Жас ҒАЛЫМДАР ҚАШЫҚТЫҚТАН БАС ҚОСТЫ
жеке
блог

Жас ҒАЛЫМДАР ҚАШЫҚТЫҚТАН БАС ҚОСТЫ

      Жас ғалымдарды қолдау, ғылымға жастарды тарту мақсатында дәстүрлі жыл сайын өткізілетін «Ономастика – Қоғам – Уақыт» атты жас ғалымдардың VІІ Халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы биыл да жоғарғы деңгейді өтті. Конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы аясында құрылған «Жерұйық» ономастикалық өлкетану клубы 16 сәуір күні Zoom платформасында сағат 13.00-17.00 арасында ұйымдастырылды.
     Қатысушылардың саны да, географиялық кеңістігі де жыл өткен сайын ұлғаюда. Университеттің «Айналаңды нұрландыр», қаламыздың «Ақылды ұрпақ» және еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында арнайы ұйымдастырылған халықаралық конференциясының биылғы саны Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жыл толуына орай өткізілді.
     Конференцияда бауырлас Түркия, Түркменстан елдері мен көршілес Ресей, Қытай елдерінің студент, магистранттары және еліміздің Тараз, Қызылорда, Алматы қаласының мектеп оқушылары өз баяндамаларын жасады. Үш секция: 1. «Тарихи жалқы есімдер және қазіргі қолданысы». 2. «Географиялық атаулар: тарихы мен қазіргі қоғамдағы рөлі». 3. «Жалқы есімдердің жарнама тіліндегі қызметі» бағыттары бойынша жасаған баяндамалар талқыланып, ең үздік, өзекті баяндамалар марапатталды.
     Ономастика ғылымының қарастыратын мәселесі өте кең, соның біршама бағыттарына арналған баяндамалар тыңдалды. Мәселен зоонимика, космонимдер, антропонимдер мен топонимдердің қыр сыры ашылып, қазақ, түрік, орыс, қытай, түркмен тілдеріндегі жасалу жолдары қарастырылған баяндамалар мен жарнама тіліндегі қолданысы қарастырылды.
     Мектеп оқушыларынан бастап жоғарғы оқу орындарының студенттері мен магистранттарының конференцияға қатысып қана қоймай, әр баяндамаға қызығушылық таныта, пікір білдіруі, сұрақ қою арқылы жиын тақырыбына деген қызығушылықтарын дәлелдегендей болды. Жалқы есімдердің адамзат қоғамындағы рөлі мен өзектілігі ғылыми да, танымдық та маңызының жоғары екенін тағы да аңғартты.
     Сонымен қатар, конференцияға арнайы шақырылған қонақтар қатарында тіл білімінде іргелі зерттеулердің бастауында жүрген ғалымдар Рысберген Қыздархан Құрмашқызы (филология ғылымдарының докторы, ҚР БҒМ А.А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ономастика бөлімінің меңгерушісі) мен Сапашев Ораз Сапашұлы (филология ғылымдарының кандидаты, Ыстамбұл университеті Фараби атындағы Еуразия ғылыми зерттеулер орталығы, Стамбул, Түркия) болды.
     Конференцияның құрметті қонақтары жас ғалымдардың бас қосуына өз пікірлерін білдіре отырып, ономастика ғылымы жайында ат, атауға қатысты көптеген қызықты зерттеулерімен бөлісті.
     Жалпы, өткен жас ғалымдардың бас қосуы, жасаған баяндамалары мен қызу талқыланған мәселелері жоғары деңгейде және де, маңыздылығы басым жиын болғанын тағы да дәлелдеді. Конференция соңында келешекте жалғасын табарына ниет білдірген тілектер де айтылды.

Садық Д.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының қызметкері

 

Мәдиева Г.Б.,

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ,

Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері

кафедрасының профессоры

Борибаева Г.А.,

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ,

Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері

кафедрасының оқытушысы