Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам
жеке
блог

Бейтаныс нөмір қоңырау шалды.

-Алло? 

-Сәлем, бұл Пәленше ғой...

Оралдағы бір сыныптасым екен. Алматыға келіпті. 

Ол кезде құрбым екеуміз көшеде дүкен аралап қыдырып жүргенбіз. "Алматыдан кеткенше хабарласармын, кездесерміз" деп жылы жауып, телефонды қойғым келді. Қазір кездесейік, деп болмайды. Бір сылтау ойлап табу керек. "Алматының шет жағындамын дейін, бәрібір білмейді ғой қайда тұратымды" деп қулығымды асырмақ болдым. "Алматыға бір барғанда, кездесуге жарамады" деп өкпесі қара қазандай болады-ау деген ой да жоқ емес. "Енді қазір өз-өзіммен болғым келсе, не істеймін..." "Нағыз өзімшілдің өзі екенсің". Ішкі ойларым ғой арпалысып жатқан...

-Жарайды, қаланың ішіне келген бойда, хабарлас ендеше,-деді де сыныптасым тұтқаны қойды.

Аялдамаға жетіп қалыппын. Автобус та зыр етіп тоқтай қалды. Қасымдағы құрбыммен қош айтыстық. Қолымдағы екі пакетімнің ауырлығы шыбын шаққан ғұрлы болмай, автобусқа секіріп міндім. Өз-өзіме разымын. Сыныптасымды алдағаным үшін аздап қысылып тұрсам да, жақсы қыдырдық. Сергіп қалдым. Кенет... Кенет біреу артымнан түртеді.

Жалт қарасам, банағы хабарласқан сыныптасым. Өй! Өз көзіме өзім сенбедім. Масқараның көкесі. 

-Сен қайдан жүрсің?-деппін сасқалақтап.

-Ал сен ше? Алматының шеті ме бұл? 

Ұят-ай. Ұят-ай... 

Нән Алматының қақ ортасында осы бір кішкентай автобустың ішінде пәлен жыл көрмеген сыныптасымның алдында жер боламын деп кім ойлаған?.. Айналып кетейін сыныптасым өзін алдағаным үшін сәл ренжігенімен, ол реніш сыныптастар арасындағы сағыныш пен жылылықтан басым болмады. Сампылдап әңгімесін айтып келеді. Менде оған қарайтын бет жоқ. Оның алдындағы айыбымды қайтсем жуам деп өз-өзіммен арпалысып келем...

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам деген осы ))

Сурет: lillyho.livejournal.com