жеке
блог

Ақиық ақын - Мұқағали Мақатаев

Ақпан 15 күні ҚазҰУ-да ұстазымыз Шарыпқазы Нұртәліп ағайымыз бастауын жасап Мұқағали атамыздың шығармасын еске алып және дәріптеу үшін, сол кісіге арнап сабақ өткізуді ұсынды. Сол себепті бұл шараны ұйымдастырған қыздарға және Нұртәліп ағайымызға ерекше алғысымды білдіремін.  Қара өлеңнің көш керуенін қара нардай алға сүйреген биігіміздің бірі әрі бірегейі Мұқағали Мақатаев - ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ ақын. Ол өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Асыл ой, жауһар сезімге суарылған жырлары қазақ халқының рухани әлемін байытқан үстіне байыта түскен, қиялы ақ қарлы Алатау жаққа шарқ ұрған, асқақ мұзарт шыңдарға қарай қанаты талмастан биіктен-биікке самғаумен келген ақиық ақынның жырлары мен көркем дастандары - сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, жұртым, елеңдестің.

Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деп ақынның өзі айтқандай, оның өлеңі өмірден өзі кетсе де, өшпей жалғасын тауып келеді.  Мұқағали Мақатаевты атақ пен даңқ өлген соң өзі іздеп тапты. Тіршілігінде осы үшін жанын сала күрескендердің тағдыры керісінше шешіліп жатады. Өйткені биік таулардың алыстаған сайын зорая түсетіні сияқты, мықтылық та уақыт озған сайын  тұлғалана бастайды.

М.Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқымайтын, тыңдамайтын адам жоқ.Ақын ағамыздың қалам тартпаған тақырыбы қалмаған. Ана мұның, әке зарын, жетім-жесір қайғысын, ердің ерлігін, пәк махаббатты, достықты жырға қосқан. Өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлей білген ұлтжанды ақын.

Бүгін менің туған күнім,

Ой пәлі – ай!

Мына адамдар неге жатыртойламай?

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірімнің жарытпай-ақ қойғаны-ай! – деп мұңданған ақынның өмірден өткеннен кейінгі туған күндері халық болып тойланатын болды. Бірақ арамызда ақынның өзі емес, ақынның албырт жырлары мен  жансыз суреттері қалды.

 

Шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасы 3 курс шетел филологиясы мамандығы студенті Кенесхан Нұрбек
Жетекші Шарыпқазы Н.

Ең қызықты блогтар

Артық білімді кітаптан ізде!
БАҚ-тағы табиғи апаттарды сипаттаудағы метафораның орны
XXI ғасырдың Абайы
Рене Декарттың туа біткен идеялары мен философиялық ойлары
Суицидтің алдын-алу
Ұлттық таным көрінісі: Ақұштап Бақтыгереева лирикасы бойынша

Жұлдызды блогтар