Қолдың ұзындығы

Қолдың ұзындығы
жеке
блог

Бертінде "Ұрлықшылар, ұялшақтар, өтірікшілер" атты эстафета жүрген еді. Көбі өз оайларын ортаға, салып, балғын балалықтағы қателіктерді мойындап жатты. Сол кезде бәріміз бір-біріміздің қызықтарымызды оқып мәз-мейрам болып жаттық. Бұл жазбамда мен ұрлықты кәсіп етіп алғандар туралы айтқым келеді.

"Пәленшенің қызы я ұлының қолының ұзындығы бар, сақ болыңдар" деп жатады кейбір ортада. Өзім де бірнеше мәрте сондай ортада заттардың жоғалып, табылмағанына куә болғанмын. Ең жаманы, сол ұрлықты әдет қылып алады. Жақын туыстарынан, достарынан алып жатады. Сұрап алса бір жөн ғой.

Екінші курста оқып жүрген кезім. Жұмыс істеймін тағы. Бір әріптесіміз болды. Жаман әдеттерге де жақын. Боқтай салады, темекіні ұзын тістеп, кіші, үлкен демейді. "Тәрбиесіз" деп оны айналшықтап жүретінбіз. Бір жағынан аяйтынбыз. Көрінгенмен тұратын. Өз үйінен кетіп қалған қыз. Жұмысқа бір әпкесі орналастырған тамыр-таныс арқылы. Салақтыққа жақын болатын тағы. Күндердің күнінде жанымыздағы қыздар барлығымыз сөмкеміздегі заттардың, майда тиындардың жоғалғанын байқадық. Басында өзімізден көрдік. Түсіріп алдым, жоғалтып алдым деп. Кейін қарасақ, әрқайсысымыздың күнделікті бір дүниеміз жоғалады. Біреудің ылғалды сүлгісі, біреудің 50-100 теңгесі, біреудің опасы, біреудің темекісі дегендей. Бір қарасаң, майда зат, ал қандай жаман боласың содан. Менің де заттарымның біртіндеп жоғалғанын байқаған соң, барлығына қарап: "Менің кеше осындай осындай затым жоғалды, алдыңғы күні осынша ақшам жоғалды. Егер де осылай қайталана берсе, шатағым жоқ, 02-ге (қазір 102 ғой) хабарласып, арыз жаза саламын. Сосын бәрін тексереді" дедім. Сол кезде басқа қыздар да шыр ете қалды. "Менің анауым, менің мынауым жоғалды" деп. Осы кезде жаңағы қызымыз орнынан ақырын тұрды да кетіп қалды. Ертесі жұмысқа келмеді. Қорықты ма, әлде басқа ма білмеймін. Не кешірім сұрамады. Әйтеуір, содан кейін оны ешкім көрмедік. Тіпті, көргіміз де келмей қалды. Ал оны жұмысқа орналастырға әпкесі жақсы еді. Ол да хабардар болды кейін. Онымен де араласпай кеттік. Шамасы, сіңлісінің сондай қыз екенін бұрыннан біледі. Ол да ештеңе деместен шығып кетті.

Бір ауылға қонаққа бардық. Бірінші рет баруым, сол кісілерді бірінші рет көруім. Екі сағаттан кейін сумкамды тексеріп, сағатты қарай салайыншы деп қарасам, ұялы телефоным жоқ. Ары қараймын, бері қараймын. Салғаным есімде. Әкемнің телефонын алып, өзіме хабарласып іздейін келіп. "Телефон сөндірулі" дейді. "О, тоба" дедім. Сол үйдегі әпкеге айттым. Ол болса, үйдегі бала-шағаға айтып жатты. Бір кезде өзі: "Кеттік құмалақшыға" деп көрші апаға апарды. Ол кісі бірден бетіме қарап: "Телефоның ақ сумкадан жоғалып отыр. Қара қыз алды, қара жігіт әкеп береді" деді. Үйге оралдық. Ойда ештеңе жоқ. Тым болмаса, симкамды қайтарып берсе игі деп отырмын іштей. Бір кезде сол үйдің үлкен немересі әкеп берді телефонымды. Өшірулі тұр. Өзім қосып алдым. Сөйтсем, сол үйдің қара қызы, жаңағы жігіттің қарындасы алған екен. Өзінің сондай әдеті бар деседі. Оны кім білген десейші. Өзі интернатта оқыған. Бірақ, ұзақ оқи алмай, жаңағы қылығынан оны қуып шыққан. Не үшін алғанын айтпады да. Кешірім де жоқ. Әйтеуір, сол үйдің қариялары кешірім сұрап, бетімнен сүйіп, баталарын берді маған. Өзім бір түрлі болып қалдым. Қонаққа бәле іздеп барғандай болып.

Қоғамдық көлікте небір жағдайлар болады. Ақша, телефондарын алып, шырылдатады оңбағандар. Бір күні мынадай оқиғаның куәсі болдым. Автобусқа міндім. Оның соңғы аялдамасы менің үйімнің жаны. Сондықтан да бар қызықты көріп барамын. Автобусқа бір аға мінді. Орта жаста, арық келген, бойы ұзын. Халық ығы-жығы. Келесі аялдамадан 3 жігіт мінді. Екеуі жаңағы ағайдың жанына тұра қалды. Бірі есік маңында. Содан анау екеуі ағайдың қалтасын аңдып, бірі қолын қалтасына салды. Аға дым сезбегендей тұр. Бір кезде анау жігіттің қолын шап беріп, қайырды. Біреудің қалтасына қол сұққанда бәледей, жан керек, шырылдап қоя берді. Жанындағы екі досы түсіп кетті. Қашып кетті, досын тастап. Ағай болса, көп сөзге берілген де жоқ. Алдыда бар күшімен жаңағы қолын қайырып, тұтқаға байлап тастады. Автобус тежелген сайын анау бақырайды. Сөйтсек, ағай анау ұрының қолын сындырыпты. Шырылдап жатыр, шырылдап жатыр. Біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Кондуктар босатайын десе, ағай тұр. Автобустағы қарттар өлтіресің ананы деп жатыр. Ағай болса: "Талай жылатқан енді өзі жыласын" деді. Бір жағынан ағайдың өжеттілігіне тәнті болдым, бір жағынан анаған жаным ашып тұр. Бірақ, не болса да ағай жарады. Кейін ағай өз аялдамасынан түсіп кетті. Ананы кондуктор босатты. Соңғы аялдамаға жеткенде жедел жәрдем шақырамыз деп жатты. 

Қолымда тұрса, сондай қолы ұзындардың қолын өжет ағай сияқты қысқартып берер едім.