ПАНЕНКА СТИЛІНДЕГІ ПЕНАЛЬТИ

ПАНЕНКА СТИЛІНДЕГІ ПЕНАЛЬТИ
жеке
блог

Паненка стиліндегі пенальти — Чехословакия Ұлттық футбол құрамасының футболшысы Антонин Паненканың атымен аталып кеткен футболдағы тіркес, айып доптарын орындау әдісі. Доп баяу ғана қалқып, доғаша иіліп барып қақпаға енеді, мұндай әдіске қара күштің қажеті жоқ, аяқтың алқымымен немесе "ішімен" доптың астыңғы жағынан ақырын ғана көтеріп жіберу керек. Бұлай бағыттау үшін ең әуелі мықты тәуекелге сүйену қажет, әйтпесе қақпашы орнынан қозғалмай тұрып қалса, мұндай допты оңай ғана қақшып алады.

1976 жылғы Еуропа чемпионатының финалында Чехословакия және ГФР құрамалары кездесіп, негізгі және қосымша уақыт тең аяқталады да, жеңімпазды анықтау үшін пенальтилер сериясы басталады. Есеп 4:3 боп чехословактардың пайдасында тұрған кезде екі жақтан да бір-бір мүмкіндік қалады. Осы сәтте допты тебуге Антонин Паненка барады. Ол Зепп Майер қорғаған қақпаға жоғарыда баяндалған әдіспен гол соғып, Чехословакия Еуропа чемпионы атанады. Содан бастап осы әдіспен соғылған пенальтилер "Паненка стиліндегі пенальти" деген атауға ие болады.

Бұл жайлы әйгілі Паненканың өзі былай дейді: "11-метрлік айып добын тепкенде қақпашылар көбіне немесе үнемі оңға немесе солға атылады. Сол себепті де олар қақпа ортасына бағытталған қандай баяу соққыны да қайтара алмайды".

Әйгілі футбол королі Пеле де бұл жайлы пікір білдіріпті: "Паненка нағыз данышпан немесе нағыз ақымақтың тап өзі!"

Паненканың соққысы ГФР қақпашысы Зепп Майерге мүлдем кері әсер еткен. Майер бұл жайлы ешқашан жақ ашпаған, көпшіліктің ол жайлы сұрағына да мүлдем жауап берген емес.

Кейін көптеген футболшылар осы стильде пенальти тепті, мәселен ЕУРО-2000 жартылай финалында италиялық Франческо Тотти Нидерланд қақпасына осылайша гол соқты. 2006 жылғы әлем чемпионатының финалында Зинедин Зидан Италия қақпасын осы әдіспен көздеп, есеп ашты. 2010 жылғы әлем чемпионатының 1/4 финалында уругвайлық Себастьян Абреу Гана қақпасына шешуші пенальтиді осылай енгізді. 2020 жылы 1 шілдеде Лионель Месси өзінің карьерасындағы 700-ші голды "Атлетико Мадрид" қақпасына осылай соқты. 

 

 2017 жылы 11 маусымда  ӘЧ-2018 іріктеуіндегі Белградта, баяғы Паненка тарихи пенальтиді соққан Райко Митич стадионында Сербия - Уэльс кездесуі өтеді. Осы ойында уэльстік шабуылшы Аарон Рэмзи пенальтиден дәл солай гол соғады. Матчтан соң Рэмзи өзінің сұхбатында Паненка стиліндегі пенальтидің тарихы дәл осы стадионнан басталғанын мүлдем естімегенін айтады.