаристердің мансабының бастауы болған қасиетті әзіл мекені – осы Жайдарман. Бірақ қазір жайдарманның көрермендері саусақпен санарлықтай азайып кетті. Бұған түрткі болған жайт не? Әзіл-сықақтың қазіргі деңгейі қандай? Бүгінде әзілсүйер қауымның сұранысы қандай?
2000 жылдардың басынан бері қазақ және өзге ұлт жастары Жайдарман сахнасында өнер көрсетіп, әзіл алаңында бақ сынасып келеді. Атар болсақ, 2001 жылы Шымкенттік «Өзіміздің жігіттер» құрамасының жоғары лиганы жеңіп аяқтауы мен 2019 жылы Ақтөбелік «Фемида» командасының жеңімпаз болу аралығында, 19 жыл көлемінде Жайдарман сахнасында жүздеген топ әзіл-сықақтың шаршы алаңына түсті, соның тек таңдаулылары ғана ұтымды әзілімен көрерменді өздеріне баурап алып, жоғары лиганың жеңімпаздары атанды.
Қазір қарасақ, өткен жылдардағыдай көрермен көңілінен шығатын топтар аз. Бұның себебін көрерменнің сұранысының төмендеп кетуінен іздейміз бе? Әлде командалардың дайындығының аздығынан, әзіл жаза алмай халыққа арзан әзіл ұсынуынан іздейміз бе? Не болмаса бұны құнсыз әзілдерді маңызды ойындарға өткізетін редакторлардан көреміз бе?
Қазіргі командалар жеңіл-желпі әзілдермен көпке ұмтылады. Мәнді, мағыналы, салиқалы әзілдермен көрермен жүзіне күлкі ұялататын командалар санаулы. Жалпы көрерменді өзіне тәнті еткен командалар бұрыннан белгілі «Назар аудар», «Сағыз», «Байдың балалары», «Күлтегін», «Арал-АС», «Сырдария» және «Аягөз құрамалары. Бұл топтар қоғам мен саясат турасындағы өткір тақырыптарды қозғап, халыққа ұтымды әзілдерді асқан тапқырлықпен, шеберлікпен ұсына білді. Көтерілген тақырыптар көрерменнің жүрегіне жетті, себебі елдегі шындықты әшкереледі. Ойыншылардың батыл қадамдары, қазақ жұртының көкейінде сайрап жатқан уайымы мен мұң-наласын жеткізе білуі әділ қазылардың да назарына ілікпей қоймады. Әрине, мұндай артықшылықтарымен олар сөзсіз көрермен жүрегінен орын алды, «Жайдарман» тарихында өз есімдерін қалдырды.
Енді «Жайдарман» сахнасындағы қазіргі командаларға қарасақ, қарнымыз ашады. Естіп-көретін әзілдердің түгелі дерлік тұрпайы, ұят ұғымынан аттаған құнсыз әзілдер. Өнерсүйер, мәнді әзілсүйер қауым үшін «Жайдарманның» бүгінгі күнгі күйі мүшкіл тартқан. Нәтижесінде бүгінде «Жайдарманның» көрермендері санаулы әрі басым бөлігі жасөспірімдер. Ал жастарға мәнді әзілдердің керегі шамалы, оларға күлкіге негіз сөз болса болғаны. Сонымен бұрын лық толып отыратын көрермендер залына адамдар ендігі арнайы өтінішпен шақырылатын болған.
Салдары «Жайдарман» көрермендерін өзіне қайта жинау үшін бұрын аларын алып, жетеріне жеткен құрамаларды, өз алдына қалыптасып, өз жолын тауып кеткен әзілкештерді әр маусымына қайталап шақырады. Болмаса, қазіргі жас құрамалардың орта және егде жастағы көрермендерді қызықтырары шамалы.
«Жайдарман» әзіл-оспақты қолдана отырып, қоғам ішіндегі мәселелерді ашуға, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды сақтауға, дамытуға шақырады. Біздегі ой – осы мақсаты мен болмысынан «Жайдарман» жастары айнымаса...