ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КУРОРТТЫҚ АЙМАҚТАРҒА КІМДЕР БАРАДЫ?

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КУРОРТТЫҚ АЙМАҚТАРҒА КІМДЕР БАРАДЫ?
жеке
блог

        Айналадан тынығып, денсаулыққа көңіл бөлгіңіз келсе демалыс іздеп кетесіз. Сізге бұл орайда курорттық аймақтар, шетелге саяхат көмектесуі мүмкін. Сонымен, елдегі ішкі туризмнің хал-жағдайын талқылап көрейік.

 

КУРОРТТЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ОРТАША БАҒАСЫ

       Курорт - климаты ыңғайлы және табиғи емдік факторлары бар, профилактикалық мекеме. Курортқа жеке тұлғалар, шетелдік азаматтар, сондай-ақ жұмыс орны арқылы жолдама алғандар және емдік квотамен келгендер демала алады. Ашық деректер порталының мәліметінше, 2020-жылы елімізде он тоғыз курорттық аймақ жұмыс істеген. Курорттық аймақта демалудың бір тәулікке орташа құны 8000 теңгені құрайды. 

Раиса Байшақызының пікірінше, курорттық аймақта баға қымбат:

- Былтырғы жылы балаларым жолдама алып беріп, Сарыағашта 10 күн ем алдым. Өзімнің зейнетақым курортта жатуға жетпейді ғой. Меніңше баға тым қымбат. Жағдай жаман дей алмаймын, бірақ өз бағасына лайықты емес. Қызмет көрсету сапасы да төмен. Бұдан кейін барғым келмей қалды. 

Қазақстандағы орташа зейнетақы бағасы 57622 теңгені құрағанын ескерсек, зейнеткерлердің бір айлық ақшасы 7 күн демалуға ғана жетеді (жол шығынын есептемегенде). 

КУРОРТТЫҚ АЙМАҚҚА КІМДЕР БАРАДЫ? 

      2020-жылдың бірінші тоқсанындағы мәлімет бойынша курорттық аймаққа келген жүз адамның біреуі шетелдіктер. Ел тұрғындарының әр төртіншісі іскерлік және кәсіби сапармен дем алуға келсе, шетелдіктердің әрбір төртіншісі ғана өз ақшасымен демалуға келеді екен. Шет елдік азаматтардың аз келуіне курорттық аймақтардағы қызмет көрсету мен сапа әсер еткен болуы мүмкін. Себебі, курорттық аймақтардағы 1422 қонақ үйдің небәрі он екісі 5 жұлдызға ие. Әрбір бесінші қонақ үйде ғана мейрамхана жұмыс істейді. 

Алматы тау кластері

       Курорттық аймақтар арасында Қазақстандықтардың баруы бойынша көш бастап тұрған - Алматы тау кластері болса, соңында Байқоңыр туристік аймағы тұр. Алматы тау кластері -  Турген, Ақ Бұлақ, Oi-Qaragai Lesnaya Skazka, Табаған, Бутаковка, Пионер, Көкжайлау, Шымбұлақ, Қаскелең аймақтарындағы тау локацияларын қамтиды. Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы тау кластерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. 2019-жылы Алматы әкімдігінің бастамасымен Австрияның «Master Concept» компаниясы мегаполис айналасы мен алматылық агломерацияның 2030 жылға дейінгі тау кластерін дамытудың шеберлік-жоспарын жасаған еді. Биылғы жылы тау кластерін дамыту барысында Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев мың шақырымнан астам тау бағыттары цифрландырылғанын айтқан болатын. Оның ішінде жалпы ұзындығы 500 шақырым болатын 36 бағыт абаттандырылған екен. 

      Шетелдік азаматтардың келуі бойынша да Алматы тау кластері ерекше жоғары көрсеткішке ие. Олардың 90 % Алматы тау кластерін таңдаса, қалған 5%-ы Маңғыстау курорттық аймағын таңдаған. Бұл екі аймақтың да өзіне тән ерекшеліктері бар, ол биік тауы мен қарт Қаспий. 

 


КОРОНАВИРУС КЕЛУШІЛЕР ҚАТАРЫН АЗАЙТТЫ МА? 

        Қазақстан үшін 2020-жыл Covid-19 пандемиясының өршіген кезеңі болды. Барлық жұмыстар тоқтап, онлайн режимге көшті. Бұл ішкі туризмге қалай әсер еткенін білу үшін статистикалық мәліметтерге жүгіндік. Карантин режимі шет елге шығуға мүмкіндік бермегеннен соң ба, ішкі туризм айтарлықтай төмендемеген. Сырттан келушілер болса алдыңғы жылға қарағанда 4 есеге азайған. 

 

 

 

 


       Кей сарапшылар 2020-жылды ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік деп қарастырды. Яғни, шетелде демалғанды жөн көретін қазақстандықтар назары Қазақстанның өз ішіндегі саяхатқа қарай бұрылады деді. Бұл орайда ішкі туризмді дамыту керек деген ұсыныс та айтылған болатын: 

- Ішкі туризмнен көп табыс түспейтіні белгілі. Бұл турфирмалардың шетелден келетін қонақтар мен басқа елдерге саяхаттайтын қазақстандықтардың есебінен тауып келген ақшасына жетпейді. Бірақ бұл жағдай ішкі туризмді нығайтады. Шетелдік қонақтарды күтіп алуға жұмыс істеп келген компаниялар бүкіл білімі мен технологиясын ішкі туризмді дамытуға жұмсаса, бұдан қазақстандық туристер көп ұтар еді, - дейді саяхатшы, тревел-блогер, QazaqGeography экспедициясын ұйымдастырушы Нұржан Алғашов.

КУРОРТТЫҚ АЙМАҚТАР КІМДЕРГЕ ТИЕСІЛІ? 

      Еліміздегі бұл курорттық аймақтардың 100 ден екеуі ғана мемлекеттің меншігінде екен, он қонақ үйдің сегізі жеке меншіктікі. Сонымен қатар, қонақ үйлердің бір пайызы шет елдіктердің иелігінде тіркелген. 

 

 

     Ал, сіз курорттық аймаққа соңғы рет қашан бардыңыз?