жеке
блог

Журналистиканың функциялары

Журналистика саласы атқаратын негізгі 6 функция бар. Бұқаралық ақпарат құралдарының  барлығында осы алты функция жүйелі түрде орындалмаса, халықты өзінен алыстатып алуы мүмкін. Берілгендердің ішіндегі ең басты функция ол-ақпарат тарату. Бұл функция болмаса журналистиканы жойылды деп есептеуге болады. Себебі, журналистиканың негізі ақпарат таратудан басталады. Ол журналистика мен аудиторияны байланыстыратын алтын көпір іспетті. Ақпарат –журналистика жүйесіндегі сан алуан міндеттерін атқаруға септігін тигізетін лайықты құрал. Келесі танымдық функция -ақпаратты тарата отырып, сол ақпараттың танымдық жағын көрсету мақсатында жүзеге асырылады.    Мысалы, қандай да бір нәрсенің жетістіктеріне ақпарат бере отырып, сол туралы деректер келтіреміз. Жалпы айтқанда, бұл функция ағартушылықпен тікелей байланысты. Журналистика экологиядан философияға, психологиядан әдебиеттануға дейінгі аралықты түгелімен қамтиды. Тарих, экономика, дипломатия, саясат және өзге де салалардан алынған ақпараттар көпшілікке түсінікті етіп жеткізілуі тиіс. Сол себепті журналисттің жазбалары теориялық,  тарихи, идеялық және танымдық сипатта жазылады. Осы екі функциямен тамырлас ұйымдастырушылық функция. Бұл функцияның негізгі қызметі қандай да бір іс-әрекетті ұйымдастыруға шақыру. Ұйымдастырушылық өзге функциялармен байланысып, ақпарат құралдары тарататын жаңалықтар мен мақалалардың сапалы болуына негізделеді. Функция негізінен маңызды құжаттарды жария ету, насихаттау не оған пікір білдіру арқылы іске асады. Сонымен қатар, редакцияға келген хат, арыз-шағымдар бойынша бағдарлама даярлап, мақала жариялау немесе олардың айтылған ұсынысы мен өтініштерін жауапты ұйымға, мекемеге жіберіп, мәселелерді қарастыру болып табылады. Баспасөз функцияларының формасының бірі осы. Басқару функциясы бойынша БАҚ  биліктің шешімін халыққа жеткізеді. Оны көпшілік қалай қабылдағанын жеткізіп кері байланыс жасайды. Конституция бойынша негізгі үш билік бар. Олар: біріншісі басқарушы билік, яғни президент, екіншісі заң шығарушы билік парламент, үшіншісі атқарушы билік министрлер кабинеті, әкімдер. Одан бөлек қазіргі таңда төртінші билік саналатын журналисттер бақылаушы билік санатында. Бақылаушы биліктің қызметінің нәтижесінде жоғары билік өкілдері өз істерін жетілдіріп, жоспарларын құрып, стратегияларын анықтап қолға алады. Басқарудан алған ақпараттарына сай БАҚ өкілдері өз ұсыныстарын білдіруі мүмкін. Осы себепті де баспасөз басқару функциясын атқарады. Жоғарыда айтылған функциялармен сабақтас тағы бір функция ол - қарым-қатынас функциясы. Халық айтады, журналист жазады, жеткізеді, басқасы оқиды, талқылайды. Сұхбат та тікелей қарым-қатынас рөлін атқарады. Журналистикада өзара ақпараттық байланыстың  басты міндеті - бұқаралық аудиториямен, қоғаммен қарым-қатынас, байланыс орнату.  Ең маңыздысы ағымдағы уақытта болып жатқан мәселелерді дәл әрі нақты, жылдам, сауатты түрде көрерменге сапалы түрде жеткізу. Журналистика- белгілі бір деңгейде әлеуметтік қарым-қатынасты реттейтін механизм. Қарым-қатынас орнату үшін журналист ең алдымен, аудитория ұға алатын ауызекі, жазба, бейнелеу тілін жетік білуі керек. Әр ұлттың өзіндік мінез-құлқы, салт-дәстүрі, көңіл-күйі, ежелден қалыптасқан бейнелі тілі де ақпараттың таралуына едәуір әсер етеді. Баспасөз қызметкері өз жұмысында кейіпкерінің әлеуметтік позициясын да ескеріп отырады, не оны қолдайды, не онымен пікірталасқа түседі, сөйтіп, екі түрлі пікірді де аудиторияға таратады. Сонымен қатар, қазіргі таңда белсенді функция ол көңіл-көтеру функциясы. Телеарналарда берілетін көңілді тапқырлар алаңы, ток-шоулар, концерттер мен телесериалдардың көрсетілуі көңіл-көтеру функциясын білдіреді. Бұл функцияны геодонизм ұғымымен байланыстыруға болады.Ол ұғым көңіл көтеру дегенді білдіреді. Нақты айтқанда көңіл-көтеру функциясы көрерменге эмоциялық тұрғыдан әсер ету үшін, көңіл-күйін көтеруге, демалуға негіз болады. Телеарналар мен радиода берілетін концерттер, әдеби-сазды бағдарламалар, фильмдер мен телесериалдар, газет-журналға жарияланатын мақала мен әңгімелердің өзі оқыған, көрген адамға ерекше әсер сыйлайтыны анық. Соның ішінде  қазір ойын-сауық бағдарламаларының, көркем фильмдердің алатын орны ерекше.  Бұл жағына келгенде, отандық телеарналар біршама жоғарғы деңгейге жетіп қалған. Мұны телеарналардың бағдарлама тізімінде көркем туындылардың басым түсіп жатқандығынан-ақ байқауға болады.  Журналистикада көркем туындылардың өзіндік алар орны  мен атқаратын міндеті бар. Мұндай туындылардың  аудиторияның дүниетанымын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Себебі, көркем туындыларда өткен күнді, бүгінгі уақытты және келешекті бейнелейді, елестетеді, өмір шындығы мен күнделікті іс-әрекет пен көріністердің шартты түрдегі деректерін көңілге қонымды етіп ұсынылады.

Жалпы, журналистиканың атқаратын функцияларын тізіп көрсету маңызды емес. Маңыздысы функциялардың алатын рөлін, қызметін атап көрсету. Айналамызда болып жатқан өзгерістердің, өзекті мәселелердің барлығы дерлік адам іс-әрекетімен байланысты. Журналистика саласы қоғам мен саясат қатар жүретін өмірде өзінің белгілі бір позициясын тек функциялар жүйесінің негізінде ғана іске асыра алатындығымен ерекшеленеді. Сондықтан журналистиканың мәнді мақсаты- бұқаралық аудитория мен әлеуметтік институттарға ақпараттық қызмет көрсету. Егер журналистика өнімдері өз адресатына «жетпей қалса», онда басқа жанама мақсаттар да орындалмайды. Өйткені олар басты мақсатқа- ақпарат тарату мақсатына тікелей тәуелді. Осы тезистен таратып алып кететін болсам, журналистік қызметтің табиғатын түсіну үшін, «кімге?» және «неге?» деген сауалдардың мәнін ашуға тура келеді. Осы арада біз «кімге?» деген сауалдың жауабын журналистиканың функциялық жүйесінен таба аламыз. Яғни ақпараттар ағыны бұқаралық аудитория мен әлеуметтік институттар тізбегіне арналады. Бұл ежелден қалыптасқан дәстүрлі жүйе. Ал «неге?» сұрағына жауап беру үшін ізденіс ауқымын кеңейте түскен жөн...



Жұлдызды блогтар