Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» идеясы және оның қатерлі мазмұны
жеке
блог

Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» идеясы және оның қатерлі мазмұны

Кеңес өкіметі орнағаннан бері оның мінберінде отырған қайраткерлердің ешқайсысынан қазақ халқы мейірім көрмеді. Кеңес үкіметінің бастауындағы қай-қайсысын айтсақ та, олардың көздегені қазақ жерін иелену, халқын мәңгүрттендіріп түпкілікті жойып жіберу болды. Аталмыш мақсаттарына жету үшін әр қилы қанаушылық саясаттарды ұстанды, ұлт ұстанымына кереғар әрекеттер жүргізді. Соның бірі де залымы – большевик Голощекиннің «Кіші Қазан» идеясы.


1925 жылы 1933 жылға дейін Филипп Исаевич Голощекин БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің 1-хатшылығына бекітілген болатын. Ол Қазақстанға келісімен қазақ ауылдары үшін «Кіші Қазан» идеясын көтерді. Осы ұран аясында ұжымдастыру саясаты жүзеге асырылды: ірі байлар мен
және феодалдардың малын тәркілеу науқаны жүргізілді. Голощекин бұл саясатты жүргізуде өрескел қателер жіберген болатын, себебі «Кіші Қазанның» салдары өте ауыр болды. Жедел әрі қатаң ұжымдастыру, онымен қоса отырықшыландыру, урбанизациялау саясаты жаппай ашаршылыққа әкелді. Тарихта бұл оқиға қолдан жасалған аштық және қазақ жұртына бағытталған жасанды геноцид ретінде бағаланады.

Қазақтың басына түскен нәубеті аз болғандай, 1926 жылдан бастап Ресейден қазақ жеріне орыс шаруалары мен мұжықтарын көшірту күшейді. Қазақтар табыс көзінен, азығынан және төл жерінен айырылды. Сол жылдары миллиондаған қазақ аштан, қанаудан қырылды, тірі қалған бөлігі тау асып, шет жағалап Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Иран сынды өңірлерге босып кетті. Халықтың қамын ойлап, жағдайын күйттеген ұлт зиялылары мен мемлекет қайраткерлеріне нақақтан-нақақ жала жабылды.
Оппозициялық бағытты ашық ұстанғандары түрмеге тоғытылып, оққа ұшты. Ал екінші бір бөлігі шетел асып, елдегі ауыр жағдайдың буы басылмайынша, өзге елде сүріп, халқын шеттен бағдарлап отыруға мәжбүр болды. Осы кездері ұлтаралық қатынастар да нашарлады.

Орыс үкіметінің басында болған қайраткерлердің жүргізген саясаттары бір жақты, яғни бір тарапқа ғана тиімді болды. «Кіші Қазан» секілді саясаттар жүргізілгенде қазақ халқының онсыз да мүшкіл жағдайы мен істің
салдары есепке алынбаған. Аталған жайт өткен тарихтың еншісінде кеткенімен, қазақтың жас өскелең ұрпағы өз тарихын қандай да болмасын қалпымен білуі абзал.