Сұлулығы сор болып жабысқан қыз

Сұлулығы сор болып жабысқан қыз
жеке
блог

  Бір қызды білуші едім. Жақыннан білмесем де, сыртынан білемін. Өте әдеміше келген сұлу қыз. Мінезі де ашық жарқын. Кез келген жанмен әңгімелесіп кете береді, жатырқауды білмейді. Иә, ол жігіттердің арманы болатын. Ондай сұлуды қай жігіт болса да уысына түсіргісі келеді емес пе. Қашан көрсең жігіттердің әлек болып жүргені, қыздың қасында. Мақпал мағанда ұнайтын. Мінезі ұнайтын. Ашықтығы.  Бірақ, оның артынан жел сөз де көп есіп тұрды. "Не дейсің, жүргіш екен", "Пәленшенің қызы мынадай екен" деген сықылды сөздер ел аузында болды. Ол ешкімді тыңдамады. Қашан көрсең жайдары жүзі. Бірақ, жұрттың аузына қақпақ бола алмайсың. Елдің аузындағы сөз әсер етсе керек, әлде бақытты өмірге асықты ма, ол жағын пайымдамадым, Мақпал мектеп оқып жүргенде бір жігіттің қолынан ұстап
күйеуге кете барды. Ол үлкен өмірге ерте асықты. Небәрі 10 сынып. Қуыршақ ойнайтын жаста еді. Енді тұрмыста. Жел сөз тағы гу ете қалды. Қыздың артынан тағы да сөз ерді. Бұ жұрт дегенді қойсаңшы, "не дейсің, пәленшенің қызы сондай да сондай",  "түгеншенің баласына кетіпті".

  Арада біраз уақыт өтті. Мақпал да өз орнын тапса керек, ел аузындағы әңгіме саябырсыған. Бұрынғыдай емес. Теңін тауып бақытты болса болды емес пе деп жүре бердім. Ол туралы ара-тұра естіп тұрдым.

  ...Бір жылдай уақыт өтті.Жел сөз тағы шықты, бір күні. Мақпал күйеуден қайтып келіпті деген, өсек ел ешін тағы да аралап кете барды. Үй жағынан өтіп бара жатып байқадым, шынында ол үйінде жүр екен. Бәз-баяғы қалпы. Жайдары, қыз күніндегідей құлпырып жүр. Бірақ, реңі кішкене солғындау сияқты еді сонда. Сол уақыттарда ерінбегеннің аузында Мақпал жүрді. Ана жігітпен жүр екен, түгеншенің баласымен көрдім деген сынды сөз көпшілік арасына тез-ақ тарап кетті. Сорлы қыз елдің әңгімесіне айналды. Солай жүргенде, суыт хабар келіп жетті бір күні. Мақпал өзін асып қойыпты... Тағы да гу-гу...

Эпилог орнына. Бұл өмірдегі жан жарасы мен тән жарасына шыдай алмаған пенде, көр азабы мен ақырет азабына қалай шыдамақ...Иманның әлсіздігі ғой