Ойлылар ойынының ханшайымы—Серікбай Әсел

Ойлылар ойынының ханшайымы—Серікбай Әсел
жеке
блог

2017 жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның бірі — «100 жаңа есім» жобасы.Аталған жоба өз мәресіне жетіп, бүкіл қазақстандықтар еліміздің жүз жаңа есімін анықтады. Осы тізімге енгендердің бірі — Т. Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» факультетінің 3-курс студенті, ІІІ дүркін әлем, ІlV дүркін Азия, ХІV дүркін Қазақстан Республикасының шахматтан чемпионы—Серікбай Әсел. 

Серікбай Әсел Арманқызы 2002 жылдың 23 қаңтарында Қызылорда қаласында Ибраимов Серікбай атаның әулетінде дүниеге келген. Әкесі—Серікбайұлы Арман, анасы—Айнұр. Әселдің үш бауыры бар. 

Шахмат әлеміне 1 сыныптан-ақ аяқ басты. Бұл өнерді таңдауының басты себебі—шахмат фигуралары. Әселдің өзі:«1 сынып оқушысымын. Сыныпқа кірген бір апай сыныпжетекшімнен шахматқа қатысатын балалар сұрады. Арасында мен де бар екем. Бір кабинетке кірген соң, үстелге отырғызып, алдыма тақта берді. Үстіндегі түрлі фигураларға қарадым да, қызығып кеттім. Өздері маған, құдды бір, сөйлейтіндей. Ақыры, не керек, бұл үйірмеге жазылдым.» —деген болатын. 

Жас шахматшы алғашқы ірі жеңісіне 2010 жылы Семей қаласында өткен ел чемпионатында қол жеткізді. Біріншілікте ол классика, рапид, блиц түрлерінен үш бірдей алтынды иеленді. Бұл жас шахматшының бастамасы ғана болатын.

Сол жылы Грекияда 81 мемлекет спортшылары қатысқан әлем чемпионатында 8 жасқа дейінгі қыздар арасында үшінші орынға табан тіреді.

2011 жылы Польшада өткен оқушылар арасындағы әлем біріншілігінде (9 жасқа дейін) әлем чемпионы тәжін киді. 

2012 жылы Шри-Ланкада  өткізілген Азия және Румыниядағы әлем чемпионатында 2 орын иеленді. 

2013 жылы Сауд Арабиясында жалауы желбіреген дәл осы турнирде 5-орынды қанағат тұтты.

2014 жылы Ташкент қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионатында (блиц) 2-орын алса, 2015 жылы Сингапурде өткен осы жарыстан классика бойынша бас жүлдені жеңіп алды, блиц түрінен 3-орынға жайғасты.

2016 жылы Моңғолияда өткен Азия біріншілігінде екінші орынды иеленіп, сол жылы Алматыда өткен Президент Кубогында (16 жасқа дейінгі) тағы да өз шеберлігін дәлелдеп, бұл көрсеткішінен таймады. 

2017 жылы Румынияда өткен әлемдік додада бірінші сатыдан көрініп, өз бабында екенін тағы да дәлелдей түсті.

2019 жылы Индонезия жерінде өткен 20 жасқа дейінгі Азия жарысында жас шахматшы І орын иеленіп, WIM(Women International Master) атағын жандандырды. 

Еліміздің мақтанышына айналған Серікбай Әселдің басты арманы «Гроссмейстер атағын алып, еліміздің көк туын көкке желбірету. Халықаралық аренада абыройын асқақтату.» 

Елбасымыз атап өткендей, жанымызда еліміз үшін өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан замандастарымызды насихаттау біздің парызымыз деп есептей отыра, жас шахматшы Серікбай Әселге тек сәттілік тілейміз!