Білім нәрін сусындырған білім ордасы

   Баршаңызға сәлем, құрметті оқырмандар қауымы! Бүгінгі айтқалы жатқан тақырыбым – өзімнің оқып, білім алып жатқан сүйікті университетім жайлы болмақ.

   Мен – біздің елімізде ғана емес, сондай-ақ дүниежүзіне әйгілі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде оқимын.  Мектеп кезінен-ақ болашақта шет тілі маманы болуды аңсап, табынды оқып, ата-анамның бітірген оқу орнына түсуді армандадым. Ұйқысыз өткен күндерді санай да алмаспын. Апта сайын жүргізілетін тестілеулерде алдыңғы қатардағы бестікке кіріп, әрдайым үздік нәтиже көрсеттім. Сонымен қатар, үйдегі бос уақытымда да қолыма кітап алып, ешбір мүмкіндігімді жібермеуге тырыстым. Нәтижесінде, отбасымның қолдауы мен қажырлы еңбегімнің арқасында бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілген грант конкурсына ілігіп, қалаған оқу орнымдағы шығыстану факультетіне, қытай тілінің  филологы мамандығына түстім!  

   Әрине, қытай тілі алғашқы күндерден бастап, маған оңайлықпен беріле қоймады. Көз жасымды тыя алмай, қолым талғанша жазған талай дәптердегі каллиграфия жазғаным әлі көз алдымда тұр. Ата-анам да маған түсінушілікпен қарап, басқа мамандыққа, басқа университетке ауысуды ұсынды, өзім де талай рет таңдауым жөнінде ойланып, өкінген кездерім де болды. Соған қарамастан, қосымша сабақтарға жазылуды ұйғарып, қытай тілін үйреніп алуға мақсат қойдым. Оқу барысында қытай тілі маған өзгеше жағынан ашылып, өзінің бойындағы тұнып тұрған қасиеттері мен ерекшеліктерін көрсетті. Мен Қытай мемлекетінің мәдениетіне, халқы мен тіліне қызығушылық танытып, үлкен зеректік таныта бастадым. Оқуға деген талпынысымды университет қабырғасындағы білім берген ұстаздарым да байқады.

   Қытай тілі меңгеріле бастағанда, алдымнан «Студенттік өмір» атты ғажайып әлем ашылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде студенттердің жан-жақты шығармашылықтарына, бойына түрлі таланттарды игеріп, оларды көпшілік алдында көрсете алуларына арналған көптеген іс-шаралар жүргізіледі. Университеттегі алғашқы күннен-ақ әрбір студенттің қызығушылықтарына байланысты түрлі организациялар ұйымдастырылған. Менің ойымша, оқу орнындағы осындай іс-шаралар студенттің әлеуметтік өміріне үлкен септігін тигізіп, жан-жақты дамуына керемет мүмкіндік береді. Өз басым, қытай тіліне, қытай мәдениетіне қатысты іс-шараларды, мейрамдарды ұнатамын. Әсіресе, Қытай Жаңа жылы мерекесі өте қызғылықты бағдарламамен өтеді. Сондай-ақ, университет қабырғасында Абай өлеңдерін қытайша оқу, қытай тематикалық жарыстары, қытай өлеңдерін мәнерлеп оқу сияқты түрлі жарыстар өткізіледі. Басты орындарға ие болатын оқушыларға басты жүлде ретінде Қытайдағы оқу орындарында тегін оқу мүмкіндіктері беріледі.

   Университеттегі білім алып жатқан үш жылдың ішінде басымнан талай-талай қызықты жайттар өткен. Мұғалімдермен түрлі түсініспеушіліктер де, сабақ барысындағы күлкінішкі сәттер де, бос уақытымыздағы топтағы студенттермен кафеге барып, ұзақ әнгіме-дүкен құрғанымыз туралы естеліктер өзіме өте ыстық. Сол күндерді қазіргі карантин кезінде қатты сағынамын. Басымыздан кешіп жатқан жағдай бұрын-соңғы болмаған жайт. Бірақ, соған қарамастан, бұл індеттің тез орайда қайтып, бұрынғы өмірімізге оралуымызды армандаймын. Жақын арада, университетімізге барып, ағайларымыз бен апайларымызбен кездесіп, сүйікті оқу орнына тезірек оралуымызға үміттенемін! Барлығыңызға зор денсаулық тілеймін, ауырмаңыздар!

Қытайтану кафедрасы, шетел филология мамандығының 3 курс студенті - Бекболатова Арна

Жетекшісі: Шарыпқазы Нұртәліп

 



Бөлісу: