Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан Момышұлы

Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан Момышұлы
жеке
блог

     Осыдан дәл 110 жыл бұрын Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қолбасшысы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы және де ұлтының ең аяулы перзенті Бауыржан Момышұлы дүниеге келді.

Батыр атамыздың есімі  Қазақ еліне таныстыруды еш қажет етпейтіні хақ. Бауыржан есімі халқымыздың «халық батыры», «әскери қообасшы», «қаламгер» секілді сөздерімен ұштасып, ұрпақ санасына тереңінен сіңіп кеткен.

Аңызға айналған Бауыржан атамыздың өмірбаянына қысқаша тоқталсақ. 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген бала Бауыржан мектепті үздік деген бағамен тәмамдап, Ленинград финанс академиясы жанындағы курсқа оқуға аттанады. Оны тәмамдағаннан кейін ауылға қайтып, мектепте ұстаз болып, кейіннен Алматы, Шымкент өнеркәсіп банкілерінде қаржы қызметкері болып қызмет етеді. Қызыл Армияның қатарына тартылғаннан кейін Бауыржан атамыз взвод, рота командирі, полк штабы басшысының көмекшісі секілді қызметтерде жүріп, өмірдің түрлі соқпақтарынан өтіп әбден ысылады.

Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанған шақта қолбасшы Бауыржан 316 атқыштар дивизиясының жасақталуына сүбелі үлес қосып белсене араласты. Өзі осы бөлім құрамында батальон, полк командирі және дивизия командирі ретінде Мәскеу түбінде, Калинин майдандарына қатысып, ерлігімен әлемді тәнті етті. Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін де Бауыржан атамыз біраз уақыт әскери қызметін жалғастырды. Ворошилов атындағы академия мен Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғарғы әскери академияны аяқтап, осы аты аталған оқу орындарында ұстаздық етіп, болашақ генералдарға сабақ берді.

Бауыржан Момышұлы атамыз соғыс жылдарында айбынды да қатал әскери қолбасшы болып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты әрі мейірман тәрбиешісі де бола білді. Қанды соғыстың қақ ортасында өткізген сындарлы жылдары жауынгерлер өздеріне тіреу, қамқор бола білген Бауыржан Момышұлын «батя» (әке) деп қатты құрмет көрсеткен. Мыңдаған жауынгерге «батя» атанған әйгілі панфиловшы-қолбасшының бойына әкенің ақылы, ананың ақ сүтімен сіңген қасиеттің бірі – намысшылдық пен ар тазалығы. Оның жарқын бір ғана мысалы ретінде Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің естелігіндегі жолдарды келтіре аламыз. Онда былай делінеді: «Жауынгерлік ар-намысым менен осында, жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген жолдастарымның аруағы қашан қатардан шыққанымша осы дивизия туының астында болуымды талап етеді. Егер мен бұл жерден кетіп қалсам, онда мені өлген солдаттарымның рухы қарғайтын болады! Мен солдатпын! Солдатша соғыса білуге де міндеттімін. Солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиістімін. Менің сөзім осы, жолдас комиссар». Отаншылдықтың, ұлтын сүюдің шынайы бір белгісі осы деп кәміл сеніммен айта аламыз!

Өзі үшін емес, халқы үшін күрескен айбынды Бауыржан атамыздың өрлік бейнесін Қасым Аманжолов былай деп жырлаған:

Нақ сол кезде естідім ер дүбірін,

Атағы атын алып келді ел бұрын,

Үстінде туған елдің тұрды толқын

«Бауыржан Момышұлы» - деген бір үн.

Бауыржан атамыз – әр ісімен, көзқарасымен, бар болмысымен қазақтың намыстан жаралған ұлт екенін әлемге мойындата алған бірден бір ерек тұлға. Тұла бойы ұлтжандылықтан жаралған батырдың бейнесі тарих беттерін аралап, жыл өткен сайын тот баспас алтындай жарқырауда.

Міне, осы Бауыржан Момышұлындай атамыздың білімді, адамдық қасиеттері жоғары, парасатты, тәрбиелі, өте жауапкершілігі мол,үлкенге құрмет кішіге ізет көрсете білетін және ең алдымен елі үшін аянбай еңбек етіп, туған еліне пайдасын тигізуге тырысқан нағыз ұлтжанды азамат екенін болашақ ұрпаққа үлгі ету мына біздердің міндетіміз.

 

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультеті т.ғ.д.,профессор Қ.С.Қаражан

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты Нұрахимова Ж. Ф.