Қоғамдағы мүгедектің күйі

Қоғамдағы мүгедектің күйі
жеке
блог

Қоғамда орын алатын проблемалардың ішіндегі ең қауіптісі, әрі елді кедейлікке, құлдырауға әкелетін түрі әлеуметтік масылдылық болып табылады. Кәмелет жасқа толмаған, қарт, мүгедек, жұмысқа қабілетсіз адамдарды және асыраушысыз қалған отбасыны қажет дүниемен қамтамасыз етуді – әлеуметтік масылдылық деп атайды. Ал қалыптан тыс әлеуметтік масылдылық феномені еңбекке қабілеті бар, денсаулығы жақсы адамдардың өзгелердің көмегіне жүгініп, солардың есебінен өмір сүруге ұмтылу сипатында қолданылады. Бұл қоғам дамуын тежеп, оны тіпті тоқырауға әкелмек. Себебі, аталмыш проблема елдің ұстанған жүйесі мен даму бағытынан бөлек халықтың мәдениетіне, ділі мен дініне байланысты. Масылдылық  кедейлік, халықтың психологиялық ерекшеліктері, әлеуметтік теңсіздік, мемлекет саясаты аясында зерттелуі керек. Әлеуметтік масылдылық мәселесін қоғамдағы теңсіздік жағынан қарастырып көрейік.

Қазақстан дамушы елдердің қатарында болған соң елдің тұрақсыз экономикасы мен әлемдегі пандемияның әсерінен республиканың әлеуметтік құрылымы біртіндеп күрделі өзгерістерге ұшырап жатыр. Егемендік алғалы бері біздің әлеуметтік құрылымда жаңа таптар, топ пен жіктер пайда болды. Ал қазір адамдардың табысы мен қаржылық жағдайына байланысты қоғамда стратификация мен теңсіздік күннен күнге күшеюде. Республиканың әлеуметтік саясаты экономикалық қиын жағдайларға байланысты халықтың аз бөлігінің ғана қызығушылықтарын қанағаттандыра алады. Сол себепті халықтың көп бөлігі әлеуметтік қорғауға мұқтаж. Олардың ішінде мүгедектігі бар жандардың мәселесі бірінші орында. 

Қоғамда мүгедектерге қатысты мәселе көп. Өкінішке орай, мүгедектігін ресми мекемелерге тіркете алмай дал боп жүргендер де жетерлік. Жұмыспен қамту мәселесіне келсек, әкімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыр жұмыстар, денсаулыққа зиян, қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын есепке алмай жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындарын құрып, мүгедектерді кәсіптік оқытуды ұйымдастыруы керек. Алайда мүгедектердің көбі жалақысы жақсы, еткен еңбегіне лайықты жұмыс таба алмай жүр. Бұған дәлел ретінде Қызылорда облысы әкімінің мүгедек адамдардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нұрмұрат Ермановтың сөзін келтірсем:

-         Біздің елімізде мүгедектердің құқы қорғалып жатыр деп айта алмаймын. Басқасын былай қойғанда мүгедек адамдарды жұмысқа орналастырудың 3 пайыздық квотасының өзі орындалмайды. Заңның осы талабы сақталған жағдайда олар қоғамның бір мүшесі ретінде өзін еркін сезініп, ешкімге алақан жаймай-ақ өзін-өзі тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік алар еді. Қазір жасыратыны жоқ олардың контор жағалап жүрген 1 пайызы ғана үкіметтен бірдеңе алады. Үйінде отырғандар қолдаудан тыс қалған. Тіпті әлі күнге дейін өзінің мүгедектігін ресми органдарға дәлелдей алмай жүргендер де бар. Мемлекеттің мүгедектікті анықтауға қатысты қолданыстағы заңнамасы бойынша қолы жоқ, аяғы жоқ адамға да, не қолының бір саусағы немесе аяғының бір башпайы жоқ адамға да мүгедектік дәрежесін белгілеген кезде үшінші топты береді. Онымен қоймай қолы, аяғы жоқ адам оның өзін дәлелдеу үшін әр 5 жыл сайын қайта тексеруден өту керек. Жоқ нәрсе ешқашан қайта өспейді ғой. Бұдан кейін ерекше қажеттілігі бар адамдарға барлық жағдай жасалған деп қалай айтасың. Олар өзінің білімін, тәжірибесін, кәсіби біліктілігін, шығармашылық қабілетін қоғам игілігіне пайдаланып, оның көркейіп, дамуы үшін үлес қосуға дайын екенін қалай көрсетіп, дәлелдейді?

Мемлекетіміздің қалалары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін енді ғана біртіндеп икемделіп жатыр. Ал қиындықсыз өтетін туризм тіпті арманға айналған. Ауыл тұрмақ қалаларда пандустар тапшы. Көбіне мүгедектерге арналған көтергіштердің тросстары үзілген, одан адамдар зардап шегіп те жатады. Жедел жәрдем машиналарында арнайы лифт (подъемник) жоқ, бір жаққа шығайын десең такси де аз. Автобус жүргізушілерінің кейбірі бар жоғы 2-3 минуттық жұмысты ауырсынып, мүгедектер үшін пандусты тартуға ерінеді. Сонымен қатар, тіпті Алматының өзінде де барлық қонақ үйлерде мүгедектерге лайықты нөмірлер қарастырыла бермейді, әр қонақ үйде тек бір нөмір бар. «Алма-Ата әйелдер клубы» қоғамдық ұйымының төрағасы Бент-Анат Бейсембаеваның сөзінше метрода барлық көтергіштер істен шыққан, ал
жедел хабарласу үшін орнатылған телефондар жауап бермейді.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайы мүлдем нашар.  Балаларға арналған арнайы интернаттарда бала саны тым көп, мекемелер санитарлық нормаларға сай емес. Ал кадрлардың жетіспеушілігі бөлек әңгіме. Сонымен қатар, мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның «ешкімнің өзгені азаптауға немесе қатыгездік көрсетуге, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс жасауға құқығы жоқ» деген 15-бабы осындай мекемелерде бұзылады.

Жаңалықтан мүгедек балаларға қатысты жасалған кемсітушілік, қатыгез қарым-қатынас туралы хабарды естіп жаның түршігеді. 2014 жылы ЮНИСЕФ зерттеушілері мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін қызметкерлер арасында сауалнама жүргізіп, олардың 56% -ы басқа қызметкерлердің балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылықтың куәсі болғанын анықтады.

Қорытындылай келе, біздің қоғамда мүгедектердің мәселесі әлі күнге дейін түзелмегенін айтқым келеді. Қазақстанда мүгедектерді дискриминациядан және олардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шаралар қабылданған. Алайда, қолымыздағы деректер үкіметтің атқарып жатқан жұмысының төмен дәрежеде екендігін көрсетті. Егер мемлекет мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификацияласа мүгедектер мәселесі әлде қайда тез шешілер еді.