АРҒЫН & ARGYN

АРҒЫН & ARGYN
жеке
блог

     Лондон олимпиадасында бокстан 9 ер, 2 қыз ел намысын қорғайтыны белгілі. Қос бұрымдының бірі Марина Волнова болса, екіншісі елімізде қыздар арасында тұңғыш болып олимпиада жолдамасына қол жеткізген Саида Хасенова. Саида 1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 15 жасынан бастап каратэ, кикбоксинг, тайбоксингпен айналысқан ару 2005 жылы бокстан бағын сынады. Нәтижесі жаман емес, еліміздің 6 дүркін чемпионы, ал 2010 жылы Азия жеңімпазы атанды.

      Саида Олимпиадаға жолдаманы Қытайда өткен әлем біріншілігінде 63 қыздың ішінен үздік сегіздікке кіру арқылы иеленген болатын. 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын арудың отбасы да спорттан кенде емес. Анасы Ләззат жас кезінде шаңғымен айналысса, әкесі футбол, волейбол командаларында ойын көрсеткен. Ал ағасы мен әпкесі басқа саланы тізгіндеген. Үйінің кенжесі Саидаға әкесінің артар сенімі мол.

      Қазірде спортшыларымыздың Лондон олимпиадасының ашылу салтанатына киетін киім үлгісі де дайын. Бұл киім ұлт намысын қорғайтын Саиданың тағамына сай болып шықты. Олимпиада қарсаңында спортшы қыз екі мезгіл жаттығу жасауда, әрине қарсыластарынан оқ бойы озық болу үшін төгілген тер де мол болу шарт. Жүрегінің түгі, білегінің күші бар спортшылар ғана әлемдік ареналарда көк туды желбірете алады. Ал көк туды желбірету талмай жасаған жаттығудың жемісі.

       Бейжің олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаевтың алтыннан алқа тағуына зор үлесін қосқан жаттықтырушы Кәрім Махмудов қазірде Саиданы жаттықтыруда. Әрине, Бақыттың жеңісін осы шәкіртінің  қайталайтынына сенімі мол. Бокстан олимпиадаға жолдама алған тұңғыш қазақ қызының жеңіс тұғырынан көрінетініне үмітіміз мол. Шаршы алаңда ширақ қимылдай білетін Саида сол үмітті ақтап, Лондон төрінде әнұранымызды шырқатады деп сенейік.

P.S: Тақырыпты не үшін " АРҒЫН & ARGYN  " деп қойғаным түсінікті деп ойлаймын))

Арғынның айтары осы....