Айтыс: Сыр бойының ақындары
жеке
блог

Айтыс: Сыр бойының ақындары

ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы рухани серпіліс Сыр бойындағы айтыс өнерінің жаңа дәуіріне қорғасындай салмақты сөздерді шақтап ширатып, дәлдеп айтып, жүйелі ой айтатын, білімді де білікті, өзекті мәселені келісті сөзбен өрнектеп, жан-жағындағыларға ой салатын, оны түзетуге түрткі болуға жарайтындай А.Рахметов, М.Қуандықұлы, Н.Мансұров, М.Ниязов, Д.Оразымбетов, Н.Махамбетов, Е.Садықұлы сынды дарынды жастарды әкелді. Сыр сүлейлерінің ғибратты сөздерін жүректеріне құндақтап өскен, бойларында қаламгерлік таланттың, шалқыған шабыттың жаны бар ақындарымыз импровизаторлық өнер мен жазба поэзияның тізгінін қатар ұстай отырып, өздері өмір сүрген дәуірдің келбетін аша білді. Келелі ой түйіп, жұртына жеткізді.

Егер айтыскерге қойылатын талаптар импровизаторлық (айтқыштық), сөз шеберлігі, замана, ел туралы, туған жер жайлы терең толғайтын, тебіреністе жүретін ойлы ел қамын жейтін азамат болуы шарт болса, біз өнерін сөз еткелі отырған Айдос, Нұрмат, Мұхтарлар осы талап тұрғысынан көрінетін айтулы ақындар. Олар өздерінің құдай берген жарқын талантымен құрметке бөленуде. «Өлеңнің тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюін» Абайша іздеген ақындар сөз өнеріне деген талғамдарын түрліше жырға қосады. Айтыстағы өлең мінсіз болуға тиіс. Көңіл-көлімізде ылайланбаған жырлар қоныс тепсе, айтыс ажарын жоғалтпас еді. Жақсы сөз жүрекке тез жетеді. Сондықтан қайталанбауы керек. Нұрмат ақын Айбек Қалиевпен айтысында:

Тың ой тосып отыр халқым бізден,

Тұлпар туар биені күзеткендей десе, енді бірде:

Жайылды жәрмеңкедей жыр базары,

Сөз дарыған сүлейлер мекенінде.

Бұрқыратып өлеңімді боздалада

Кәдімгі боздатқандай бозінгенді.

Жүруші ем қара өлеңде сұр мерген боп

Шүріппемді басып әлі үлгергем жоқ

Ақын көрсе ағайын мәз болады

Көңілінің көліне қаз қонады, - дейді.

Мына халық біздегі сөздің кенін

Талғамның қайласымен қазып алсын, [1] - деп Арман Бердалиевпен айтысында көшелі кеңес айтады.

Еркін Садықұлымен айтысқанда:

Бұл айтыс тотай тілдің жарысы ғой,

Шықпасын қырсығып сөз, қарысып ой.

Жылы сөйлеп жыланның терісін де

Жіпсітетін ежелгі дәрісі ғой. Бұрын соңды естімеген оралымдар. Тауып көрші кәнекей, тотай тілі несі? Сөздің қырсықпай, ойдың қарыспауы метафораның қолданысы емес пе?

Айдос ақын Ақмарал Леубаевамен айтысында:

Ақын – ақын ел көңілін шат қылса,

Жүрегінде жаратушы Хақ тұрса.

Өлеңім жайса екен қос қанатын,

Өлеңім ұқсасыншы ақ қайыңға, - деп толғайды.

Мұхтар ақын Айдоспен айтысында:

Үзеңгің үзілгенше тең қағысып,

Топқа түсіп ініңмен толға зырлап...

Дәні толық жырыңды бидайдайын

Қаңғыған қаңбақ сөзді не қылайын? – деген айшықтаулар арқылы сөздің ішін мәнерлеп, сөз құдіретін арттыруға бар жанын салатын жыр жампоздары екенін көрсетеді.

Ақындарымызды туған халқының, туған жердің тағдыры толғандырады. Ес білгеннен сұлу Сырдың бойын тамашалап, еркін өскен, туған елдің даңқты тарихы мен ертегі аңыздарын құлағына құйып ер жеткен  олардың бойында өршіл ұлттық рух кемерінен асып төгіледі.

Ахметжан Өзбековпен айтысында Нұрмат ақын:

Қамыс қала қадірі қазақ үшін

Аспаннан жерге түскен көк қошқардай.

Алматы алты алаштың ақ жайлауы

Мәдениетке әдебиет хат қосқандай.

Астана Ақмешіттің немересі

Күлкісімен күллі елге бақ шашқандай.

Немеренің қылығын бағып-қағып

Ақмешіт төрде отырған ақбас шалдай.

Ұясы ұлылардың атанғандай,

Ақмешіт кие тұнған шаһар сондай, - деп әдебиетіміз бен өнеріміздің жарық жұлдызына айналған алыптар тобының бастау алған мекені киелі Ақмешіттей мекеннің қала тарихындағы ролі мен маңызын, ел егемендігіне қосқан үлесін сәтті теңеулермен жырына қосады. Ақындарымыз адам бойындағы даралық қасиеттерге ерекше мән беріп, адам мен ұлттың тарихтағы ролін бағалай білді. Ата-бабаларымыздың ерлікке толы жорықтарын аса көркемдікпен жырға қосты.

Ертегідей жырларды жырлап өтем,

Бәсіре алмасам да бақан қолдай.

Сілкінсе бұлт ойнатқан Сәрке бабам,

Қазақ көшін бастаған атан нардай.

Жылап келген, алдынан күліп кеткен,

Әйтекенің әр сөзі татар балдай.

Нұры шалқып, намазда қаза тапқан,

Жанқожа халық үшін қаһармандай

Бұқарбай «тостағандай» жауға тисе,

Дұшпаны қан-жынына қақалғандай.

Әрбірі бұл жандардың бөлек аңыз,

Жұртын бастап бақытқа апарғандай.

Сол жандардың ерлігі болмағанда,

Жыр емес жоқтау айтып отырар ма ек, - деп жырлайды.

Сөзге еркіндігімен, тапқырлығымен, білімдарлығымен, көсіле айтатын шеберлігімен, образды ойлау машығымен Нұрмат та мен үшін айтыс өнеріндегі ерекше құбылыс дер едім. Айбек Қалиевапен айтысында Айбектің алты алаштың астанасы болған Қызылорда атауын кемсітіп, мін тапқанына дәйекті жауап беріп, бұған дейінгі тарихи деректерді мәнді оқиға жемістерін бүгінгі заман талабына сай жаңартып, пайдаланғаны көңіл қуантады:

Айбек:  Ақмешіт азан шақырып қойған атың,

Қып-қызыл орда болып өзгерді ғой.

Бұл күнде елің де азат, жерің де азат,

Азаттық деген асқақ сөз келді ғой.

Қып-қызыл жұлым-жұлым паспортыңды

Нұрматжан, ауыстырар кез келді ғой.

Нұрмат:  Бұл атау көңілдердің миятындай,

Қалтасын сан күдіктің қиятындай.

Қызыл желек байлаған найзасына,

Батырлардың көзі болып тұратындай.

Байтақ далам қып-қызыл қанмен келген,

Ойласаң бойға қуат құятындай.

Қызылға барлық ұғым сиятындай.

Қызыл деген ар түсі, ұят түсі,

Қызылорда – Алты алаштың ұятындай.

«Сыр – Алаштың анасы» атты республикалық айтыстың Бас жүлдегері Айдос Рахметов те туған елдің, ер боп туып, ер боп кеткен бабалар ерлігінің бағасын беруде таптырмас теңеулермен айшықтайды:

Шежіре шертіп жатыр Тұран далам

Алаш деп қазақ едік ұрандаған.

Киелі сұлу Сырдың сүлейлері

Бұл жерде тасқындатып жыр арнаған.

Жалаңтөс, Жанқожа мен Бұқарбайды

Қастасып ешбір дұшпан жеңе алмаған.

Келте тонды Келмембет қамал бұзып,

Дұшпанын уысынан шығармаған.

Алты алаштың анасы – Қызылордам,

Жасарып сұлу қыздай сылаңдаған [2].

Ақынның үні – халықтың үні. Қоғамдық-әлеуметтік салада ақынның назарынан еш нәрсе тыс қалмауы тиіс. Алаш жұртының суырып-салма ақындар айтысының тарихын қамтитын қазақтың қанына біткен киелі сөз өнерінің үздік үлгілері рухани байлығымызды арттыра беруге тиіс.  

Әдебиеттер:

1.     Қазіргі айтыс. Құраст.: Н.Айтұлы, С.Дүйсенғазин – Астана: Күлтегін, 2004. -2-кітап.

2.     Қойлыбаев Ш.С. Қазіргі айтыстың идеялық-көркемдік ерекшелігі: Филология ғылымдарының кандидаты. Диссертациялық автореферат. – Астана, 2009

 

Жанатаев Д.Ж., ф.ғ.к., доцент

Садуова Г.Б. ,  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

 1-курс магистранты