Ғылым мәдениет жүйесінде

Ғылым мәдениет жүйесінде
жеке
блог

«Мәдениет дегеніміз не?» деген сұраққа жауап беру үшін бұл сөздің этимологиясына, яғни осы бір күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығу тегіне тоқталуды жөн кәрдік. Қазақ тіліне бұл термин арабтың мадавият қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке берілген көптеген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. Бұл жерде алдымен көзге түсетіні мәдениет пен табиғатты «культура» мен «натураны» қарсы қоюшылық. Көне заманда «культура» деген ұғым «жерді өңдеу» деген мағынаны берген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Цицеронның еңбектерінде (б.э.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген ұғымды білдірді. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген:

мәдениет белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;

мәдениет адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, критмикен мәдениеті, қазақ мәдениеті және тағы басқалары;

мәдениет адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті және тағы басқалары);

агро мәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет және тағы басқалары).

Ал осы ұғымдардың ішінде мәдениеттану пәніне алғашқы екі ұғымның тікелей қатысты екендігін аңғаруға болады. Мәдениет ұғымы тарихи қалыптасудың ұзақ даму жолын өтті, оны алғашқы рет ғылыми тұрғыдан анықтауға ұмтылған философтар болды. Бірақ, өкінішке орай, XVIII ғасырға, яғни ағартушылық дәуірі кезеңіне дейін, басты құндылық — адам мен оның ақыл-ойы деген қағида жүзеге асқанға дейін «мәдениет» сөзі белгілі бір мойындалған термин ретінде қолданылмады, бар болғаны жаңа ұғымдардың синонимі ретінде ғана пайдаланды. Сөзіміз дәлелді болу үшін, «мәдениет» ұғымын талдауды көне заманнан бастағанды жөн кәрдік. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей бұл терминнің алғашқы мағынасы жер-анамен, оны өңдеп-баптаумен тығыз байланысты болды. Демек, «мәдениет» ұғымы жерді жырту, бау-бақшаны өңдеу, яғни өсімдіктер және жануарлар дүниесімен, дәлірек айтқанда, егіншілік пен ауыл шаруашылығымен тығыз байланыста қарастырылды. Оған қоса бізге үйреншікті болып кеткен «мәдениет» ұғымының тәрбие мен біліммен байланыстылығының тамыры да сонау көне заманда жатыр. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта мәдениетті бола алмайтыны ақиқат, ендеше білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады. Көне заманнан бастап XIX ғасырдың аяғына дейінгі мәдениеттанымдық ойдың дамуын ғылыми тұрғыдан қарастыра отырып, мынандай қысқаша қорытындылар жасауға болады. Еуропада кеңінен тараған мәдениет жөніндегі ұғым діни сипатта болды және ол мынандай қағидаларға келіп тірелді:

мәдениетті — ақыл-ойдың не табиғи сезімнің көмегі арқылы түсіну (энциклопедистер); мәдениетті — ішкі адамгершілік заңдарының көмегімен тану (Кант); мәдениетті эстетикалық, көркемдік шығармашылық қызмет арқылы білу (Шеллинг); ең соңында мәдениеттің адамзаттың тегіне қатыстылығы және оның абсолюттік идея ме дүниежүзілік рухты жүзеге асырудың құралына айналғандығы (Гегель);

адамзат мәдениеті үздіксіз дамып-өркендей отырып эволюция мен прогрестің жалпы заңдарына сөзсіз бағынады. Бірақ біз қарастырған кезеңде мәдениеттің материалдық негізіне мән берілмей (әңгіме Л.Г. Морган мен Тайлордан басқа Маркске дейінгі мәдениет жайындағы концепциялар туралы болып отыр), мәдениетті тек құдайдың шапағатымен ғана байланыстырып, бұл ұғымға мәдениеттің – ғылым, адамгершілік, өмір, философия, құқық және тағы басқалары сияқты салаларын ғана енгізген.

1-курс магистрант Байбосынова Мадина

Профессор, доцент Жанатаев Данат