Абай- әлемдік мәдениеттің тұлғасы

     Ғазиз ғұмырында қазақтың қамын жеген хакім Абай турасында таңды таңға жалғап айтсақ та жарасады. Мектеп қабырғасындағы мендей оқушылар Абай Құнанбайұлын ақын, ойшыл деп таниды. Расында, шығармашылығында ел мұңы мен тұтас дәуір бейнесін арқалаған алыпты біз қаншалықты жақсы танимыз?

     Әуелгі әңгіме ақынның қазақ мәдениетіндегі орны турасында болмақ. Тақырыпқа сай, Абай- әлемдік мәдениеттің тұлғасы. Бірақ, күллі әлем Абай арқылы қазақты танығаны хақ. Жаһандық әдебиетке бастар жол алдымен қазақ әдебиетіндегі еңбегімен өлшенсе, Абай Құнанбайұлы бұл ретте мол мұра қалдыра білді. Шығыс шайырларының туындыларына деген қызығушылық пен сөз төркінін терең түсіну-  ақынның бала күннен бойға сіңген әдеті. Оның балғын балалығынан дана ғұмырына дейінгі өмірін қамтыған Әуезовтың «Абай жолы»- хакім мен қазаққа қойылған жарқын ескерткіш. Біз дәл осы еңбек арқылы Абай мұрасымен, қазақ мәдениетімен, ұлт тарихымен етене таныстық. Демек, сөз ауаны Абайға ауғанда, бұл романды елемей кету- соқырлық болар еді.

    Заңғар жазушы “...қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ әлі де тереңдігі жойылмаған ескіні Құнанбай образына жинақтадым. Ал, Абайдың бойында енді туып келе жатқан жаңалық бар. Сондықтан, ақын Абайдың қалыптасуын көрсету арқылы үлкен қоғамдық шындықты- ескі мен жаңаның диалектикалық қарама-қарсылығын айшықтап, роман арқылы сол замандағы қазақ өмірінің көркем бейнесін ашуды көздедім” дейді. Иә, автор айтқандай-ақ, бұл эпопея өз биігіне көтеріліп, заманалар тоғысындағы қазақ бейнесін еркін ашып көрсеткен туындыға айналды. Абай өмір сүрген қоғамның өзекті тартыстары мен күрестерін, ізгілік пен зұлымдықтың шайқасын, көркем тұлғалардың өткендегісі мен бүгінгісін кеңінен қамтып, болмыстың екшелеген, жинақталған шындығын айту міндеті роман-эпопеяда зор шеберлікпен шешім тапты.

     Ақын шығармашылығына қайта ауыссақ. Қоғамда «Абай айтты»,- деген сөз сөздің төресі саналатыны жасырын емес. Көсем сөзгерлер мен шешендердің «әу» дегенде аузынан Абай шығады. Бұл мысалдан ойшылдың әр жазған-сызғанының терең астары, өмірлік философиясы, мәңгілік жан азығы бар екеніне көз жеткіземіз. «Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы». Белгілі әдебиеттанушы-ғалым Зәки Ахметовтың бұл ойы шындығында, менің абзац пікірімді түйіндеп тұрғандай. Абайдың терең мәнге толы мұралары заман ағымы ауысса да, өз маңызын жоймай келеді. Қалың қазақты бірлік пен татулыққа шақырып, пенделік істен алшақ жүруге баулыған ақын жаны өлеңдері мен қара сөздерінде айқын көрініс тапты. Ғұламаның ең кішісі- ұлт бейнесінен бастап, күллі адамзат ғұмырының, өмір мәнінің астарына бойлауы- оның философиялық қарым-қабілетін көрсетті.

«...Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың».

     Бір ғана шумақ, бір ғана мәтін. Бірақ, осы эмоциялық өлеңі арқылы елдің өткені мен келешегіне, үміті мен үзілген күдеріне тоқталды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп шын егілді, шын уайым жеді. Бұл ақынның ең әуелі, азаматтық парызын адал атқаруы, еліне ары таза ұл бола білуін көрсетіп отыр. Өлең мәтінімен толық таныс болсаңыз, Абайдың қазақ ортасындағы күндестік пен тиянақсыздықты, көрсеқызарлық пен билікке деген шексіз махаббатты ашық, уытты сөздерімен сынға алғанын білесіз. Анығына келгенде, ақын шығармашылығының ортақ концепциясы да осы мәнге сияды. Біз атаған философияның биік қазығы болған қара сөздерінде де қозғалатын негізгі тақырып- оның қазаққа деген махаббаты пен отансүйгіштігі, сауатсыз қоғамға деген жеккөрушілігі. Өлеңдері мен астарлы шығармаларында осыларды байланыстыра алған хакімнің мұрасы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймай отыр.

     Өз өміршеңдігін өлеңдері неге жоймады? Шындығына келсек, Абай шығармашылығы уақыттың, заманның төрелігіне бағынбайды. Адамзат болмысын өз тақырыбына арқау еткен Абай өнері керісінше, заман өтіп, уақыт ауысқан сайын құндылығын арттыра түсетіні бар. Шығармаларында рухани азғындықты, енжарлық пен жалқаулықты, сөзуарлық пен екіжүзділікті, мансапқорлықты, менмендік пен сатқындықты жазды. Жазып қана қоймай, осынау адам бойындағы моральдық-этикалық құндылықтар мен жұтаңдықтарды зерттеді, жаманнан жиренді.

     Байқасаңыз, Абай өлеңдері айрықша сөз қолданыстарымен ерекшеленеді. Бұл ретте ақынның сөздік қоры шығыс шайырларынан еш кем емес. Өлеңдері мен қара сөздері оның күрделі-шығыстық әдебиетте жазылғанына қарамастан, белсенді түрде аударылды. Анығырақ айтсақ, Абай шығармалары жалпы саны 30 тілге аударылса, «Абай жолы» романы әлемнің 116 тілінде жария болды. Бұл Абайдай ұлы мұрасы бар қазақ үшін зор мақтаныш.

    Қазір ақын өлеңдері мен қара сөздеріне тоқталып, талдау жасауымызға болар еді. Бірақ, бізсіз де бұл істі атқаратындар көп. Біздің міндет- Абайдың әлемдік тұлға екенін өздігімізше айқындау болатын. Жоғарыда айтылған дара туындылары, дара стилі, дара ойы арқылы Абай Құнанбайұлы жаһан мәдениетіне, шартарап ғылымына өлшеусіз үлес қосты. Өзі айтпақшы, «дүниеге кетігін тауып, кірпіш боп қаланды».

     Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»,-деді. Отыз төртінші қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі- дос»,-дегені тағы бар. Ғазиз ғұмырының соңы түңілумен бітсе де, ол арайлы таңның атып, күннің шығарына иманындай сенді. Тура жолға бастап, түзу із салды. Өркениет шырақшысы болды. Осы ізгілігі арқылы жалғыз қазақ емес, күллі ғаламға шуақ шашты, нұрын төкті. Абайдың әлемдік мәдениеттің дара тұлғасы екеніне еш күмән, қарсылық жоқ. Біз Құнанбайұлымен мақтанамыз, оқимыз, үйренеміз!



Бөлісу: