«Көңілдің бәрі наз емес...» немесе ерлердің қолданысындағы баға

«Көңілдің бәрі наз емес...»  немесе  ерлердің қолданысындағы баға
жеке
блог

Әйелдерге қарағанда еркектер эмоцияға көп беріле бермейді. Ер адамдар сөйлегенде коммунивкативті қатынастағы адамымен эмоционалды-экспрессивті сөздерді қолданбайды, керсінше қарапайым сөйлейді. Десек те, еркектердің сөйлеу әрекетіндегі экспрессивтердің орын алуы, нақты бір жағдаяттың аясында жүзеге асады.

Мәселен, әйелдер тосыннан болған жағдайда эмоцияларына ерік беріп, шошынғанда, қиналғанда, шаттанғанда, қуанғанда сол ситуацияны айқындайтын бағалауыштық сөздерді қолдана береді. Ал, ер адамдар, бұл тұрғыда бағалауыштық сөздерді бейбірекет қолданбайды.

Көңіл күйді білдіретін экспрессивті, бағалауыштық сөздерді қазақ тілінің грамматикасында – одағай сөздер деп атайды.

Ал, одағай, яғни бағалауыштық сөздер ер адамдардың тек қызығушылығына қарай туындап отырады. Мәселен, әйелдерге қарағанда еркектер футбол, күрес, бокс, ат жарыс спорт түрлерін көп тамашалайды. Бұл өнер түрлері ерлерді серпілтіп, ерекше бір күйге түсіреді, сәйкесінше сезімдеріне әсер етеді. Дәл осындай сәттерде ғана, сол бір ерекше күйде отырған ерлер өз эмоцияларын, ризашылықтарын, таңырқау, қуану сәттерін одағай сөздермен жеткізіп жатады.

Ерлердің  қолданысында көп кездесетін одағайлар «ә, бәрекелді!», «уа, батырым!», «жарайсың, ерім!» күресуші немесе сайысқа түсушілерге күш, әсер беру мақсатында ерекеше интонациямен, қатты дауыспен тыңдаушыларға да әсер ете айтылады.

Тек күш-қайрат беретін кезде ғана емес, ер адамдар таңқалғанда, кейігінде, біреуді аяғанда, ренжігенде, тіпті әңгімені эмоциясыз баяндағанда «пай-пай», «паһ-паһ» сынды одағайларды қолданады.

-         Паһ-паһ! Шаңқылдарсың! ... Мықты болсаң, сен бар ғой, менің бір аяғыммен күрес. (Қобыланды батыр)

-         Пай, екеуі бүгін қырбай боп қалды деп еді, қақтығысып қалмаса игі еді, - деді Көлбай. (М. Әуезов)

Жағдаятқа байланысты оъектіге риза болмай бұйыру, басу айту кезінде, ер адамдар «жә» одағайларын жиі қолданады.

-         Жә, бопты, бопты. Басқа мәнділеу әңгімеге көшелік. (Ө. Ахметов)

Болған жағдайға өкіну мәніндегі «қап», «әттең» одағайлары бағалауыштық лексиканың бір түрі, ерлер қолданысында жиі кездеседі.

-         Қап, қор болдық қой! Қапыда қалған басым! (М. Әуезов)

-         Әттеген-ай, әттеген-ай! – деп өкініштің қамшысы өзегін ағылап біразға дейін тілден тосылып отырды. (К. Ахметбекұлы)

Алайда, «-Ойбай-ай! Сұмдық-ай! Құдай-ай! Ойбуй! Өлә! Көтек!» дейтін одағайларды ер адамдардың сөздік қолданысында жиі кездестіре бермейміз. Бұл ерекшелік, ерлер мен әйелдердің сөйлеу этикеті, елдің алдында өзін-өзі ұстау тәртібінің негізінде туындағаннан болуы керек. Себебі, ер адам ел алдында «өлә!», «көтек!» одағайларын келтіріп тұрса, бұл ұят қылық болып есептеледі. Ал, керсінше, әйелдер «уа деген!» деп тұрса, бұл одағай сөздер әйел қолданысында ерсі естілуші еді.

Жалпы, біз, тек ерлерге және тек әйелдерге қатысты ойдағайлар деп алуға құқығымыз жоқ. Себебі, одағайлардың арнайы жыныстар арасында айтылуы тиіс дейтін ұлттық тәртібі, мемлекеттік заңдылықтары жоқ. Бұл жыныстардың сөйлеу, таңдау, ойын, көңіл-күйін жеткізе алу қабілетіне қатысты болатын құбылыс деп ойлаймыз. Дегенмен де ерлер одағайлардың өзіндік ерекше бір түрін, әйелдер де өзіндік одағайларды сөйлеу қабілетіне қарай таңдайды. Бұл жыныстардың арасындағы сөйлеу ерекшеліктеріне қатысты ситуация.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

филология және әлем тілдерінің доцент  м.а., PhD докторы

Д. Койшигулова