Тәжвирус және Қазақстан

Тәжвирус және Қазақстан
жеке
блог

   Елде және әлемде аса өзекті мәселеге айналған COVID-19 жаһан жұртшылығын дүрбелеңге салып қойды. Әлемді жайлаған індет Қазақстаннан аттап өтпеді. Дәл қазіргі мәлімет бойынша, елде коронавирус жұқтырғандардың саны 2135-ке жетті. Естеріңізде болса, мемлекет ауруды ішке кіргізбеу үшін Қытай Халық Республикасымен барлық әуе, көлік жолдарын жауып, тауар тасымалын тоқтатқан еді. Дегенмен, дерт Қытайдан емес, наурыздың 13-інде Германиядан келген екі жолаушыдан анықталды. Үш ай көлемінде тәжвирусты жолатпаған Қазақстан сол күннен бастап қандай шараларды қолға алды? Саралап көрейік.

     Елде вирус жұқтырғандар анықталғанға дейін, нақтырақ айтсақ, 12-наурызда Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының коронавирусты «пандемия» деп тануына байланысты, президент Қасым-Жомарт Тоқаев мынадай мәлімдеме жасаған еді:

     «ДДСҰ вирусты пандемия деп растады. Билік осы реттен бастап нақты шара қолдануға көшсін. Ел аумағындағы барлық іс-шаралар кейінге қалдырылсын. Тұрғындарды азық-түлік және негізгі көмек құралдарымен қамтамасыз етуде мәселе туындамауы тиіс».

     Ел басшысының мәлімдемесінен кейін республика көлеміндегі барлық кинотеатрлар, ойын-сауда орталықтары уақытша жұмысын тоқтатып, рәсімдер мен тойларды кейінге қалдырылу ұсынылды. Арнайы тапсырмада студенттердің 15-наурыздан бастап қашықтықтан оқытуға көшетіні және оқушылардың кезекті демалысқа ерте шығатыны айтылды. Ал бір күн өткен соң, шеттен келген 2 азаматтың вирус жұқтырғаны ресми түрде мәлім болды.

      Індетпен ауырғандардың саны 8-ге жеткенде Қазақстан Республикасының барлық аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет тарапынан қабылданған бұл шешім өз күшіне 16-наурыздың таңғы сағат 8-інен 15- сәуірге дейін жалғасатын болды.

     Әлемдік нарықта АҚШ долларының өсуі, Қытайдан шыққан вирустың жаһан жұртшылығын жайпап бара жатқаны кімге де болса әсер етпей қоймады. Осы жағдайды пайдасына асырып, халыққа теріс ақпарат таратқандардың саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Мемлекет бекіткен ережелерді сақтамай, жеке басы мен жақындарының денсаулығын қауіпке тіккен көпшілік осылайша вирусты таратып алды. Нәтижесінде, айналасы 15 күннің ішінде көрсеткіш 400-ден асты.

     Жалған ақпарат таратқандар мен қызметкерлердің жұмысына кедергі келтіргендер, провакация ұйымдастырғандар жауапсыз қалған жоқ. Ресми хабарға сүйенсек, мұндай теріс қылық көрсеткен 38 азамат жауапкершілікке тартылған.

     Шектеулер мен тыйымдардан басқа, билік қабылдаған негізгі шешімдер экономикалық сипатта болды. Себебі, бұл індет тек моральді тұрғыда емес, барлық мемлекеттің экономикалық әлеуетін әлсіретті.

     Айта кету керек, маска тапшылығы қоғамда қызу талқыланып, екі ортада пайда көремін деушілердің қатары ұлғайған еді. Осы мәселеге қатысты, наурыздың 18-інде бірреттік маскалардың құны 87 теңге, ал сапалысы 111 теңгеден аспауы керек деген шешім шығарылды.

     Мемлекеттік банктердің ішінде алғашқы болып Halyk Bank кредиттер бойынша айыппұл төлемін шегерді.   

     Өткен айдың 23-інде президент төтенше жаңдай кезінде белгілі бір санаттағы азаматтарға 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төленетінін айтқан еді. Бүгінде аталған көмекті алғандардың саны 20 мыңнан асқанымен, қалың көпшілік әлі де түсіне алмай әлек. Қазір #ҮйдеБолайық хештегі маңызын жоғалтып, көмекке мұқтаж жандар жергілікті әкімшілік пен халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезекте тұр. Жағдайдың жалғасып жатқанына бүгін 3-күн. Бұл бір сайтты қолданысқа енгізе алмаған билік өкілдері мен денсаулығынан қаражатты жоғары қойып отырған бұқараның қателігі.

     Қаражат демекші, нақты жүйеге түскен қолдаулардың қатарында әлеуметтік көмек тарату, зейнетақы мен жәрдемақыны 10%-ға көтеру бекітілді.

     Ел басына түскен бұл қиындықты әлі-ақ еңсеретінімізге сенім мол. Бірақ, тышқан жылында інге тығылған тышқандай халық қашанғы жатады? Азық бітеді, қор таусылады. Бұл ретте, тәртіпке бағыну- жалғыз шешім. Пандемияны төтенше жағдай енгізбей-ақ ауыздықтаған Корея, Жапония сынды мемлекеттерден үлгі алуымыз керек-ақ.

     Ал, биліктің дәрмені осындай шақта өз азаматтарын қаншалықты қолдайтынынан білінбей ме?

 

Автор: Мадина Оқас