«Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан ?

«Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан ?
жеке
блог

«Айқап» пен «Қазақ» қалың ұйқы да жатқан қаймана қазаққа-оятқыш, қараңғылықтың құрсауында қамалған қарашаға-жарық болып енген бірегей басылымдар. Бірақ, азаттықтың арайлы ақ таңы үшін аянбай күрескен «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арасында белгілі бір тақырыптар аясындағы алауыздықты айқын аңғаруға болады. Бұл сөзімізге «Уақыт» газетінің 1915 жылғы 9-шілдедегі санында жарық көрген Нығметолла Күзембаевтың «Айқап» журналы хақында» деген мақаласы толық дәлел бола алады. Ол мақалада: «Негізгі талас тудырған мәселелер жерге орналастыру, съезд шақыру және әліпби түзу жөнінде болған» дейді. Бұл талас-тартыс «Қазақ» газеті жарыққа шықпай тұрған сәтте-ақ басталған. Яғни, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды азаматтардың «Айқап» журналына жазған мақалалары «Айқап» журналының һәм Мұхаметжан Сералиннің көзқарасына қарама-қайшы болған. Сол себепті де Алаш арыстары «Айқаптан» іргесін бөлек салып, жеке-дара «Қазақ» газетін жарыққа шығарған. Бірақ, бұл тартыс бақа-шаянның бақастығы емес, тектілердің текетіресі еді...(-Ж.Қорғасбек) Ендеше, басылымдар арасында талас тудырған мәселелерді толық талдап, саралап көрсек...

Съезд дауы.

Екі басылымның арасындағы келіспеушілікті шиеленістіре түскен-съезд дауы. Даудың басы «Айқап» журналының 1913 жылғы № 4-5 сандарында жарық көрген Мұхаметжан Сералиннің жалпықазақ съезін өткізу жайлы ұсынысынан басталды. Бұл ұсынысты Райымжан Мәрсеков , Жұбекен Тілеубергенов, Барлыбек Сырттановтар өз мақалалары арқылы қолдайтындарын жеткізді. Бірақ, 1913 жылы «Басқосу турасында» деген мақала арқылы Ахмет Байтұрсынов өзінің және «Қазақ» газетінің өкілдерінің бұл съездге қарсы екендерін білдірді. Осы сәтте «Айқап» журналының № 13-15 сандарында Жиһанша Сейдалиннің Ахмет Байтұрсыновқа арнап жазған мақаласы жарық көрді. Автор мақалада: «Съезд  туралы сөз бола қалса, бетегеден биік, жусаннан аласа жұмыс жүргізеді» деп ұлт зиялыларының үркердей шоғырына күйе жақты. Бұл мақалаға Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сатира жанрында мақала, фельетон-мақала жазып, қарымта жауап қатты. Қыр баласы өз мақаласында «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»-деп өр мінезділігін көрсетсе, ұлт ұстазы «Қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді»-деп мәселені сараптап, асықпай шешім қабылдау керек екенін айтады. Жарты жылға жуық баспасөз беттерінен түспеген тақырып Торғай губернаторының съездге рұқсат бермеуімен аяқталды. Бұл дауда ешкім жеңбеді. Менің ойымша, бұл дауда қазақ журналистикасы жеңіске жетті. Себебі, сатира, фельетон жанрлары жаңа қарқын алып, өзгеше түрленді. Жазушылар арасындағы тартыстан мықты шығарма туатыны секілді, басылымдар арасындағы бәсекелестіктен жанрлар қарыштап дамып, авторлардың жазу деңгейі көтеріледі.

Жер дауы.

XIX ғасырдың екінші ширегінде патша үкіметі қазақтың жерін мемлекет меншігі деп жариялап, құнарлы жерлерімізге орыс шаруаларын қоныстандырды. 1906 жылы жарияланған Столыпиннің аграрлық реформасы сеңделіп жүрген жұртқа ауыр соққы болды. Бұл мәселені баспасөз бетінде көтеру-қалам қаруын асынған, ұлттың ертеңіне алаңдайтын кез-келген адамның азаматтық міндеті еді. Бұл міндетті атқаруда «Айқап» журналы да, «Қазақ» газеті де қалыс қалмады. Бірақ, жер мәселесіне келгенде де басылымдардың пікірі қақ жарылды. «Айқап» журналы қала салып, отырықшылыққа көшу керек десе, «Қазақ» газеті көшпенділік жолын таңдау керек екенін ескертті. «Айқап» журналының өкілдері елге «егін егіп, құнарлы жерлерді иемденіндер» деп үгіт-насихат жүргізіп жатқан сәтте, Ахмет Байтұрсынов «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры-жер мәселесі. Бұл турасында түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз бес миллион адамның обалын мойынымызға жүктегеніміз»-деп ұлт тағдыры жүктелген іске іле-шала қарамау керек екенін алға тартып, мақала жазды. «Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі-өмір сүру мәселесінің зоры»-деген Әлихан Бөкейхановтың сөзі сол сәттегі басылымдардың басты ұраны болды. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің жолы екіге бөлінді, түрлі кикілжің орын алды. Бірақ, екі басылымның түпкі мақсаты-Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасындағы салқар даланы отаршылдардың табанында таптатпау еді..!

Әліпби дауы.

«Тіл - адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Біздің заманымыз- жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман»-деп Ахмет Байтұрсынов қазақ әліпбиін жаңа дәрежеге көтеріп, тайға таңба басқандай жасап берді. Бірақ, бұл әліпбиге де қарсы шығып, кереғар пікір айтқан «Айқап» журналының өкілдері де болды. Осы турасында филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек баяндамасында былай дейді: «Сол кезде таңба санын қорғаштап Ахаңның «жағасынан алғандар» болған. Оларға Ахаң «таңбаларды қысқартып, артығын борышыма берейін деп отырған жоқпын» деген екен. Менің де 42 таңбаны байлығымыз деп масаттанып отырған ағайындарымызға айтарым: артық таңбаларды еншілеп кетейін деп отырған ойым жоқ». Рас, бұл әліпби сынға ұшырап, бос һәм бөспе сөзбен былғанса да басқа әліпбилерге қарағанда биік тұратыны шындық. Осы тұста Райхан Сахыбекқызының мына бір пікірімен келіспеске болмайды: «Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану теориясының негізін салушы, ұлт мектебінің ұлы ұстазы Ахаң әліпбиін «ұлттық мұрамыз» деп мақтан тұту-ұрпақ парызы екенін ұмытпайық !»

P.S. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті қанша айтысып, қанша тартысса да жеке бастың қамын күйттеген жоқ. Ұлттың мұңын сөз етті, елдің ертеңі үшін қалам сілтеді.  «Қазақ» көзіміздің қарасы болғанда, «Айқап» ағы емес пе еді»-деп Бейімбет Майлин қос басылымға жоғары баға берген. Көздің ағы мен қарасы арасында алауыздықта болды, келіспеушілікте орын алды. Бірақ, ол көздер азаттықты аңсады, келер ұрпаққа үміт артты...

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қайрат Сақ. «Алаш мұрасы».