Мен саған есірткі жайлы айтып беремін!

#УПНКЗО

#ЕСІРТКІГЕЖОЛЖОҚ

#КОНКУРСЭССЕ

 

Мен саған есірткі жайлы айтып беремін!

         Дүйсенбі күні. Ымырт түскен уақыт. Ой-санамды бір белгісіз дүниелер мазалады. Жаным тыныш табар емес.  Теледидар көрсем бе, жоқ сабақтарымды оқиын деген оймен бөлмеме кірдім. Осы сәтте ойыма ой туып, қазақ тілі пәнінен берілген үй тапсырмасын орындауды жөн көрдім.

Иә, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген Ұлы Абайдың орынды тауып айтқан өлең шумағы есіме түсе кетті.

Ой – өрісі жетілмеген адам ішкі сезімін билей алмайтын сәби сияқты көрінеді. Сәби болғандықтан, ол өз сезімін іс-әрекетімен үйлестіре алмайды. Өзін – өзі ұғынбаған, қоршаған табиғат пен қоғамдық өмір  туралы ешқандай жөнді мәліметі жоқ сәби – адам  жақсылыққа ұмтылғанда, соқырларша қарманады, сондықтан оның өтірікті шынға, зиянды пайдаға балап, көп қателесуі әбден мүмкін. Менің ойымша, адамдарға ерлік пен табандылық жаудың қаруына қарсы жұмсау үшін ғана емес, сонымен қатар кез – келген соққыға қарсы жұмсау үшін де дәл сондай қажет деп ойлаймын.  Әрбір ер жүрек, иманды және шыншыл адам ғана өз Отанына абырой әкеледі.

Есірткі…   Құлаққа қандай  жағымсыз әрі суық сөз десеңізші. Қанша адамның түбіне жеткен, бақытты өмірлерін баянсыз еткен улы зат болса да, әлі де тиылар емес.  Бүгінгі күні баланы қызықтыратын орта аз,  қала баласы түнгі клуб, би, ойын-сауық алаңдарына барса, ауыл баласы ше? Нашақорлар неге көбейіп кетті дейсіз? Оның басты себебі, кей ата-аналардың бала тәрбиесін уыстан шығарып алуында. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана баласымен тек қана материалдық тұрғыда ғана әңгімелесумен шектеледі,  қарның тоқ па, көйлегің көк пе дегендей. Баламен әңгімелесуге, оны не толғандырып жүргенін, оның ортасы қандай, достары кім екенін білуге, баланың бос уақытын қайда, қалай, кіммен өткізетіндігін білуге, сырласуға уақыт таппайды.  Көбінесе ауқатты отбасының балалары қарны тоқтықтан, істейтін іс жоқ болғандықтан есірткіге тәуелді болып қалады.

Қазіргі таңда есірткінің зиянын біле тұра, оған қарсы шығуға дәрмені жетпейтін жастар көбеюде. Тек қана жастар ғана емес ересек кісілерде, өз жасында балаларына үлгі болудың орнына, кері кетіп, келешек ұрпақты улауда. Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Мұндай достарыма айтарым  алдымен өзіңді жоғалтасың, өмірге деген құштарлық, болашаққа деген сенім, жүздегі әсем күлкі және отбасыңның саған деген сенімін, үмітін жоғалтасың. Өмірің мүлде басқа арнаға бұрылады. Ең бастысы - өмірге сенімді көзбен қара. Ал осылай өзіне сенімді адамдар көбейіп, есірткі өмірден жойылса, онда бұл өмірдің өзі ертегі. Ол үшін не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз? — деген сауалдар адам жанын мазалайды.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты -

          Мен жастарға сенемін! –дей келе шығармамды қысқа ғұмырын ел тағдырына арнап, Алаш ұранын аспандатып, халық игілігі үшін қара басын қатерге тігіп, күллі адамзаттың мүддесін көздеген Мағжан Жұмабаев  атамның жырымен аяқтағым келеді.

 

 

Галымжан Зарина Галымжанқызы

Қызылорда қ.

М.Мәметова атындағы

Қызылорда педагогикалық

жоғары колледжі

 1 курс студенді



Бөлісу: