• 451.15
  • 503.11
  • 4.94

«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын»

«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын»
жеке
блог

Ғаламшарымызда адамзаттың рухани жетілуіне, ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, әлем әдебиетінің ортақ кейіпкерлері ретінде танылған тұлғалар жетерлік. Атап айтар болсақ, Қытай дегенде Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Түркі әдебиетінде Мевлана бірден еске түседі. Әлемдік мәдениетте Абайдың мәртебесін  қаншалықты биік дәрежеде дәріптей алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата аламыз. Бүгінгі білім аясының жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс. Жаратушы құдірет жұмыр басты пендесіне жан мен тәнге қосып, ерекше ақыл дарытқан. Сол ақылды саналы түрде пайдалану туралы Абай атамыздың әр еңбегінде айтылып өткен. Демек, дәл қазіргі ғасырда біліммен сусындап, саналы түрде даму мүмкіндігінен айырылу ағартушы Абай ұрпақтарына тән емес.

Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай ағартушының еңбектерін ғылыми тұрғыда зерттеп, тәрбиелік мәнін талқылау мақсатында әлемдік пандемияға қарамастан еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы» мен Лев Гумилев атындағы Ұлттық университетінің «шетел тілі кафедрасы» бірлесе отырып 2020 жылдың қазан айында «Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты Республикалық ғылыми студенттік онлайн конференциясын өткізді.

Коференция барысында студенттер мен зерттеушілер қазақ, орыс, ағылшын, түрік және француз тілдерінде  Абай атамыздың еңбектерінің әр сөзінің түпкі мағынасы мен мәнің зерттей отырып, мақалаларымен бөлісті.

Конференция соңында ең үздік зерттеушілер анықталып, арнайы дипломдар табысталды. Атап айтар болсақ Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2 курс магистранттары А. Мамыр 2-ші дәрежелі дипломмен және С. Калдыбекова 3-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар үздік мақалалар сараптау нәтижесінде ғылыми конференция жинағына жарияланды.

Абай атамыз секілді әлем әдебиеті бейнесінің еңбектерін толық, жан-жақты зерттеп, оны әлем тілдеріне аудару арқылы әлемге паш ету үшін әлі де көп тер төгуге тура келеді. Осы тұрғыда лингвистер мен тарихшылардың бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс екендігі белгілі. Тарихты ұмытпай, мұраларды жете зерттеп, болашақ ұрпаққа сый ретінде қалдыру әр ұлт жанашырының міндеті. Біздің бүгініміз ертеңгі ұрпаққа тарих болса, біздің тарихымыз асыл мұра екендігін жадымызда сақтайық.

Ж.Күзембекова, ҚазҰУ доценті

                                                       А.Мамыр, ҚазҰУ магистранты

С. Калдыбекова, ҚазҰУ магистранты