ҚазҰУ – заманауи Қазақстанның ғылым ордасы
жеке
блог

ҚазҰУ – заманауи Қазақстанның ғылым ордасы

Кез-келген мектептен қанатын сермеп ұшқан балапан түлектің үлкен өмірге қадамы – болашақта өзі таңдаған мамандығының жүйрігін көре алатын, саласын таңдап, қалаған оқу орнының табалдырығын аттауымен басталары хақ. Буыны қатпаған, жанып тұрған баланың, оқуға деген ынтасымен ғылымға құштарлығын сөндіріп алмай, өсіретін жақсы оқу орны болып, білім аренасында қалу да қиын дүние. Сонау 1934 жылы 15-қаңтарда тар замандарда қабырғасы қаланып, қазіргі таңда ілім теңізінің қарт сүңгуіріне айналып отырған, 87 жылдық тарихы бар əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заманауи Қазақстанның көшбасындағы білім ордасы екендігі, жалпыға тайға таңба басқандай анық. Болашақтан жарқын үміт күткен барша жасөспірімдердің шырағын жағып, тіпті, Қазақстанға еңбегі сіңген жазушы, «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы Рымқұл Сүлейменов, шетел тілі мұғалімі жəне айтыскер ақын Балғынбек Имашев сынды, əрбір қазақ білетін ғылым жəне өнер майталмандарын күні бүгінге дейін 140 мыңдай өз ісінің шеберлерін кәсіби білім нәрімен сусындатқан білім ордасы.

Қуанышпен хабарлай өтетін жағдай, оқу-ағарту, ғылыми-зерттеу жұмыстары тұрғысынан, республикамыздағы нөмірі бірінші ғылым ордасы саналатын – əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ағымдағы оқу жылынан бастап, адам жанына араша болатын, сыздаған жерін емдеп жазатын, ақ халатты абзал жандарды даярлайтын «Медицина жəне денсаулық сақтау факультеті» ашылып, тарихи оқу орнымыздың ғылыми аясы тағы да бір кеңейді.

Əрбір лапылдап жанып тұрған жастың жарқын болашағын жасауға, тарихи оқу орнын таңдауға шақырамын. Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері – еліміздің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосқанын ескере отырып, қазіргі талапкер жастарға егеменді еліміздің даму жолында қанаттары талмай қызмет етуде толағай табыстар тілеймін. Шәкірттерге бағыт-бағдар көрсетуде, теориялық білімдерін практикалық тәжірибелермен ұштастырып, әр саланың қыры мен сырын үйреткен ұстаздардың еңбектерін атап өтуді жөн көрдім. Халқымыздың сүйікті ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңімен ойымды түйіндегім келеді. «Мен жастарға сенемін!»... Ұстаздар мен шәкірттердің жемісті еңбектеріне білім ордасының əрбір кірпіші куə, дəлел бола алады.

Сапалы білім алуға, білікті мамандар дайындауда, қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына өз атымнан алғыс айтамын!

 

 

1 курс магистранты С. Суюндикова

Ғылыми жетекші: Л.М. Шайкенова