Қазақстандағы Лас-Вегас

Қазақстандағы Лас-Вегас
жеке
блог

Қапшағай – осыдан 50 жыл бұрын негізі қаланған жас қала. Ол республикадағы көлемді ойын зонасы болуымен және Қапшағай су қоймасымен танымал. Қала Алматыдан 70 километр қашықтықта орналасқан. Онда 60 мыңнан астам әртүрлі ұлт өкілдері өмір сүреді.

Қала тарихы 1969 жылдан, Іле өзенінде су қоймасы мен ГЭС-тің салынуынан бастау алады. Іле өзеніне бөгет қойылғаннан кейін қазіргі Қапшағай су қоймасының орнындағы Іле қазақ ауылын су алады. 5 мыңнан астам адам 1970 жылдан бері Қапшағай қаласы аталып келе жатқан Жаңа Іле ауылына көшірілді.

Наталья есімді Қапшағай тұрғыны қала жайында, ондағы ойын-сауық, жұмыс жайлы айтып берді. Сонымен қатар, қалада жайлы тұруға болатындай соманы атап айтып берді. Алматымен арада айырмашылық та үлкен емес.

Тұрғындар және қала жайында

Қапшағай – өзінің казиноларымен және демалыс орындарымен белгілі туристік қала. Адамдарының көбі аталған салалармен айналысады. Басым бөлігі сатушылар, дәрігерлер, мұғалімдер және администраторлар.
Қапшағай шағын қала болғандықтан, мұндағы адамдардың бәрі дерлік бір-бірін таниды. Көшеге жүргенде таныс бір адамды кездестірмей қалу мүмкін емес. Парк және жағажайда адамдар өте көп шоғырланады. Кешкі және түнгі уақыттарда жағажайда отырып жұлдыздарды анық көруге болады, таңның рауандап атуы мен күннің еңкейе батқан көрінісін тамашалауға болады.

Тұрғын үйлер бағасы

Мұнда тұрғын үй табу Алматыға қарағанда оңай әрі арзанырақ. 2 бөлмелі пәтерді сатып алу 8 миллион теңгеге түседі.
Қалада көптеген адамдар туристерге болсын, тұрғындарға болсын пәтерді жалға береді. 1 бөлмелі пәтерді жалдау айына 60-80 мың теңгені құрайды. Тәулік сайын жалдау құны пәтер жағдайы мен жағалаудан қашықтығына байланысты 4000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін барады.

Қоғамдық көліктер жайлы

Қапшағай – кішігірім қала. Метро, трамвай мен троллейбустар қалаға қажеті аз болғандықтан жүрмейді. Қала тұрғындары жаяу, таксимен, өз көлігімен және қоғамдық көліктің жалғыз түрі автобуспен қатынайды. Жол ақысы 70 теңгені құрайды, мектеп оқушыларына 40 теңге. Қала бойынша таксимен қатынау бағасы 300-350 теңге көлемінде.
Қалада әуежай жоқ, дегенмен Алматы секілді өзге қалаларға пойызбен жете алатындай вокзал бар. Оған қоса қалааралық жүретін автобустар бар. Мысалға, Алматыға дейінгі жол ақысы 500 теңге. Әдетте мұндай автобустар арнайы уақыт кестесі бойынша жүреді.

Материал www.the-village-kz.com сайтынан аударылып алынды.