Сенім

Сенім
жеке
блог

Жамал апай «адамның сенімі-біз білмейтін орасан зор күшке ие екен, жас күнімізде оны қайдан білейік», - деп әңгімесін бастап кетті. Ол кезде мына қызым - (жоғарыда жатқан бойжеткен қызын нұсқап)небәрі 9 жаста. Атын айтуға аузың бармайтын ауыр дертке шалдығыппын. Өмірден үмітімді үзгім келмей көрінбеген дәрігеріміз, бармаған еліміз қалмады. Барлығының айтатыны бір сөз – азғантай ғана уақытыңыз қалды, ем-домнан пайда болуы неғайбыл. Сәл ертерек келгеніңізде... деген сарындағы жұбатулар. Бар қаражатымды құртып, миллиондап дәрі-дәрмек алып себі болар деген дәмемен іше бердім, іше бердім. Одан хәлім нашарламаса, жақсармады. Күндердің бір күнінде кезекті тексеріліске барып, кезек күтіп отырсам, жаныма баласын ерткен әйел отырды. Кезек сұраудан басталған әңгіме жалғасып, сонау алыс жерде менің дауама емі бар бір емшінің мекен-жайын жазып берді. Ішімнен «қырықтың бірі -Қыдыр» деуші еді, бәлкім көрер жарығым бар шығар деп үміт оты лап ете қалды. Емшінің ауырып келген науқасқа қасиетті суын беріп, көп адамның құлан-таза айықтырғаны көңіліме медеу болып, кезегімді тастап, жолдасымды қуантуға үйге жүгірдім. Қоярда қоймай дәл бүгін әкел деп, әлгі әйел берген қағаз бен су құятын ыдысты қолына ұстатып, шығарып салдым,- деп ең қызықты жерге келгенде пойызымыз Шымкент қаласына тоқтап, әңгімеміз де сол жерден үзілді. Себебі, Жамал апайды көрмекке туыстары вокзалға келіпті. Әрі қарай не болғанын білгім келіп, сабырсызданып, орнына қайта жайғасар сәтті асыға күтіп отырдым. Әйтеуір, 20 сағаттай өткен 20 минут өтіп, пойыз әрі қарай жылжыды. Пойызбен бірге Жамал апайдың әңгімесі де үзілген жерден жалғасын тапты.Сөйтсе, 6 сағат бойы жол жүріп барған күйеуі емшінің үйіне кірсе, немересі алдынан шығып, атасын бір науқас үйіне алып кеткенін, 1 аптасыз келмейтінін айтады. Сабырсыздана күтіп отырған әйелінің құр қол барғанда қандай күйде болатынын ойлаған жолдасы жолда ағып жатқан таза бұлақтың суын құйып алып, үйіне апарыпты. Су құйылған құтыны баласындай мәпелеп, арнайы орын дайындап, жарынан басқаның қолы тимесін деп ескертіп қояды. Әлгі тәтем арнайы режим қойып, сол күннен бастап іше бастайды. 3 айдан соң диагнозын айтып, «өлім жазасын кесіп қойған» дәрігерге барып, тексерілгенде аң-таң болыпты. «Өміріңізге қауіп төндіріп тұрған ауру атымен жоқ», - деп таңқалыпты. Сумен емдейтін кісінің мекен-жайын қойынкітабына жазып алып, таңырқаған күйі шығарып салған көрінеді. Арада бірнеше жыл өтіп, бәрі өз қалпына келгенде, интернеттен келген жарнамаға қызығып жолдасына көрсеткен Жамал апайға:

-        Сенің сенгіштігіңнің пайдасы да зияны бар екенін білемісің? Ай, бірақ қара судың қасиетіне сенген сенен бәрін күтуге болады, - деп рахаттана күлген көрінеді. Сөзінің астарын түсінбеген апайым қолқалап сұрап қоймағасын жары шындықты айтқан екен.

-        Міне, залалсыз өтірікке сеніп, шипама қара судан дауа тапқан жан алдыңда отыр, - деп әңгімесін аяқтады.

Өзге біреуден естісем, жалған сөзге балайтын бұл оқиға еріксіз ойға шомылдырды. Ешкімге сенбейтін, ештеңеден үміт күтпейтін қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адам үшін, рас, ақылға сыймас дүние. Дегенмен, біз білмейтін, заңдылығына ешбір ғалым бойлай алмайтын небір ғажайыптардың бар екені де өтірік емес. Сенімнің құдыретті күш екендігін, оның тауды да қозғайтынын әрдайым есте ұстағанымыз абзал.