КАРАНТИНДЕГІ ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ

КАРАНТИНДЕГІ ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ
жеке
блог

Пандемияға байланысты әлемдегі барлық театрдың бірдей уақытта жабылуы театр тарихында болмаған елеулі оқиға. Карантиннің басты қағидасы адамдардың бір-бірімен көрісу, жанасу, кездесулеріне, тікелей қарым-қатынас жасауына тыйым салу болса, дәл осы белгі театр өнерінің тынысын тарылтып, мүмкіндігін әбден шектеген еді.

Премьералар, фестиваль, жоспарланған мастер-кластар, қаншама театрлық шаралардың тоқтатылуы аудиториясыз өмір сүре алмайтын өнер түрінің дағдарыстық кезеңін туғызғаны сөзсіз. Өзі тірі өнердің виртуалды, яғни, онлайн форматта өмір сүруі көбімізге парадокс секілді көрінгені анық. Ендігі сауал: Қайтпек керек? Жеті айдан астам уақыт бойы сахнаға шықпаған театрлардың шығармашылық құрамының жағдайын айтпасақ та түсінікті. Әрине, «амал жоқ» деп қол қусырып қарап қалмай, тірі организмнің бәсеңдеген жүрек соғысын тоқтатпауға тырысып жатқанына куә болдық. Бұл құбылыстың бәрі, әрине, театртанушылар назарында.

Отандық театр сыншылары ұйымдастырған конференцияБұл, бәлкім, театр үшін жаңа қадам басу кезеңі болған шығар, кім білед? Мүмкіндіктері шектеулі күйде отырған театрлардың , тығырықтан шығатын жолдар іздеуі жаңа бағыт, формалардың пайда болуына әсер етпей қоймайды. Жай ғана архивтік спектакльдерді ұсынып жатқан да, ағымдағы репертуардағы қойылымдардың түсірілімін жариялап жатқандар да, тікелей трансляция арқылы спектакль қойып жүргендер де, күн сайын бір әртіс эфирге шығып шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беріп жатқан да театрлар бар. Әрқайсысы өз шама шарқына байланысты қызметтерін жалғастырып келді. Ал, бұл құбылыс қашанға дейін жалғасын таппақ және кедергілерді еңсерген театрды қандай жетістіктер мен құлдырауға әкелуі мүмкін?

Түрлі платформаларда онлайн спектакльдерін, жобаларын ұсынып, кері байланыс жасауға амал жасады театрлар. Сәйкесінше, қазақ театры да.

Карантин алғашқы екі айында отандық театрлардың 80 пайызы Инстаграм желісінде тікелей       эфирде жаппай сұхбат өткізумен айналысты. Барлық театрлар бір-бірінен көргендерін қайталап, бірқалыпты, стандартты онлайн өмірін кешті. Тікелей эфирден кейін тұрған – актерлердің поэзиялары, жеке орындаушылық өнерлері, сахна сыртындағы өмір, театр тарихына үңілу сынды жаңа айдарлар болды.

Өкініштісі, онлайн трансляция жасаған қазақ театры кемде-кем. Біздің театрлардың онлайн өмірі жоғарыда аталғандардан бөлек – мұрағаттағы ескі спектакльдерді қайта ұсыну мен ағымдағы репертуардағы қойылымдардың дайын жазбаларын уақытша желіге жүктеуден әрі аса алмағаны өкінішті. Онда да спектакльдердің түсірілімі көңіл көншітпейтін деңгейде. Карантиннің арқасында театрлар спектакльдің бейнетүсірілімін сапалы етіп жасау қажеттілігін ұқты деп үміттенеміз. Өйткені, қойылымдарды жалпы планда түсіру онсыз да көркемдік деңгейі жоғары емес спектакльді қабылдау үшін әбден аздық етеді.

Өнер, әдебиет, музыка, кинотанушылардың зерттеу нысанасы кез келген уақытта қолжетімді болса, театртанушылар үшін жағдай қиындау болды. Театр сыншылары сол сәтте, сол жерде ғана өтетін оқиғаның куәгері болуды, екінші рет дәл солай қайталануы мүмкін емес тірі өнердің атмосферасын аңсағаны рас. Бірақ, карантин кезінде бізді әлемнің бұрыш-бұрышындағы ең үздік театрлардың сахнасындағы аңызға айналған спектакльдерді көру мүмкіндігі қуантты. Ғылыми техникалық революцияның арқасында тікелей көзбен көру үшін кем дегенде үш ай бұрын билет алынатын спектакльдерді бір кнопка басу арқылы тамашалау таптырмас мүмкіндік болатын. Үйде отырып-ақ, Ресей, Польша, Германия, Франция, Англияның әлемге аты әйгілі театрларының спектакльдерін қарай алатын шамаға жеттік. Тіпті, бір уақытта параллель жүріп жатқан кезде, қайсысын көреріңді білмей де қалатын кездер болды. Олардың телеспектакльдері мен онлайн трансляцияларының өзі біздікімен салыстыруға келмейтін.

Әрине, түсірілімдердің қандай жоғары сапасы болмасын, бір емес, он камераның жемісі де тікелей көзбен көрген сезімді алмастыра алмайтыны анық. Дегенмен, карантин ұсынған мүмкіндіктердің үлкені осы болды. Спектакльдердің көріп жүріп, бүгінгі әлем театрындағы заманауи тенденциялар, айтулы есімдер, формалар мен жанрлар, әдістер мен мектептер, түрлі жаңалықтар ашуға болады.  Көп көрген сайын талғам қалыптасады. Ал, бұл біздің театрларға расында жетісіңкіремейтін тұс.

Посткарантиндік кезеңде театрдың өзін-өзі қалыпқа келтіру процесінде түрлі қиындықтар тууы ғажап емес. Әкімшілік тарапынан да, шығармашылық тұрғыдан да. Карантин алғаш жарияланған күннен бері бір жерге шоғырланудан қорқып қалған халықтың театрға келуі бұрынғысынан әлдеқайда төмен болады деп күтілді. Әрине, карантинге дейін де театрға өз ықтиярымен келушілер саны көп болды деп айта алмаймыз. Дей тұрғанмен, ендігі жердегі шешімі қиын мәселе аудитория жинау деп болжаған едік.

Елімізде карантин режимі әлі аяқталмағанына қарамастан, қазан айынан бастап театрлар есігін көрерменге ашты. Шектеулі орындарға ғана билет сатылып, театр тарапынан қауіпсіздік шаралары жасалуда. Бірақ, биылғы жаңа маусымын ашқан өнер ұжымдарының тынысын бақылай отырып, театр адамдарының қалыпты жұмыс режиміне асыға енгендігіне, бірден қызу темпті ала жөнелгендігіне және театрды сағынған көрерменнің де аз емес екеніне көз жеткізіп келеміз.

Кез келген дағдарыс кезеңі қиындықтар мен кедергілерді еңсеру жолында жаңа шығармашылық идеяларды іздеудің негізгі алаңы боп қалмақ. Осының негізінде көркем өнердегі жаңа тақырыптар мен формалар туады. Қайткен күнде де, бұл жарты жылдық карантин күллі әлем театрына барлық жағдайға дайын болуды ескертті. Бұл жолда қазақ театры үшін бірнеше міндеттер жатыр. Және уақыт алға жылжыған сайын олардың шешімі табылады деп сенеміз. Ғайыптан тайып табыла қоюы анық, ол үшін қажырлы еңбек керек. Сол идеяға нұсқағаны үшін де карантинге рахмет.

                                                                                               Жансая ТҰРМАҒАНБЕТ

                                                           Жас театртанушы