Джон Локктың таным теориясы

Джон Локктың таным теориясы
жеке
блог

     Адамдар сонау ежелгі замандардан бастап-ақ «Қоршаған ортаны қалай тануға болады?», «Білімді қайдан алуға болады?» деген мәселелер төңірегінде ойлана отырып, өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінген. Уақыт өте келе бұл сқрақтардың саналы қойылуы және оны шешімін ізденуі сол кездегі білім туралы ілімді қалыптастырты. Философтар таным теориясының мәселелері төңірегінде ой қозғай бастады. Таным теориясы немесе гносеология — танымның мәнін, ерекшелігін, әдіс кұрылымын, деңгейін, басқа таным формалармен байланысын зерттейтін философия ғылымының саласы. Таным теориясында адамның тану қабілеті, танымның бастауы, формалары, әдістері туралы, ақиқат және оған жетудің жолдары туралы ілімдер қарастырылады. Айналадағы қоршаған дүниенің адам санасында белсенді бейнелеуін, танымның жалпы шарттары мен мүмкіндігін, білімнің шындыққа қатысын, қоғамдық практика негізінде іске асатын таным процесінің заңдылықтарын зерттейді.

 Таным теориясы туралы жүйелі ой қозғаған британ философы және педагогы, эмпиризм және либерализм өкілі Джон Локк 1632 жылы Англияның батысындағы Рингтон қаласында адвокаттың отбасында дүниеге келген. Жастайынан оқу-білімге зерек болып өсіп, 1646 жылы Вестминстер мектебіне қабылданады. 1652 жылы мектепті үздік бітірген Локк Оксфорд университетіне түсіп, 1656 жылы бакалавр дәрежесіне, ал 1658 жылы — магистр дәрежесіне ие болады.

     Джон Локктың саяси өмірге қызығушылығы 1667 жылы лорд Энтони Эшли Купердің  отбасылық дәрігер және оның ұлының тәрбиешісі болып қызметке тұруынан басталады. Философтың ең бастапқы қызығушылықтары жаратылыстану, медицина, саясат, экономика, педагогика, мемлекет пен шіркеудің қарым-қатынастары, дінге еріктілік мәселесі және ар-ұждан бостандығы болған.

     Джон Локктың «Тәрбие туралы ойлар» және «Адамның санасы туралы тәжірибе» атты негізгі еңбектері философияның және педагогиканың дамуына үлкен үлесін тигізді. Адам жаны туғанда таза тақтай сияқты болады, адамдар тәрбиеге қарай ғана мейірімді не жауыз, пайдалы не пайдасыз болып қалыптасады деген ойларымен отбасының адамның тұлға болып қалыптасуындағы ролін ерекше көрсеткен. Локк бойынша тәрбиенің мақсаты - іскери, адал адамды, өз мүддесіне жетуде табандылық көрсете алатын, бірақ басқалармен де есептесетін «нағыз жігітті» тәрбиелеу.

     Джон Локк философиясы жас ұрпақтың адамгершілік, дене және еңбек тәрбиесін бойына қалай сіңіру керектігі жайлы ой-тұжырымдарды және таным мен өмір мәні жайлы ой-тұжырымдарды қамтиды. Ойшыл әдістемелік мәселелерді жасап, оқуды іш пыстыратын міндетке айналдырмауға шақырған, балалар кызығушылығын және логикалық ойлауын қолпаштауға шақырған. Джон Локктың ойлары ХҮІІІ-ХІХ ғғ. Философия мен педагогиканың дамуына зор ықпал етті.

     Ойшылдың еңбектері философия мен педагогикаға ғана үлес қосып қоймай, таным концепциясын психологиялық теория тұрғысынан негіздеп, психологияның ғылым ретінде қалыптасуына да жол ашты.

     Джон Локктың таным теориясы негізінен үш қағидадан тұрады:

1.      Адамда “туа біткен идеялардың” болуы мүмкін емес, себебі идеялардың өзі тәжірибе арқылы пайда болады;

2.      Адамның дүниеге келген кездегі ақыл-ойы ештеңе жазылмаған таза тақта, немесе “ақ қағаз” сияқты, ол тек тәжірибе арқылы мазмұнға толады;

3.      Ақыл-ойда тек сезімдік түйсіктер арқылы қабылданған мәліметтерден басқа ештеңе жоқ, себебі дүниеге шығатын терезе-түйсік.

     Джон Локктың философиялық ой-тұжырымдары бойынша, адамның қуанышын тудыратын және күшін өсіретін істің барлығы – игілік, ал оған қарама-қарсы іс-әрекет бақытсыздық деп есептеледі. Ең жоғары заң, адамды қуанышқа бөлейтін болғандықтан ең басты игілік болады. Локк мемлекет туралы ілімінде халықтың егемендігі негізінде қалыптасқан конституциялық монархияны жақтайды. Мемлекет билікті бөлу арқылы әлеуметтік топтарға бостандық және құқықтық теңдікті сақтауға кепілдік жасауы тиіс деп тұжырымдайды.

Данат ЖАНАТАЕВ, ф.ғ.к.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

Дәулетбекова Балнұр,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты