"Сәт" тобы неге тарады?

"Сәт" тобы неге тарады?
жеке
блог

     Алты жастан бастап тай-құлындай тебісіп өскен Сапарбай, Азат жəне Тұрар алғаш рет республикалық өнер фестивалінде топ жарып, талайды мойындатқан еді. Мойындатып қана қоймай, тағдырына налыған талай жанға үлгі болды. «Сəт» триосы – қазақ өнерінде қолтаңба қалдырған өнерлі топ. Кезінде бірнеше əн жазып, бейнебаян да түсірді. Тыңдарманның есінде топ мүшелері бала кейпінде қалды. Қазір топ тарап, жігіттер жеке орындаушы болып жүр. Жақында сүйікті тобымыздың белді мүшесі, жас əнші Сапарбай Алтыбаймен əңгімелестік. Жаңа əн жазып, бейнебаян түсіріпті.

– Қазір өнер мен отбасымды қатар алып жүрмін. Екі қыздың əкесімін. Үлкен қызым ата-əжесінің қолында. Шығармашылығым да дамып жатыр. Өнер адамы болғандықтан отбасымның жанында көп бола алмаймын, – дейді жас əнші. – 2013 жылы Түркістан облысының Абай ауданында «Сəт» тобының шығармашылық кешін өткіздік. Сол кеште жарыммен таныстым. 2016 жылы отбасын құрдық. Ең басты жаңалығым – осы. Бізді елге танытқан – «Сəт» триосы. Топтағы жігіттермен бір сыныпта оқыдық. Шымкент қаласындағы зағип балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының түлегіміз. Бастауышта оқып жүргенде музыкадан берген Тамара апайымыз өнерге баулыды. 2006 жылы топ құрылды. Сахнаға шыққан əр қадамым есімде. 2009 жылы 29 қазанда үлкен кеш бергенімізді де ұмытпаймын. Бұрынғы продюсеріміз Нұржан аға топ құру туралы шешімін айтты. Біз бірден келістік. «Өнерден қол үзіп қаламыз ба?» деп қорықтық. Уақытымыздың тығыздығына қарамастан, бір айдың ішінде 12 өлеңге əн жаздырып, екі клип түсірдік. Өнерде жүрген аға-əпкелеріміз жақсы түсінеді, мұны рекорд десем қателеспейтін шығармын. Əли Бектаев ағамыздың сөзіне жазылған «Нұр-аға» жəне Айжігіт Асановтың «Аққан жұлдыз» əнін жаздырдық. 2017 жылы топты тараттық. Алдымен Тұрар денсаулығына байланысты топтан кетті. Кейін Азат екеуміз де жеке əнші болғымыз келді. Жеке орындаушы болып, өнер көрсетіп жүрміз. Жақында жеке əн жаздырып, «Вечер» əніне бейнебаян түсірдім, – деп сүйіншіледі Сапарбай.

Жас əншінің өнерге деген талғамы биік. Əн жазумен бірге, бірнеше аспапта ойнайды. Талай кеште өнер көрсетіп үлгеріпті.

– «Ямаханың» тілін білемін. Жақында гитара тартуды үйрендім. Басқа стильде əн айтқым келеді. Болашақта терме айтып, рэп оқимын. Патриоттық əндер жаздырғым келеді. Əнші болсам да, əнді көп тыңдамаймын. Қазір Димашпен теңесетін əнші болмай тұр ғой. Сол ағамыздың жанкүйерімін.

Бұрынғы шырқаған əндерді сағынамын. Мұқағали ақынның сөзіне жазылған «Көнеміз ғой» əні бізді елге танытты. Əлі күнге дейін той-томалақ, жиындарда сұрайды. «Сəтте» жүргенде жетістігіміз көп болды. 2008 жылы Астанада өткен республикалық «Жұлдыз-ай» байқауында, Санкт-Петербургте өткен халықаралық «Кастальский ключ» байқауында бас жүлде алдық. 2009 жылы Шымкентте өткен «Балауса», Көкшетау қаласында өткен «Балдəурен» байқауында топ жардық. Ал 2010 жылы «Сəттің» «Көнеміз ғой» əні қазақ эстрадасындағы үздік туындылардың бірі атанып, топ мүшелері «Ең үздік əнші» атағын иелендік. Қазір жеке-дара орындаушы болсақ та, сол жеңісті күндерді сағынамыз. Достығымыздың іргесі сөгілмеді, – деп өткен күндерді сағынышпен еске алды.

Зарина ИГЕНОВА
Қарағанды облысы