Әнұран тарихы

Әнұран тарихы
жеке
блог

Рәміз – бұл мемлекеттің төлқұжаты. Мемлекеттің басты рәміздерінің бірі – гимн. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Тарихты ақтарсақ, байырғы қазақ елінің де әрбір ру-тайпасының өзіне тән таңба белгілері, жалауымен қатар, Әнұраны да болған. Елді жау шапқанда сарбаздарға хабар беріп, ұран салады. Кезінде сарбаздарға рух берген, жауға қарсы ерлікпен күресе білуге жұмылдырған.

Әнұранында жазылған өлең шумақтары – адамға зор рухани әсер беретін күштің, халықтың, ұлттың, мемлекеттің, елдің бірлігінің нышаны сипатталады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын.

«Менің Қазақстаным» әнінің де өз алдына тарихы бар. Қазіргі Нұр-сұлтан қаласы Ақмола аталып, оған қарасты 5 облысты бір өлке етіп Ресейге бермекші деген сыбысты естігенде Ш.Қалдаяқов қазақ жерінің көл-көсір, дән алып шалқып жатқан егіні мен бөлшектенгелі жатқанына қатты толқиды. Ақын Жұмекен Нәжімеденов сөзін жазып, әнін Шәмші Қалдаяқов, ал әннің өзін әнші Жамал Омарова орындайды. Әнді Жамал Омарова радиоға жаздырып, композитордың өтініші бойынша еліміздің байлығын пай етіп күніне бірнеше рет радиодан орындалып тұрады. «Бұл менің қазақ жерім, киелі, қасиетті мекенімізді бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді» - дейді Ш.Қалдаяқов. Әнді қазіргі «Парасат» журналында жарияламақ болып, мәтінді ала барғанда бір дөкей:

-        Партия туралы бір ауыз сөз жоқ. Біз алдымен соны жырлауымыз керек – дейді.

-        Жоқ, мен әнімді қайран елім – Қазақстаныма арнап отырмын, өз елімді, өз жерімді ешбір саясатсыз, адал көңіліммен жырлағым келеді – дейді композитор Шәмші Қалдаяқов.

Осылайша пәк көңілден туған ән мемлекеттік рәміздерінің бірі болады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.