Сауапты іске бастау болған батырлар

Сауапты іске бастау болған батырлар
жеке
блог

Желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл-қыздардың батырлықтарын ешуақытта ұмытпау келер ұрпақ үшін өте маңызды. Сонау 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ тарихында өшпес із қалдырғанын жақсы білеміз. Бірақ сол атойлаған жастық шағын ел тәуелсіздігі үшін құрбан еткен батыр қыздар мен ұлдарымызға құрмет өз деңгейінде жасалып келеме?- деген сұрақ әлі толықтай жауабын таба алмай келеді.

Дегенімен де бүгінде ортамызда жүрген желтоқсан оқиғасының қаhармандары өз белсендігімен ұлтымыздың егеменділігін жеңіп алу жолында жанын құрбан еткен батырларын ұмыттырмай игілікті іс- шаралармен еске алып қоғамға қозғау салып келеді. Мысалы, "Патриоттық қозғалыс" Желтоқсан ақиқаты"- республикалық қоғамдық бірлестіктің белсенді жұмыстары мақтауға тұрарлық деп айта аламыз. Нақтырақ айтсақ, қоғамда өткенді ұмыттырмай желтоқсандықтардың басын қосып жан қуантар жақсы шараларды жасау арқылы ел алғысына бөленуде.

Бүгін айтулы ұйым айырықша бір шараның ұйытқысы болды. Бұл спорттық шара желтоқсан оқиғасының құрбандары, Ләззат Асанова, Сабина Мухаметжанова және Шолпан Жүмәділова сынды қазақтың батыр қыздарын еске алуға арналған волейболдан дүбірлі жарыс еді. Айтулы турнир ардагерлер арасында өткендіктен кешегі бозбала мен бойжеткен бүгінде самайын ақ шалған аға, апайлар сын алаңына шығып күн ұзақ жеңіс үшін тартысты ойындар көрсетті. Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген - демекші, кезінде ұшпа допты ұршықша иірген ардагерлердің ойын шеберліктері жақсы көрініп-ақ тұр.

Жылдар ұрлап алған жастарын әрине әрине қайтара алмассың, десек те жүрегі жас желтоқсан қайраткерлерінің тартысты ойындары көрермендерді тәнті етті. Осындай ғимарат спорт кешенін желтоқсандықтарға тарту етіп, қолдау көрсеткен Абай атындағы Қазақ ҰПУ басшылығына барша қауым ерекше рахметтерін жеткізіп жатты. Турнирдің ашылуында есте қалар бір сәт шейіт болған батыр қыздарымызды бір минуттық үнсіздікпен еске алу болды. Сосын марқұмдардың рухына арналып құран бағышталды. Мұндай сауабы зор амалды жарыс бағдарламасына кіргізген ұйымдастырушыларға көпшілік ерекше риза. Осы жарысқа арнайы шақырылып елден келген Ләззат Асанованың анасы қызының әруағына арнап жасап жатқан осындай игілікті спорттық шараны ұйымдастырушыларға аналық ақ батасын беріп, зор алғысын білдірді.

Нұрдәулет Жайнақов пен  Құсайынов Сембек секілді елдің атқамінер азаматтары, желтоқсан оқиғасының қаhармандары Алматы облысы Жаркенттен келген Ләззаттың анасына  Асанова Алтынай Қауметқызына  қаржылай сый тарту етіп, көптің қошаметіне бөленді. Сонымен, таң азаннан басталған жарыс күн еңкейе барып мәресіне жетті. Қатысуға ықылас білдірген команда арасында тіпті Есік елді мекеніненде бір команда келіп өнер көрсетті. Сонымен ойын алаңында жеңіс жолында бар күш-жігерін салған алты команданың ішінде, топ жарып бас жүлдені Абай атындағы Қазақ ҰПУ командасы жеңіп алды. Екінші орынды, Алматы іргесінен келген ,,Есік’’ командасы иеленсе, осы жарысқа мұрындық болған ПҚ "Желтоқсан ақиқаты"- республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев бастаған қалалық төрағаның орынбасары, спорт секторы  Ермек Айтуаров, Ғани Қалмақбаев қоштаған шебер ойыншылары тамаша ойын өрнектерімен қола жүлдені жеңіп алды. Сонымен бірге осы жарыста ерекше ойындарымен көзге түскен үздік ойыншылар ұйымдастырушылардың әзірлеген бағалы сый- құрметтерімен марапатталды. Олардың арасында үздік үйлестіруші атағына ,,Қарғалы’’ командасының белді ойыншысы Сайфудин Шамсутдинов ие болды. Және де турнирдің үздік қорғаушысы мен үздік шабуылшысы номинациялары бойынша Айгүл Ибрагимова мен Ертай Әбеуов сынды саңылақ ойыншылар лайық деп танылды. Сонымен бірге осы жарыста жан аямай өнер көрсеткен Жетоқсан қыздар командасының ойыншыларының көпшілгі назардан тыс қалмай ПҚ "Желтоқсан ақиқаты"- РҚБ атынан мақтау қағаздары мен бірге мерекелік хош иісті гүл шоқтарымен марапатталды.

Күні бойы өткен жарысты хаттамаға түсіріп, қатысушылардың алғысына бөленген ПҚ "Желтоқсан ақиқаты"- РҚБ қаржы бөлімінің басшысы Ізбасар Мұсабаев пен заңгер Гүлім Өзбековалардың еңбектерін екшеп айта кеткен орынды болар. Ия, осындай аламан сынды ұйымдастыру оңай шаруа емес. Көпшіліктің көңілін тауып, жауапты істі тянақты атқару нағыз өз ісіне берік, алғыр азаматтың ғана қолынан келері сөзсіз. Осы орайда айтулы турнирдің өте жоғары деңгейде өтуіне ауқымды үлес қоса білген жан, желтоқсан оқиғасына қатысушы, ҚР Журналистер Одағаның мүшесі,С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Ақын Ордабайұлына айырықша атай өткен артық болмас деп ойлаймын. Белгілі спорт қаламгерінің жарысты  ұйымдастыру қабілеті мен сәтті өткізудегі  жоғары біліктілігіне қарап ерексіз риза боласың. Танымал журналист спорт десе ішкен асын жерге қоятындығы бір бөлек, ұлтжандылығы мен адамгершілігіне қарай отырып, шіркін сені туған анаңнан айналдым деуге болады.

Сонымен тартысты өткен жарыстың жабылу сәтінде құрметті қонақтың бірі, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Абай атындағы Қазақ ҰПУ денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Ерғали Мұхитдинов өз сөзінде; "Желтоқсан оқиғасына катысып шейіт болған батыр қыздарымызды осындай спорттық шара арқылы еске алу көпке үлгі деп білемін. Сондықтанда бұл жарыстың дәстүрлік сипат алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді"- деген жүрекжарды ойын білдіре кеткен еді. Жарыс осылайша мерекелік көңіл-күймен аяқталып, қатысушылар мен желтоқсандық қайраткерлер  қоштасып кете алмай, бір-бірін қия алмай көпке дейін тарқамады.  Расыменде өлі разы болмай, тірі байымайды,-демекші, батыр қыздарымызды еске алып  ұмыттырмайтын осындай сауапты шараның жалғасын үзбеуін шын жүректен менде тілер едім.

Әлібек БАЙБОЛ