Жүгіруден алдына жан салмаған Мақсат Толықбай!!

Жүгіруден алдына жан салмаған Мақсат Толықбай!!
жеке
блог

 

Мұғалімдер де «Әй, Толықбаев, сен осы адам болмайсың» дейтін 

 Мақсат, өзіңді қалың көрермен 31 арнадағы «Информбюро» жаңалықтар қызметінің жүргізушісі ретінде таниды. Журнал оқырмандарын өмірбаяныңмен таныстыра кетсең.

–1988 жылдың 11 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында дүниеге келгенмін. Мен 4-сыныпқа көшкен жылы отбасымызбен Алматы облысының Қарасай ауданына көшіп келдік. Үшқоңырдың баурайында Шалқар деген шағын ғана ауыл бар. Мектепті сонда бітірдім. Кішкентай кезімнен әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Әкем Мәлік – еңбек пәнінің мұғалімі. Он саусағынан өнер тамған, ағаштан түйін түйген жан. Анам Алмагүлдің мамандығы – дәрігер.

Отбасында қанша баласыңдар?

–Өзімнен кейінгі 1990 жылғы Самат деген інім бар. Құдай қаласа, биыл Тұрар Рысқұлов атындағы Басқару академиясын қаржыгер мамандығы бойынша бітіреді. Мектепте тәртіпті оқушы болдым деп айта алмаймын. Тентек басым болды. Бірақ  ақылды тентек дейді ғой...

–Қандай тентектік жасадың сонда?

–Балалықпен көп нәрсені ойламайсын.  Тура «Менің атым Қожадағы» Қожа сияқты болдым. Мұғалімдер де «Әй, Толықбаев, сен осы адам болмайсың» дейтін бастарын шайқап.

Дегенмен әр нәрсеге құмар едім. Негізінен, спортқа жақын болдым. 100 метрге жүгіруден алдыма жан салмайтынмын. Жүгіруден, жеңіл атлетикадан спорт шеберімін. Талай мәрте республикалық жарыстарға қатысқанмын. Сөйтіп жүргенімде мені Талдықорғандағы спорт мектебіне шақыра бастады. Өзім де түбінде спортқа кететін шығармын деп ойлап жүретінмін. Бірақ үйдегілер: «Не бар cпортта?! Көп болса дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ары кетсе жаттықтырушы боларсың», – деп, бұл ойыма қарсы болды.

–Ал енді журналисткаға қалай келіп жүрсің?

– Оқушы кезімде тек спортпен айналысып қана қоймай, әдебиетке де жақын болдым. Абайдың 180 өлеңін жатқа білетінмін. Түрлі деңгейдегі Абай оқуларына, қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадаларға қатыстым. 9-сыныптан бастап аудандық «Заман жаршысы» газетіне мақалалар жаза бастадым. Тіпті мақалаларым газетке апта құрғатпай шығатын болды. Ол кезде газетке мақалаң шықса, керемет қуанасың. Сөйтіп жүргенде редакция маған штаттан тыс тілші деген куәлік те берді.

Абайдың 180 өлеңін жаттау үшін оған бейімдейтін ішкі бір күш болуы керек қой немесе біреу ықпал етуі керек. Әлде отбасыңда әдебиетке, өнерге жақын адамдар бар ма?

–Әкемнің де, шешемнің де өнерге жақындығы бар. Шешем ән салады. Егер сол бағытпен кете бергенде бүгінде тәп-тәуір әнші болар ма еді деп ойлаймын. Әкем болса сөзге шешен, қиыннан қиыстырып тауып айтатын кісі. Ауылға барсам Мәліктің айтқандары еді деп ел әлі күнге дейін әңгіме қылып отырады. Өмірден ерте кеткен талантты жазушы Талаптан Ахметжан жақын ағам болып келеді. Сол кісіге де еліктедім. Шешем Алмагүл Оралхан Бөкей шыққан Шыңғыстай ауылынан. Талай мәрте нағашыларымның ауылында болып, Оралхан ағамыздың туып-өскен үйін көріп өстім. Әдебиетке бейімделуіме осының бәрінің әсері болған шығар деп ойлаймын.

–Қай оқу орнын бітірдің?

–Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне 2006 жылы түсіп, 2010 жылы бітіріп шықтым.   

Журналистикаға студенттік шағыңнан араласқан сияқтысың...

–Иә, 3-курста оқып жүргенімде  «31 телеарнада» «Замандастар» деген бағдарлама ашылып, кастинг жарияланды. Сынақтан өттім. Сөйтіп, 3-курстан бастап телеарнада жүргізуші, редактор болып жұмыс істедім. Бір жылдан соң ол бағдарлама жабылып қалып, арада түрлі ақпарат құралдарында еңбек еттім. «Информбюро» жаңалықтар қызметіне қайтып келгеніме бір жыл болды.

–Күн сайын сан мыңдаған көрермендер күтіп отыратын «Информбюро» жаңалықтары қалай дайындалады?

–Иә, дұрыс айтасыз, әр күн сайын кешкі 19:00-де мыңдаған көрермен «Информбюро» жаңалықтарын асыға күтіп отырады. Елдегі телараналардың жұмыс барысын күнделікіті қадағалап, рейтингін жариялап отыратын TNS Gallup Media орталығының есебінше қазіргі уақытта «31 телеарнадағы» «Информбюро» жаңалықтар қызметі қазақтілді жаңалықтардың арасында бірінші тұрған көрінеді. Мұның бәрі ұжымдағы адамдардың еңбегі деп ойлаймын. Жаңадан келген басшымыз Бағдат Қожахметов те «Информбюроға» ерекше көңіл бөледі. Қазақша жаңалықтар қызметінің басшысы, білікті журналист Болат Мүрсәлім де – бір елге қорған болатындай ұлтжанды азамат.

–«Информбюроның» алдыңғы орынға шығуының құпиясы неде?

 – Біз жаңалықтарды өткір, шынайы күйінде беруге тырысамыз. Кейде басқа арналар бере алмайтын дүниелерді беріп жібереміз. Әріптестерім күн демей, түн демей қоғамның назарынан тыс қалып жатқан эксклюзивті ақпараттарды іздестіреді. Халық сөзін айтамыз.

 

Жаңалықтар жүргізушісі болу үшін адам қандай қасиетке ие болуы керек?

–Жарты сағат бойы тікелей эфирге шығып, телекөрерменмен бетпе-бет келу оңай шаруа емес. Тікелей эфирде түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сондай кезде сасып қалмай, сөз тауып кететін қасиет керек. Жалпы алғанда, жаңалықтар үшін ондаған адам жұмыс істесе, солардың атынан көрерменге бір өзің ғана шығасың. Яғни әріптесіңнің айтар ойын түсініп, мазмұнына терең бойлап, әрбір сөз, сөйлемді дауыс ырғағы мен үн тынысына сай мәнерлеп жеткізумен қатар көрермен қауыммен жылы қарымқатынас жасай білуің тиіс. Сондықтан бұл өте үлкен жауапкершілік. 

 

–Отбасын құрдың ба?

–Иә, менің үйленгенімнің өзі қызық. Университетті жаңадан бітіргенмін. Қанат Тілеухан деген журналист досым  Талдықорғандағы бір досымның тойын басқарып берші деп өтініш жасады.

–Асабалық жасайтын өнерің де бар ма?

–Жасыратыны жоқ, студенттік кезден бастап асабалықты да атқардым. Жалпы, мен өмір барысында қандай жұмысты да істеуге арланбайтын адаммын. Адал еңбек еткеннің ерсілігі жоқ деп білемін.  Қай істі болсын жаныңды салып, шын ниетіңмен атқарсаң, Алла саған тілегеніңді береді деген ойдамын. Кезінде базарда арба да итердім, газды су да саттым, мейрамханада даяшы болып та істедім.

–Әңгімеміз үйлену жайында еді ғой...

– Сонымен Талдықорғанға той басқаруға бардым. Тойда үйленіп жатқан жігіттің сүйкімді бір қарындасы жүр екен. Көзім бірден түсіп, танысып, телефон алмастым. Есімі Мәдина екен. Алматыдағы политехникалық университетте оқитын көрінеді. Біраз уақыт араласып жүріп, ақыры тіл табысып, отау құрдық. Ағасының тойын басқарып беріп, қарындасын алып қайттым деп әзілдеп отырамын қазір. Құдай берген Іңкәр, Кәусар есімді екі қызым бар.

–Армансыз адам болмайды ғой. Өзіңнің бір арманың, діттеген мақсатың бар ма?

–Мақсат дегенде, кішкентай болса да ұлттық мүддеге, қазақты оятуға жұмыс істегім келеді. Бұл жай бір айтыла салған биік пафосты сөз емес, шын көңілім. Жасыратыны жоқ, қазір қазақ халқы өз жерімізде, өз елімізде екінші сортты ұлт болып қалдық. Қазақстандағы ең нашар өмір сүретін қазақтар.  Базарда арба айдадым деп айттым ғой жаңа. Сонда арба айдап жүрген шешеннің немесе өзге ұлттың бір азаматын көрген емеспін. Қара жұмыстың бәрін істеп жүрген – өзіміздің қазақ. Менің ойымша, қазақ әлі қалың ұйқыда жатыр. Осы елдің, жердің иесі өзі екенін әлі сезінбей жүр.

 

Жас болсаң да елдегі басты бір телеарнаның белді жүргізушісің. Мұны ерекше бір талантымның арқасы деп білесің бе, әлде жолымның болғаны деп ойлайсың ба?

–Екеуі де бар шығар. Әлі де үйренеріміз көп. Дегенмен жастар қазір қай салада болсын мықты, оның ішінде журналистикада. «Қазақ журналистерінің зерттеулері неге аз, қоғамдағы түйткілді мәселелерге неге араласпайды?» деген әңгіме жиі  айтылып жатады. Журналистердің жазғысы да, айтқысы да келеді. Бірақ оған мүмкіндік жоқ. Шындап келгенде, бізге барлық есік жабық. Сот істеріне қатыса алмаймыз.  Жемқорлыққа байланысты ашық зерттеу жүргізе алмаймыз. Құпия деген желеумен ол жаққа бізді ешкім жібермейді. Аудиториясы, таралымы аз болғандықтан, қазақтілді ақпарат құралдары өзін-өзі қаржыландыра алмайды. Барлығы бір-бір құрылтайшыға байланған. Соның мүддесіне жұмыс істейді, соның сойылын соғады. Сондықтан көп нәрсені айта алмайды, жаза алмайды. Мәселе осында болып тұр. Тіпті біздегі БАҚ туралы заң журналистерді қорғаудың орнына оларға қарсы жұмыс істейтін сияқты. Бірақ қазақтілді журналистердің үлкен бір кемшілігі бар.

–Қандай?

–Ауызбіршілік, ынтымақ, бір-бірімен байланыс жоқ. Әркім өзімен-өзі томаға тұйықталып алған. Мысал үшін, жақында Оралда Лұқпан Ахмедьяров деген әріптесімізді сегіз жерден пышақтап, үш жерден атып кетті. Сол кезде қазақ журналистері үн қатпадық, біріге алмадық. Ештеңе болмағандай бәрі де жайбарақат. Лұқпанның басына келген жағдай ертең менің де, сіздің де басыңызға келмейтініне кім кепіл бола алады?

–Осыдан біраз жылдар бұрын ресейлік танымал тележурналист Влад Листьевті өлтіріп кеткенде ресейлік журналистер күні бойы тікелей эфирден үлкен шара ұйымдастырып, журналистің қазасы қоғамда үлкен дүмпу туғызған. Солай болмады деп отырсыз ғой?

–Иә. Тіпті мынадай бір парадокс бар. Біз үнемі «мұғалімдерге жағдай жасалмапты, дәрігерлердің пәтері жоқ, ауылға ауыз су берілмепті» деп қоғамдағы кемшіліктерді айтып, шапқылап жүреміз. Ал енді біздің, журналистердің, жағдайын кім айтады сонда?! Халықтың мұңын ресми билікке жеткізіп жүргенде, өзінің қажетін айтуды ұмытып, «сыртта жүнін қампайтып» қана жүретін маманбыз. Қазақстанда журналистердің арнайы статусы жоқ.  Әлеуметтік мәртебесі әлі анықталмады.  Сондықтан,  мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметкерлер сияқты ипотекамен де үй ала алмаймыз. Әйтеуір, екі ортада жүрген біреулер. Үш-төрт баласы бар мықты журналистер баспанасыз, пәтерден пәтер жалдап, кім көрінгеннің есігінде жүр. Қарап отырып жаның ашиды. Ойбай, төртінші билік иесі деп әспеттейді бізді. Төртінші емес, тоғызыншы, оныншы биліктің де иесі бола алмай отырмыз. Осының барлығы жаныма батады...

 

Сұхбаттасқан Рысбек ҮРКІМБАЙ,

 "Жұлдыздар отбасы" журналы