жеке
блог

«31 арна» Рамазан айына арнайы бағдарламасын дайындап отыр

Күллі мұсылман қауымы үшін  қасиетті Рамазан айы биыл 20 шілде - 19 тамыз аралығына келіп отыр. Иманнан хабары бар әрбір мұсылман өзінің  діни сауатын ашуға, имандылығын арттыруға жауапты. Бұл тұста еліміздің басты телеарналардың бірі «31 арна» игі бастама жасап, қасиетті Рамазан айына арнайы бағдарламасын дайындап отыр. Бір ай бойы халыққа мейірімділік пен қайырымдылықты, ақылдылық пен парасаттылықты, сабырлылық пен батылдықты насихаттайтын қазақ және орыс тіліндегі туындылар ұсынылады.

Телеарнада ораза айының әр күнінде жас өспірімдерге, әйелдер мен әжелерімізге, жалпы зиялы қауымға арналған   «Айна – рухани өмір», «Біз мұсылман баламыз», «Иман гүлі», «Иман нұры», «Нұрланған жүректер», «Таным және тағылым» атты  ақпараттық-танымдық бағдарламалар топтамасы жоспарланып отыр.

Ауыз бекітудің алғашқы күні көрермендердің назарына «The Message» фильмі тарту етілмек.  «Үндеу» деп аударылатын картина мұсылман дінінің пайда болуы мен пайғамбардың өмірі жайлы  мағлұмат береді. Ол халықтың дүниетанымын кеңейтіп, дінге деген сенімін арттырады, жүрегіне иман ұялатады.  Тұсаукесері 1977 жылы болған бұл фильм біздің дәуіріміздің 600-700 жылдарында болған оқиғаларды баяндайды. Әлемнің шығыс бөлігі түгелімен соғыс отына оралып, мыңдаған жазықсыздардың қаны төгіліп жатқан тұста Алла тағаланың елшісі Мұхаммед Пайғамбар өзінің ауыр жолын бастайды. Алтын мен қан көріп есінен адасқан адамдарға Алла тағаланың сөзін жеткізу оңайға соққан жоқ. Дегенмен ол халықты бір діннің астына жинай білді.   Алладан басқа ақиқат жоқ деген тұжырымдаманы Мұхаммед пайғамбар миллиондаған адамдардың жүрегіне ұялатты.  Осы бір қызықты да шытырман оқиғалы тарихи фильмді қазақстандық мұсылмандар Ораза айы кезінде «31 арнадан» бірнеше рет қайталап көретін болады.

Сондай-ақ 20 шілдеден бастан,  экраннан балалардың ислами сауатын ашатын   туындылар көрініс табады.  Мұсылман әлемінде аты аңызға айналған Саладин батыр туралы балаларға арналған мультфильм ұсынылмақ. Мультхикаяны жасаушылар ХІІ ғасырда Мысыр, Сирия, Ирак, Хиджаз бен Йеменде патшалық еткен Айюбидтер әулетінің негізін қалаушы жауынгер және мемлекеттік қайраткер Салах ад-Диннің өмір жолына қатты қызыққан. «Саладин» шытырманды топтамасы  уақыт өте келе ұлы көшбасшысының қалыптасуына ықпал еткен,  оның өміріндегі ойдан шығарылған кезең туралы баяндайды.   18 жасар бозбала   дамаскілік Саладин өз дінін қорғап қалу үшін басын қауіп-қатерге тігуге дайын.   Досы Тарыкпен бірге жас сарбаз алыс аймақтарды бағындырып, әлемнің түкпір-түкпіріне сапар шегеді... Шытырман оқиғаларды жақсы көретін екі дос үшін тарихта жазылатын хикая басталады.

 «Құрандағы жануарлардың таңғажайып оқиғалары» мультхикаясы үлкен жетістіктерге жеткеннен кейін, жобаның авторлары қасиетті Рамазан айында тарихи деректерге бай, адамгершілік құндылықтарға баулитын жаңа  «Құрандағы таңғажайып оқиғалар» атты мультхикая шығарды.  Қазақстандық жас көрермендер бұл туындыны  алғашқылардың бірі болып тамашалай алады.

Бұл қызықты мультсериалда шытырман оқиғаларға әуесқой, теңізші Джалалелдиннің әңгімелеуіндегі  таңғажайып  оқиғалар көрсетіледі.   Мысалы, бір күні Зияд атты жас бала  оның кемесiне жасырын кiреді. Кеме капитаны Джалалелдин, Зиядтың әлдеқашан жоғалған ата-анасы туралы  әңгімесін тыңдағаннан кейін, оған көмектесуді ұйғарады.  Ол баламен бiрге қауіпті де шытырман оқиғаларға толы мұхитты тамашалауға мүмкiндік  алды. Кейіпкерлерімізбен бірге  жүзуге қызықты  және көңiлдi екі  теңiзшi - Лулу  мен Маржан да аттанады,  бірақ, көмектесудің орнына олар тек қана Зиядқа кедергі келтіреді,  дегенмен оқиғаға көп күлдiргілер кіргізгендері  даусыз …

«31 арна» көрермендеріне ұсынып отырған арнайы бағдарламалар осымен шектелмейді. Сондай-ақ әлем мұсылмандары қадір тұтатын қасиетті Рамазан айында ұлы ойшылдардың нақыл сөздері де эфирден өз орнын табады. Бұл қадамның барша халықтың сауатын ашып, тарихи тұлғалардың шығармашылығымен жақын танысуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сонымен қатар, арнаның атқаратын негізгі жұмыстарының бірі – Қазақстанның барлық ірі қалаларында күннің батуына қанша уақыт қалғанын көрсетіп тұратын сағат орнатылмақ.

 Рамазан айында ораза тұтуға ниет еткен жамағат, «31 арна» ұжымы Сіздерге Алланың мейір-шапағатына бөленіп, Жаратқанның ықыласы мен сауабын нәсіп етсін деп тілейді! Ораза қабыл болсын!

 

 

 




Ең қызықты блогтар

Педагогтің эмоционалдық жануы және психологиялық саулығы
Еңбекті қорғау компания дамуының басым бағыты
Болашақта өзімді қалай елестетемін?
Әлемдегі өзгерістерге сай өзгере біл
Кәсіби маманның ерік қасиеттерінің дамуы жайлы
Шет елде тегін білім алуға мүмкіндік беретін жобаны білесіз бе?

Жұлдызды блогтар