Баламның былдырлары...

Баламның былдырлары...
жеке
блог

Ұлымды қатты сағынып жүрмін. Көрмегелі 4 айдың жүзі болып қалды. Тек телефонда сөйлесеміз, оған да шүкір. Сағынышымды басу үшін Даниялдың тілі шыққалы бері есімізден кетпей, езуімізге күлкі үйіретін былдырларын Сіздермен де бөлісейін дедім.

2 жасқа тола қоймаған уақыты, бірақ тілі ерте шыққан соң, әңгімелері қызық болатын. Таңертең мамам оянса Даниялдың түнде мұрны қанаса керек, жастығы, бет-ауызы қан болып жатыр екен. Ұйқысынан оянған соң "Даниял келе ғой жуындырайын" десе "қойшы, апа, түнде жатарда жуынып жатқанмын" депті. "Сен өзің айнаға қарасаңшы" депті мамам. Айнаның алдына барып бет-аузына жағылған қанды көріп аң-таң болып біраз тұрыпты. Біраздан кейін ғана барып қолдарындағы да қанды көріп "апа, мен қашан өліп қалғам, мені кім атып кеткен" депті бала тілімен...

3 жасар кезі болатын. Алматыда сіңлім, күйеу баламмен бірге тұратынбыз. Сіңлімнің аяғы ауыр. Кешкі аста отырғанымызда Даниял бәрімізді аққуға теңеді. "Сен мама аққусың, мен бала аққумын. Бақытжан көкем еркек аққу, Жанна апкем екіқабат аққу" деп. Біз мәз болып күліп алдық. Ертесіне Мәриям құрбым бүкіл араласатын достарымызбен бізді де қонаққа шақырды. Түндегі оқиға ұмытыла қоймаған, сол жерде айтып күлдік. Біздің әңгімемізді ас үйде жүріп құлағы шалған Мәриям жүгіріп келді де "Даниял, айтшы, мен қандай аққумын" деді. Бәріміз үндемей қалдық. Даниял Мәриям тәтесіне біраз ойланып қарап отырды да "Сен жалғыз аққусың ғой" демесі бар ма? Бәріміз қыран-топан. Мәриям аң-таң. Мына бала менің жалғыздығымды қайдан біліп қойды деп, бізбен қосыла күлгені бар.

Сол қонақта отырғанымызда Даниялдың тыпырлап үйге симай кеткенін байқаған Қуаныштың жолдасы Қалдыбай (өзі сондай балажан) "Жүр, Даниял, екеуміз далаға шығып келейік" деп ертіп кетті. Біраз уақыттан соң екеуі қайта келді. Қалдыбай мәз. "Гүлнұр, балаң мені "өлтірді ғой"" дейді. Сөйтсек былай болыпты. Далаға шыққан соң есіктің алдында тұрған машиналарды Даниял мараларымен бәрін айтып беріпті. Бәрін айтып келе жатты да жигулиды айтпай өтіп кетті дейді. Сосын, "мынаны неге айтпайсын" десе "қойш, ол әншейін жигули ғой" деп айтады дейді... Біз тағы да қыран-топан күліп алдық.

\Мәриям Әбсаттар, Қуаныш Әбілдақызы "Алаш айнасы"\\\

Даниялдың қызықтары өте көп. Уақыт болғанда тағы айта жатармын. Әзірге осы )))