"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға"

"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға"
жеке
блог
Канагатова Айдана Ильясовна, Уматова Жанна Максутовна жетекшілігімен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, e-mail: idanka.kz@gmail.com
Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады
Ахмет Байтұрсынов
Ұстаздық жолда шәкірт бойына мұғалімнің ізденісі, біліктілігі, жан-жақтылығы, құзіреттілігі үлкен нәр беретіні айқын дүние.
Өзім гуманитарлық пәннің мұғалімі болғаннан соң ба екен, алдымда отырған әрбір оқушымның бойындағы мүмкіндігін шектемей, шығармашылық тұлғаға айналдыру мақсатында үнемі ізденіс үстінде боламын. Өйткені, мен үшін шәкірт жүрегіне жол табу, оның бағбаны боп баулу ұстаздық шыңның асқары болып саналатыны сөзсіз...
Мүмкін, ұстаздық жол сонысымен де құнды шығар. Өйткені, көп мамандықтардың ішіндегі жан-жақты білімділік пен икемділікті, шеберлікті пен шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететіндігі де біздің кәсібіміздің ерекшелігінде екендігінде дау болуы мүмкін емес.
Кез-келген шәкірт сенің алдыңа келгенде, үйренсем деген үлкен арманның жетегінде келеді. Оны қанаттындырып, өмір сатысында өз білімін жүзеге асыратындай тұлға етіп тәрбиелеу – қазіргі педагогтің басты мақсаты. Сондай-ақ, бүгінгі таңда әрбір ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат,экономика кеңістігіне шығуға, бәсекелестік жағдайда өмір сүруге тәрбиелеуде орасан еңбек етуді ұғынуы қажет. Сол қажеттілік білікті мұғалімнің жаһандану дәуірі екенін көздеп, әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде білімді пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз ететіндей шәкіртті баулуын талап етеді.
Елбасымыз: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады»,- деуі де орынды.
Қоғам талабына сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар ұрпақ тәрбиелеу қазіргі заман мұғалімнің басты міндетіне айналуда.
Мұғалім өз мамандығын таңдауда қателеспеу үшін, ең алдымен, баланы құрметтеп, оның адамгершілік қасиетіне нұқсан келтірмей, ар-ұжданын, жасына қарамай сыйлау, құрмет тұтуды көздейді. Оның шәкірт алдындағы беделі осы қаситтерді біліктілігімен ұштастырғанда ғана жүзеге асады. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі»,-деген болатын Ыбырай атамыз. Демек, ұстаз - әр баланың жан-дүниесін танып білуші, әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі. Мұғалім - барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Оқушыны субьект ретінде қарастырып, оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, қалыптастыру,білім мен тәрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау - бүгінгі таңдағы мұғалімнің кезек күттірмейтін мәселесі десек қателеспейміз...
Мұғалімнің терең дүниетанымын ұлы химик Д.И.Менделеев былай түсіндіреді: «Мектеп - халықтар мен мемлекеттер тағдырын айқындайтын алапат күшке ие» Әрине, ол алапат күш - тәуелсіз еліміздің болашақ тағдырын тәрбиелейтін қазіргі заман ұстазынан өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігін талап ететіні белгілі. Осы орайда, «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген халықтың нақыл сөзінің жаны бар сияқты көрінеді. Себебі, мұндай талапты орындау - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялдың иесіне ғана тән қасиет. Меніңше, ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болумен қатар, оқушы психологиясын зерттеген маман болуы қажет деп ойлаймын.
Қазіргі заман мұғалімі - рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Мұғалімнің кәсіби білігін шыңдаудың үздіксіздігі оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі және өзіндік жеке педагогтік тәжірибесінің дамуының алғышарты болып табылады. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, практикалық қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог-педагогтік диагностика қоя білетін іскер мұғалім қажет. Жақсы мұғалім - қай кезде де, ең алдымен, кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі болып есептеледі.
Мұғалім - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйгенде ғана жетістікке жетеді. Өз мамандығының қас шебері бола алады.
«Педогогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі» деп көрсеткендей, өз ұстаздық жолымда оқушыларға әдебиетті сүйюге мүмкіндік бердім. Үнемі шәкірттеріме «Әдебиет - өмір айнасы»,- деп белгілі қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің майталманы Ғабиден Мұстафиннің сөзін тілге тиек етемін. Оларды өз тілін құрметтеп, әдебиетін оқып, талдай білгенде ерекше сезім иесі болатынын түсіндіріп отырамын. Әдебиетті сүйген адамның мейірімге толы жүрегі талай ағаттықты кешіре білетін кішіпеіл жан бола алатынына көзін жеткіземін.
Саралай білетін әрбір мұғалім бүгінгі таңда мектептегі жеткіншектерге білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізетіндігімізді жақсы біледі. Өйткені, ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше, бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, парасатты ұрпақ тәрбиелеуде өзіміздің де білімімізді үздіксіз көтеріп, қоғам жаңалықтарынан тыс қалмауымыз үшін үнемі іздене отырып, шәкірттеріміздің қиындықтың тасасында қалып қоймауын қадағалап, олардың білікті,бәсекелестікке сай азамат болуын қамтамасыз ететін біліммен қаруланған ұстаз болуымыз керек.
“Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады” деп К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі таңда педагог кадрлардың негізгі мақсаты мен міндеттері – сабақ сапасын көтеру, оның түрлерін жетілдірудің жолдарын іздеу, іздене отырып оқушылардың пәнге қызығушылығын және танымдық ізденімпаздығын арттыру. Білім беруде көптеген жаңашыл әдістердің қызметін, мазмұнын, қолданылу алғышарты, оқушыларды бағалаудың дәстүрлі түрі мен қалыптастырушы бағалаудың айырмашылығы, мектептегі көшбасшылықтың түрлері мен қасиеттері, мектеп мәдениеті, эволюция, коучинг, желілік қоғамдастық, SWOT, SMART, іс-әрекетті зерттеу түрлері мен тізбектелген сабақтар топтамасының /Lesson Study әдісі/ соны ойлауы мен өзекті мәселелерді іздеу жолдары, пайдалану негіздері жаңаша мазмұнның көрнекті жемісі. Елімізде педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстары Деңгейлі Бағдарламалар бойынша жүргізілуде. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның мақсаты:экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту,білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.Сондықтан да қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі-жастарға сапалы білім беру.Осы бағытта жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып,шығармашылық әлеуетінің дамуына кеңінен жол ашу қажет болды.
Ал қазақтың ақыны, педагогиканы жақсы меңгерген Мағжан Жұмабаев былай деген болатын: «Бала ешуақытта іссіз отыра алмайтын болғандықтан балаға ылғи пайдалы іс беріп отыру керек. Сол уақытта бала өмір бойы пайдалы іске әдеттеніп кетеді.»
Қазіргі заман талабына сай Кембридж тәсілдерінің мұғалімдерге оқытылуы – ертеңгі күннің жемісі. Өйткені Кембридж оқуының модульдері оқушыға жай ғана білім беріп қоймай, оны дамыта оқытып, игерген білімін өмірде қолдануға бағыт – бағдар береді.
Қазақ педагогикасының негізін салушылардың бірі, жазушы- Ж.Аймауытовтың «Ел түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек. Өзгеріс дегеніміз – жаңа тәсілдер. Ол өзгерістер мұғалімге де, оқушыға да оң нәтижесін беруі керек» деп тұжырымдап жеткізуі бекер емес.
Сондықтанда әрбір мұғалім заман талабына сай өзгеруді өзінен бастап, жаңа форматттағы бағдарламаны игере отырып оқушының біліктлігін арттыруға кең жол ашуы керек. «Мұғалімнің қандай екенін білгің келсе, шәкірттеріне қара»,- деп Әл-Фараби айтқандай, шәкіртімізге өзімізге қаратып бой түзетейік.
«Мұғалім - мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі», - деп ұлы педагог А.Я.Коменский тұжырымдағанда, мұғалім қашанда берекелі істің, ғылым мен ілімнің, заман ағымымен жарысып келе жатқан ұлы көштің иесі.Сондықтан да әрбір мұғалім өз жұмысының шебері болуымен қатар,оқушылардың алған білімін өз өмірінде орынды пайдалануына мүмкіндік жасауы қажет.
Белгілі педагог А.С.Макаренко айтқандай, «Адамды тәрбиелеу – демек,оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу». Келешегіміздің тағдырын бүгін ойлайтын ұстаз болуды көздеген болсам, бүгінгі біраз жылдық тәжірибемнен ой түйе отырып, өз шәкірттерімнің нәтижесне көз жеткізе отырып, қазіргі заманның мұғаліміне лайықпын деп ойлай аламын. «Жапырақ тамырынан нәр алады» деген халықтың сөзін растай келе, ұрпағымның нәрлі болуы мұғалімінің мықтылығы, біліктілігі дер едім.