Әлеуметтік желі – тренд пе әлде деградация ма?

Әлеуметтік желі – тренд пе әлде деградация ма?
жеке
блог

Жалпы «тренд» сөзі белгілі бір бағыттағы даму деген мағынаны білдіретінін білеміз. Яғни, заман талабына ілесе білу. Әрине, қазір әлеуметтік желілер дамып, өсіп жатыр. Әлеуметтік желілер табыс көзіне айналып, таланттардың тез танылуына көмектесті. Сондай-ақ, бүкпесіз жаңалықтардың қайнар көзі болды. Не керек әйтеуір іздегенімізді табатын, бос уақытымызды құртатын, білімімізді дамытуға да көмектесетін, достарымызбен байланысты ұстап тұратын байланыс тәсілі болды. Алайда, әлеуметтік желідегі осы дамумен қатар жастар арасында деградация да бірге келе жатыр. Ар-ұятқа келмейтін, ақылға қонымсыз дүниелер мен бассыздықты «тренд» деген сылтаумен ақтап алатынды шығардық. Бұрын ұят болып көрінген дүниелер мен ерсі қылықтарға қазір тренд шығар деген ой пайда болатын болды. Күні кеше ер-жігіттерімізді қыз деп мазақтаса, арланатын, ашуланып, намыстарына тиетін еді. Бұл қасиет бала кезден ар-намыс, ұят деген сөздермен бойға тараған болатын. Ал қазір жігіттеріміз өз еріктерімен қыз баласының киімін киіп, тренд деген сылтаумен қыз бен жігіттің образдары ауысатын челлендж шығарды. Бұны елге белгілі, блогерлер мен әншілер де өз парақшаларына жариялап жатты. Ал танымал тұлғаларымыздың артынан ерген жасөспірімдерге бұл қалыпты нәрсе, яғни «норма» деген ой қалыптасты. Ендеше, жастайынан бұны көріп өскен ұрпақта не тәрбие болмақ?!

Жарайды, оған да көндік делік. Алайда тик-ток көрде жатқан ата-бабаларымызға да тыныштық бермеді. Қазағымыздың қаймақтары ұлы ақынымыз Абай атамыздан бастап, алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтарды, репрессия да қалың қазақтың қамын ойлаған, ащы шындықты көлгірткісіз жазған, айта білген Мағжандарды, желтоқсандағы Қайраттарды тик-токта қалай тірілткені бәрімізге аян. Бұл ата-бабаларымыздың рухын сыйламау, қастерлемеу деп білеміз!

Әрине бұдан кейін, қазіргі ата-әжелері мен үлкендерге деген құрмет пен сыйластық та жоғала бастады. Кеше ғана инстаграмды шулатқан бейнежазба туралы айтсақ, айтарға сөз таппай, кірерге тесік табылмайтындай жағдайға жеттік. Бейнежазбада жасөспірім егде тартқан әжені құттықтап тұрып, қолындағы тортпен аямай әженің бетіне қарай лақтырды. Үсті-басы былғанған әженің абдырап, не істерін білмей қалғанын да көрдік. Ендеше ақ жаулықты апаларымыз бен аналарымызды бұлай қорлауымыз тренд пе әлде деградация ма? Әділ шешімін өздеріңіз беріңіздер...

Маженова Жанна,

Ертай Дидәр

Әл-Фараби ҚазҰУ,

География және табиғатты пайдалану факультеті

Картография және Геоинформатика кафедрасы