Қолымыздағы алтынның қадірін білеміз бе?

   Уақыт — жан- жақты дамудың кілті. Алайда сол кілтті қалай жоғалтып алғанымызды кейде өзіміз де аңғара алмай жатамыз. Расында да, мына технологиялық мәдениет заманында жаратқанымыздың сый қылып берген жиырма төрт сағатының  жартысын әлеуметтік желідегі бос әңгімеге жұмсайтынымызды байқаймыз ба? Менің ойымша, күнделікті әлеуметтік желіні бақылау мен мал-мүлік жинауға кеткен уақытымыз  қамшының сабындай  ғана ғұмырымызды одан әрі қысқарта түседі.

   «Уақыттың бос өткені - өмірдің бос кеткені» деп келген қазақ қазірде экранға телмірумен өмірін өткізіп жатқаны жасырын емес. Әлеуметтік желілердің пайдалы тұстары болғанымен де, бұлар -  нағыз уақыт ұрлаушылар. Бұл сөзіме Темірбай Алмастың мына өлең жолдары дәлел:

           Өтірік сөзбен, өсекпен,
           Жастардың күні-ай бос өткен.
           Агентке кірер көзі ісіп,
           Ояна салып төсектен...

«Заман талабы» деп тіркелген желіні тек оң жағынан емес, теріс бағытта пайдаланатынымыз өкінішті. Оның орнына ғаламторды оқып-білмекке пайдалансақ, рухани дамып қана қоймай, елімізге бір пайдамыз тимей ме?

   Кей адамдар өмірдің мәні байлықта деген тұжырым жасап, бар өмірін алтын мен күміс жинауға сарп еткенінде нағыз жақұтты жоғалтып алғанын байқамай да қалады.
          Ойланып көрші, жарқыным,
          Керек пе қымбат алтының?!
          Өмірің қалса жарты күн,
          Уақытың қалса жарты күн?! ,- деген тармақтарда айтылғандай, санаулы күндеріміз қалса көл-көсір байлықтың қажеті қанша? Шын асыл —уақытты жоғалтқанда жанында түкке тұрғысыз алтынды жоғалтқандай қайғырмайтындығымыз қынжылтады.

   Дана Абай насихаттаған бес асылға асық болып, бес дұшпаннан қашық болғанда ғана уақытты тиімді пайдалана аламыз. Уақытты үнемді пайдалана білген Абай, Шоқан секілді данышпандардың жолын  ақпараттың дамыған, ғаламдық өркендеудің қазіргі сатысында қуғанымыз – қазағымның атын әлемге мәшһүр етуге қосқан үлесіміз деп білемін.

 

Абай атындағы РММИ түлегі 

Қажымурат Ақниет

 



Бөлісу: