«Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?»
жеке
блог

«Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?»

                  Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?

 

                                                              «Ой-гүлдену,тіл-бүршік, әрекет-жеміс»  Ф.Энгельс

       Қас қарайған сәт. Күн ұясына батудың аз-ақ алдында. Бұл кездің өз қызығы бар. Алыс көкжиектен қызарып батқан күннің қызыл шапағы бейне бір тұтас әлемді жалынға орап бара жатқандай. Бір сәт осы көріністі тамашалап тұрып қалғаным сол еді, әкемнің «сиыр келді ме?» деген сөзі бөліп, ертегідегі « аузынан жалын шашқан айдаһарға» қарай аттанып кете бардым. Далаға көз жіберсем, қараңғылық жалпақ дүниені басып бара жатқандай. Гуілдеген желмен ағаштардың жапырағы сыбдыр қағады. Әлсін-әлсін жан-жағыма жалтаңдай қарап «Зеңгі бабаны» іздеп келемін. Ауылдан ұзамай-ақ көңілсіз көрініс жанымды құлазытып,манағы табиғаттың тамаша тартуының быт-шытын шығарып,ойымды астан-кестен етті. Өйтпегендеші, ауылдан шығар-шықпастан біреулер күл-қоқыстарды қалай болса солай, оңды-солды шаша беріпті, шаша беріпті. Бейшара аңғал дала «көзге шыққан сүйелден құтқарсаңдаршы» деп жалынғандай мұңая қарайды. Күлден басқа полиэтилен дорба дейсің бе, шыны бөтелке дейсің бе, пластик құты, қаңылтыр қалбыр секілді тағы-тағы қалдықтардан көз сүрінеді. Бұлардан ауаға тарайтын қаншама зиянды элементтер бары бір құдайға аян. Әйтсе де тірі пенделер денсаулығына нұқсан келіп жатқаны бесенеден белгілі. Бұның бәрін ауыл адамдары жасағаны сөзсіз. Және ересек адамдардың ісі деп ойладым да налыдым. Үлкен адамдар осылай істеген соң,  кішілерден не қайыр? Молдалардың құран сүрелерінен кейін пенделер атынан «Бұл дүниедегі біліп жасаған, білмей жасаған қателері» үшін кешірім сұрайтыны несі деуші ем, сол сұраққа жауап тапқандай да болдым.

           Біздер балалар екеш балалар болып серуенге шыққанда ішіп-жегеннен қалған әртүрлі қалдықтарды топырақ астына көміп кететінбіз. Өйткені, сынып жетекшіміз бізге пластик бөтелкелер, полиэтиленнен жасалған қалталардың бірнеше жыл топырақ астында жатса да шірімейтінін,олардан табиғатқа келетін залалды айтып зар жылайтын. Міне, осы бір кішкене ауыл сыртындағы келеңсіз жәйттердің ауданның, облыстың қала берді бүкіл қазақ даласының барлығынан кездестіруіміз мүмкін екендігін ойлағанда Сәйіп Сараидың  «Түрікше Гүлстанындағы»  Наушараның  «Әуелде әлемде зұлымдық аз еді. Кейін әр адам аз-аздан қосқанда, көбейіп кетті.» деген әңгімесінің байыбына барғандай болдым.

          Дәл осы мезгілде есіме Елбасының келер жылдың «Жастар жылы» деп атауды ұсынған жолдаудағы ұсынысы, өзімізге көрсетіліп жатқан үлкен қолдау мен сенім екені есіме түскенде бетімнен отым шықты. Неге дейсің ғой, атам қазақ «ерулі ге қарулы» демеуші ме еді, ал біз не беріп (мен) жатырмыз. Әжемше айтқанда «тас шауып, жер қопарып» жатқан жоқпыз, осы бір азғантай іске мұрындық болуға қалайша шамам жетпейді деген ой сап ете түспесі бар емес пе. Осы ой маза бермей, іштей жоспарымды құрып жатырмын. Бүгін жұма, ертең ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, жексенбінің таңында ауылдағы жастарды жұмылдырып, « таза дала» акциясын өткізуім керек деген шешімге келдім. Ұрандатпай –ақ, «өгіз қара күшімізді» іске қосса жетпейді ме деп тонымды пішіп те үлгердім.

        Осындай келелі іске бел бууымның себебі, ұят та болса айтайын, «Ұлан» оқып отырған үйдегі он үш жасар інімнің «Мемлекетіңнің гүлденуі үшін не істей аласың,апатай? »  деген сауалы есіме түсті. Әрине , кішкентай інімнің осындай ауқымды тақырыпқа қызығушылық танытқаны таңғалдырды әрі ойландырып тастады. Шынында, мен не істей алам деген ой әжептәуір мазалады. Дегенмен «бір-екі көйлек бекер тоздырмағандығымды» дәлелдеп:             Мемлекеттің гүлденуі үшін материалдық жағынан көмектесудің өзі жеткіліксіз. Адамдар қоршаған ортаға, яғни ауасын жұтып, суын ішіп, жерін басып отырған « Алтын ордасына» кеңпейілділікпен, асқан жомарттылықпен қарау керек. Бір-біріне шексіз мейірім төгіп, адал қарым-қатынас орнатып, ақ жолмен жүру керек. Өшпенділік пен ызақорлық бар жерде ауызбіршілік болмайды. Ауызбіршілік жоқ жерде мемлекет қайтіп гүлденеді?  Әрине, оны түсіну үшін тағы да рухани биіктік деген нәрсе керек,- деп біраз пәлсәфа соғып едім, қайдан сұрадым дегендей тұра қашты . Шақшадай басы шарадай  болған ініме : «Мемлекетті гүлдендіру үшін ұлы істер атқарудың қажеті жоқ. Тек табан астында болып жатқан жағдайларға бей-жай қарамай, жерде жатқан бір қоқысты еңкейіп көтергенің - еліңе, жеріңе деген адалдығың. Ертеңің - бүгіннен басталады», - деп тағы біраз әурелеп барып босаттым.

   -Бірдеңе сұрасаң, бәлеге қаласың, осы, - деп күңкілдеп ол кетті.Әйтсе де маған үлкен ой тастады. «Іздегенге сұраған» дегендей шешім өзінен –өзі-ақ келе қалды. «Таза аула» деген акция өткен, енді «Таза дала» акциясын ұйымдастыруым керек деген нық шешімге бекіндім.

       Әрбір адам «сау басымен» мен ше ойласа деп қиялыма ерік беріп келе жатқаным сол еді, салаң етіп шыға келген өз сиырымнан өзім шошып кеттім. Сөйтсем мен «ғаламдық проблемамен» жүргенде «жүгермек сиырым» дәл жанымда полиэтилен дорба шайнап тұр екен. Осы да проблема болып па дегендей аяусыз күйсейді кеп. «Түрінде мен ғұрлы ақылдарың жоқ па?» деген жымысқы ой бар сиырымды шыбықпен тартып, ауылға қуа жөнелдім.

САГИЕВА АЯЖАН

Әл -Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты 

Жубаназарова Назираш Сулейменовна

психология ғылымдарының кандидаты, профессор